Əсіресе жұқпалы індеттің зардабы француз миллиардеры Бернар Арноға ауыр тиді. Бағалы бренд өнімдерінің əлемдік өндірушісі LVMH Moet Hennessy Louis Vuitton компаниясының басқарушысы шамамен 30 млрд-тай доллар жоғалтқан.
Жыл сайын Hurun инситуты жаһандағы бай-бағландарға қатысты баяндаманы жариялап отырады. Hurun Global Rich List 20-ның соңғы тізімі қаңтардың 31 шыққан еді. Компания тізімдегі индикаторларды ақпан-наурыз айларындағы өзгерістермен салыстырған.
Hurun Global Rich List 20 тізіміне енген 100 адамның 86%-ы ақпан-наурызда шығынға ұшырағаны байқалды. Тек 9%-ының асығы алшысынан түскен. Қалған азаматтарда жағдай өзгерген жоқ.
Коронавирустың таралуын тежеу үшін дүние жүзі бойынша шектеулер енгізіліп, салдарынан əлемдік экономика тұралап қалды. Бұл соңғы екі айда қор нарығының құлдырауына алып келді. Мəселен, Dow Jones Industrial Average осы уақыт ішінде 21% жоғалтты. Сəйкесінше, Франция, Германия, Ұлыбритания, сондай - ақ Үндістандағы қор индекстері кем дегенде 25%-ға құлдырады.
Халықаралық институттар келтіргендей, тек қытайлық бағалы қағаздар нарығында 0,2% деңгейінде өсім тіркелді.
Америкалық валютаның нығаюы да дəулеттілердің төменге құлдилауына ықпал етті. Айталық, екі айда доллар фунт стерллингке шаққанда 6,3%-ға жоғарылады. Сол секілді Құрама штаттардың төл ақшасы еуроға қарағанда 0,4%-ға, юанға 2,3%-ға және үнді рупиынан 5,2% - ға қымбаттады.
- Екі ай ішінде ауқытты жандар соңғы 2,5 жылда тапқан барлық жиған-тергенінен айырылды. Жалпы айтсақ, 100 ірі миллиардер байлығының 12,6%-ын немесе 408 млрд доллардан қағылып отыр. Бұлл күніне 75 млн долларды жоғалтумен тең, - дейді Hurun Institute басшысы Руперт Хугверф.
Қаңтар-наурыз айларында ауқаттылар жүздігінің ішіндегі 10 дара көшбасшының дəулеті 125 млрд-қа азайыпты.
LVMH-ның 47% акциясына ие 71 жасар Арноның қазынасы қаңтардағы конъюнктураға (107 млрд доллар) қарағанда 77 млрд долларға қысқарды. Оған Louis Vuitton, Celine, Christian Dior және Bulgari сынды брендтердің акцияларының арзандуы себеп. LVMH-ның бағалы қағаздары наурыздың соңында 74 долларды құрап, 2 ай ішінде 15%-ға төмендеді.
Ақпан-наурыз айы аралығында Amazon компаниясының бас директоры Джеф Безос 9 млрд доллар жоғалтқан. Алайда оның қоржынындағы 131 млрд доллар, жаһандық рейтингтегі бірінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Екінші орында жайғасқан Microsoft компаниясының қожайыны Билл Гейтс 15 млрд доллардан қағылды. Үштікті түйіндеген тағы бір Құрама штаттардың өкілі Уоррен Баффет 19 млрд долларға минусқа кірген. Ал əлеуметтік желілерді уысында ұстап тұрған Марк Цукерберг 13 млрд доллардан айырылды. Əйтсе де пандемиядан керісінше байып жатқандар да жоқ емес. Атап айтқанда, Zoom платформасының негізін қалаушы Юань Чжэнның қаражаты 3,5 млрд доллардан 8 млрд-қа дейін артты. Екі айдың көлемінде Zoom-ның акциялары бірден екі есеге, яғни 76 доллардан 146 долларға дейін көтерілді.
Hurun компаниясының есебі бойынша қаңтарда әлемде ұзын-саны 2,816 миллиардер болған. Соңғы екі айда олардың саны 20% - ға немесе 2,253-ға қысқарды.