Аймақтар • 12 Сәуір, 2020

Алматы облысында 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек 101 300 адамға тағайындалды

242 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алушылар тізімі кеңейтілді. Соған байланысты осы әлеуметтік төлемді алатындар саны да күннен күнге артып келеді. ТЖ кезінде қаржылық көмекті тек бұрын ресми жұмысы болғандар ғана емес, өзін өзі жұмыспен қамтығандар да ала алады. Аудандық және қалалық штабтар демалыссыз күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 10 сәуір күнгі мәлімет бойынша, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекке 328 мыңнан астам адам өтініш берген, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алматы облысында 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек 101 300 адамға тағайындалды

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, барлық өтініштерді аудан, қала әкімдіктері «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-мен және ӘСМҚ-мен бірлесіп қарастыруда.

10 сәуірдегі мәлімет бойынша, әлеуметтік көмек 101 300 адамға тағайындалды.

Өтініш беру механизмі барынша оңайлатылған: ешқайда барудың керегі жоқ, азаматтардың өздеріне қолайлы болуы үшін өтінішті бір ғана электронды форматта беруіне болады.  Алматы облысының тұрғындары әлеуметтік төлемді алу үшін: 

- «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы;

 -  42500 Enbek.kz сайты арқылы;

  - әрбір өңірге жасалған телеграмм ботында мына сілтеме арқылы берулеріне болады: -https//t.me/ AlmaObl42500Bot.

Тегін азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар берілетін азаматтар санатының тізімі де кеңейтілді.

Алматы облысы бойынша 2020 жылы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 27 млрд 589 млн теңгеге (соның ішінде 18 млрд 117 млн теңге АӘК пен кепілді әлеуметтік пакетке, 9 млрд 472 млн теңге басқа да көмектерге) 308 мың адам қамтылған (соның ішінде 144 мыңы АӘК алушылар, 189 мыңы көмектің басқа түрлерін алушылар),

Азық-түлік алатындар тізімін кеңейту аясында 10 сәуірде алушылар контингенті 94 019 адамды құрады, соның ішінде  6 мен 18 жас аралығында 2 521 бала, 16 жасқа дейінгі 7 721 мүгедек бала, 4 073-і - 1-топтағы, 19 297-і - 2-топтағы, 18 922-сі - 3-топтағы мүгедек жандар, мүгедек балаға қарап отырған 8 445 ата-ана,  жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген 13 040 жұмыссыз бар.

Бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы 6 мен 18 жас аралығындағы 22 521 бала дербес шотына 2 АЕК көлеміндегі жалпы сомасы 120,5 млн теңге болатын қаржы қаражатын аудару жолымен азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай «Birgemiz» қоғамдық қорынан халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарының карталарына 50 мың теңгеден аударыла бастады. Сонымен қатар Елбасы бастамасымен «Nur Otan» партиясымен бірлесіп «Birgemiz» акциясының аясында 3 мыңнан астам аз қамтылған отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетіледі.

«Биылғы жылдан бастап АӘК алушы отбасыларға 1 мен 6 жас аралығындағы балаларға кепілді әлеуметтік пакет (КӘП) түріндегі қолдаудың қосымша шаралары енгізілді. Жыл басынан бері КӘП-ны 6 мыңнан астам отбасы алды, мұнда 13 700 бала қамтылды. Кепілді әлеуметтік пакет осы айда да беріледі. Сонымен қатар жыл басынан бері АӘК 12 026 отбасыға тағайындалған», - деді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Ілімжанова.