Әлем • 13 Сәуір, 2020

Биллдің болжамы ақиқатқа айналды

3745 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әйгілі Microsoft компаниясының негізін салған Билл Гейтсті сәуегей десек қателеспейтін шығармыз. Ең бай адамдардың бірі жаһандық пандемияға әлем әзір емес екендігін бүгінге дейін талай мәрте айтқан-ды. Коронавирус індетінің қарқынды түрде тарауы Билл мырзаның болжамы шындыққа сай келетінін анық аңғартты.

Биллдің болжамы ақиқатқа айналды

Пандемияның шартарапқа тигізетін зияны туралы Билл Гейтс осыдан 10 жыл бұрын алғаш рет мәлімдеген-ді. Ол өзінің жеке блогында  «шошқа тұмауының» эпидемиясынан кейін осы мәселеге назар аударып, әлем мұндай дағдарысқа дайын емес деп кесіп айтты. Оның пікірінше, «шошқа тұмауы» эпидемиясы кезінде адамзатқа сәттілік жолдас болды. Сондай-ақ Билл Гейтс алдағы уақытта мұндай ін­деттің таралуы көбейе бере­тінін ескертіп, денсаулық сақ­тау саласына ыждағатпен қа­ра­у­дың маңызына екпін берген еді.

Бес жылдан кейін Билл Гейтс бұл мәселеге тағы да тоқталды. 2015 жылы Ванкувердегі TED Talk конференциясы кезінде әлемнің қауіпті дертке әзір емес екенін тағы айтты. «Егер алдағы уақытта 10 миллион адам бір нәрсенің салдарынан қаза тапса, оның себебі соғыс емес, өте жұқпалы вирус болады» деп айтқаны есімізде. Дәл сол кезде Африка құрлығы Эбола вирусынан зардап шегіп, бүкіл әлемге қауіп төнген-тұғын.  Билл Гейтс осы бастан қамданбасақ, келесі эпидемияның ауқымы Эболадан асып түсетінін болжады. «Адамдар жұқпалы аурумен науқастанса да, өзін жақсы сезініп, ұшаққа мініп, базарға баруына кедергі келтірмейтін вирусқа тап келуіміз ықтимал», депті TED Talk конференциясында. Бір қызығы, Билл Гейтстің қаупі шындыққа айналды.

Билл Гейтс 2016 жылы BBC арнасына берген сұхбатында кез келген тұмаудың түрі әлем елдерінің аяғын бір етікке тығуы ықтимал екеніне тағы тоқталды. Оның пайымдауын­ша, жаһандық денсаулық сақ­тау жүйесі Эбола мен Зика вирустары эпидемиясы сияқты індеттің таралуына жол бер­меу­ге дайын емес.

Миллиардердің болжамы мұнымен бітпейді. 2017 жылы Мюнхендегі қауіп­сіздік жөніндегі конференцияда жұқпалы індеттің жаһандық сипат алып кетуінен қауіптенетінін жеткізді. Оның сөзіне сүйенсек, эпидемиологтар ауа арқылы тарайтын кез келген вирус бір жыл ішін­де 30 миллионға жуық адам­ды ажал құштыруы мүм­кін екенін әлдеқашан ескерткен. Сондай-ақ мұндай қауіпті дерт алдағы 10-15 жылда болуы ықтимал деп мәлімдеді. «Ядролық соғыс пен климаттың өзгеруі секі­л­ді аса қатерлі пандемия иегі­міздің астында тұр. Ядролық қаруға және ауа райының күрт құбылуына жол бермеу секілді, жаһандық пандемияның алдын алу да маңызға ие», депті Билл Гейтс.

Ал 2018 жылы Масса­чусетс медиа қоғамының жыл са­йын­ғы жиынында да әлем­нің пандемияға дайын емесі­не тағы бір мәрте тоқ­талды. «Тарихтан тәлім алмаған­дық­тан, келешекте аса қатерлі, жаһан­дық пандемияны болжау қиын емес», деді миллиардер.

Билл Гейтстің денсаулық сақтау саласының кемшілігіне жиі тоқталуына таңғалудың реті жоқ. Миллиардер – осы бағытқа ең көп қаржы құйған санаулы адамның бірі. Ол БҰҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына талай жылдан бері қамқорлық жасап келеді. Өзіңіз есептеп көріңіз. ДДҰ-ға қаржылай көмек жөнінен АҚШ бірінші орында тұрса, Билл Гейтс екінші сатыға жайғасқан. Бір адамның құйған ақшасы көп елден әлдеқайда артық. Айта кетерлігі, Билл мырза ДДҰ-ның доноры ретінде саналған алғашқы жеке адам.

Билл Гейтстің мұншалық­ты қайырымдылығы Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы беделін арттыра түскені анық. Сондықтан шығар, ұйым басшылығы миллиардердің ақыл-кеңесін тыңдайтыны жиі айтылатын. Тіпті, мұны сынағандар да табылды. Әсіресе, Билл Гейтстің ұсынысымен ДДҰ полиомиелитпен күреске ерекше көңіл бөлгені де сынға ұшырады.

2017 жылы ДДҰ басшысын сайлау кезінде де Билл Гейтстің ұйымға ықпалы туралы жиі жазылды. Оның ұйымның қазіргі бас директоры Тедрос Аданом Геб­реи­сусты қолдайтыны да тал­қы­ланды. Әйтсе де, Билл Гейтс­тің ұйымы мұны жоққа шығарды.

Қорыта айтқанда, Билл Гейтс талай жылдан бері ден­саулық сақтау саласына ерек­ше көңіл бөліп келеді. Сон­­дықтан оның әлемдік пан­де­мия туралы болжам жасауына таңғалудың реті жоқ. Вирустан келетін қауіпті басқа-басқа, Microsoft компаниясының негізін салған Билл Гейтс жақсы түсінсе керек-ті...