«Жастар жылы» аясында ашылған театрдың алғашқы аяқ алысы жайында «Егемен Қазақстан» газеті арқылы таралды. Соның арқасында өзге аймақтарда осындай өнер ұжымдарының бас көтеруіне үлгі бола білді. Театр труппасы құрылғанына көп ұзамай-ақ Ақтөбе қаласының 80 жылдығына арналған «Балауса» халықаралық фестиваліне қатысып келеді. Қатысып қана қоймай ол жерден қала әкімінің сыйлығы мен арнайы номинациясын жеңіп әкелген. Келгеннен кейін бүгінгі күннің маңызды мәселесі - балалардың смартфонға тәуелділігін ашып көрсететін «Асқар мен асық» атты ертегіні сахналауға кірісті.
Театр труппасының негізгі құрамы Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінің студенттерінен жасақталған. Сәйкесінше ұжымдағы колледж студенттері оқу бітірген соң ірі қалалардағы өнер ордаларына оқуға түсті. Біразы әр өңірдегі театрларға жұмысқа орналасты. «EL Jastar» театрының жастары өз жолдарын тауып, өнер жолындағы биік мақсаттарымен, асқақ армандарына жол тартқаны қуантады.
Театрдың арт-директоры Хәкім Хасанбай мен көркемдік жетекшісі Фархадбек Канафин намысқа тырысып, биыл оқу жылы басталысымен тағы да сол колледж студенттерінен іріктеп, жаңа труппа құрып шыққан. Биылғы жылды Абай жылы деп белгілеген сәттен бастап ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында перформанс жанрындағы «Жастықтың оты, қайдасың?!» атты спектаклі дайындалған. Тіпті Көкшетаудағы Абай жылы ақпан айының басында осы қойылыммен ашылыпты.
Бұл қойылымға үш ай уақытын сарп еткен қос маманның еңбегі зор. Осындай кезде жоғарыда аталған мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызы қол ұшын беріп, қолдау танытқан. Ол колледж қабырғасында оқитын талантты жастардың ұйымдасып, үлкен іске білек сыбана кіріскенін көген соң, дайындалуларына барынша жағдай жасаған. Сахна, костюм, балетмейстер, дыбыс, жарық операторы да сан қырлы маман даярлайтын осы колледжден табыла кеткен. Премьераға келген ел ағалары жастардың өнерге деген махаббатын көріп, алғыстарын айтып, баталарын да беріпті. Көкшетаудағы Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахатұлы 250 мың теңге көлемінде сертификат табыс етсе, Құралай Ғазизқызы 180 мың теңге көлемінде сертификат табыстаған. Бұл жанашырлықтан туған қолдау.
«EL Jastar» театры Абайға арналған спектакльмен Көкшетау облысындағы аудан мен қалаларды аралап шығамыз дегенде коронавирустың салдарынан іс-шараларға тыйым салынып, театрдың аяғы тұсалып қалды. Десе де олар осы сәтте шығармашылық ізденіс үстінде жүргендерін айтады.
«EL Jastar» театры Абайға арналған осы спектальмен облыстағы аудандар мен қалаларды аралап шығуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қай жақта театр фестивалі өтсе, соған қатыспақ ойлары бар жастардың құлағы түрік. Биылғы жылдан күтері көп өнерлі жастардың үміті өшпей, жігері жасымаса екен дейміз.