Аймақтар • 11 Сәуір, 2020

Меркі ауданында бас дәрігер мен қызметкерлері қызметтен босатылды

1038 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Жамбыл облысы, Меркі аудандық орталық ауруханасының инфекционист дәрігері Толқынай Ордабаева әлеуметтік желіге жазба қалдырып, өз жазбасында басшылардың кесірінен өзіне коронавирус індетін жұқтырып алғанын, бүгінде ем алып жатқанын айтқан болатын. Ол аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жаңыл Шойбековадан денсаулығына байланысты жұмыстан сұранғанын, алайда оның жібермей қойғанын, сөйтіп карантиндегі адамдарды емдеумен айналысқанын айта келе, тағы да бірталай мәселе көтерген еді.

Меркі ауданында бас дәрігер мен қызметкерлері қызметтен босатылды

Осы мәселенің анық-қанығын тексеру мақсатында кеше Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев төрағалық ететін комиссия құрылған болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған арнайы комиссияның құрамында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, прокуратура органдарының, облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, қоғам және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бар.

Бүгін Ержан Жылқыбаев Меркі аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерімен және аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында медициналық мекеме қызметкерлерінің шағымдары бойынша жүргізілген тексерудің қорытындысы белгілі болды. «Комиссия аудандық аурухана жұмысының, оның ішінде дәрігерлер Толқынай Ордабаева мен Қаламқас Төреқұлдың өтініштерінде көрсетілген фактілер бойынша тексеру шараларын жүргізді. Көптеген мәліметтер расталды. Ұжымда жағымсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқан десек, оған бірінші кезекте емдеу мекемесі басшылығының өз кәсіби міндеттеріне жауапсыз қарағандығы себеп болған», деді Ержан Жылқыбаев.

Жол берілген заңсыздықтар үшін аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Данияр Нүсіпбаев, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Жаңыл Шойбекова және бас есепші Замира Мұқаева қызметінен босатылды. Ержан Жылқыбаев өз сөзінде тексеру материалдары тиісті шаралар қабылдау және қарау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол жаңадан тағайындалған аурухананың бас дәрігері Райқұл Нұржановты таныстырып, оған орын алған заңбұзушылықтарды жою және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды қалпына келтіру бойынша маңызды міндеттер жүктеді. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мәселелері ерекше бақылауда екенін жеткізді. Алдағы уақытта да оларды қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, жұмыстағы қауіпсіздік шараларын нығайту және материалдық қолдау үшін барлық мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, Ержан Жылқыбаев дәрігерлер Толқынай Ордабаева мен Қаламқас Төреқұлдың қандай да бір заңсыз іс-әрекеттерден қорқуына негіз жоқ екенін, олардың облыс басшылығының тікелей бақылауында болатынын айтты. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының және аудан әкімінің де жеке жауапкершілігі туралы мәселе қарастырылатын болады. Естеріңізге сала кетейік, аталған мәселе бойынша әуелі аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы Данияр Нүсіпбаев пен осы салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасары Марат Қасым Nur Otan партиясының партиялық жауапкершілігіне тартылған болатын. 

Жамбыл облысы