Қазақстан • 13 Сәуір, 2020

«Бесқонақтың мінез көрсетуі – оң құбылыс»

19 рет көрсетілді

Халқымыздың ежелгі күнтүзбесінде «бесқонақ» деп айдар тағылған уақыт белдеуі бар. Бұл неге бұлайша аталған. Ел ішінде таралып кеткен әңгіме төркініне құлақ түрсек, көктем келіп, сәуірдің ақ таңы айналасына нұрын шашып, көк шыға бастаған кезде бес адам көрші ауылға қонаққа жиналады. Көздеген жеріне жақсы жетіп, о жақтағы ағайындар қуана қарсы алып, қазан асылып, ет желінеді. Әңгіме дүкен айтылып, тағы да бір қыдыру уақыт өтіп, күн екіндіге таянады. Осы кезде қонақтар жолға жинала бастайды. Олар жаяулап қара жолға бағыт алған кезде жадырап тұрған ауа райы аяқастынан күрт бұзылып, оның арты алағай да былағай ақ түтек боранға айналып кетеді. Соның салдарынан қарға адым жер мұң болған бес қонақ бағыт бағдарынан айырылып, ауылдарына жете алмай жол үстінде мерт болыпты деседі.

Бұл мерзім сәуірдің сегізі мен он сегізінші жұлдызы аралығына сәйкес келеді. Осы кезде күн аяқастынан суытып, жаңбыр мен қар жауса, халқымыз оны жақсы ырымға балаған. Алдағы жылдың берекесі мол болып, астық бітік шығады деп есептеген. Ал керісінше бұл уақытта аспаннан нәр таңбаса, апырм-ай, құрғақшылық болып кетпесе жарар еді деп қауіп қылыпты.

Егер осы халықтық наным-сенімге иек артатын болсақ, еліміздің батыс өңірлерінде биылғы жылдың, бұйыртса, берекесі мол болады деп жорамал жасаудың жөні бар секілді. Өйткені Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында сәуірдің сегізінен бері жаңбыр мен қар аралас табиғаттың нәрі жерге сіңіп жатыр. Осы бір күндерде ауа райының құбылмалы мінез танытып тұруы да көнекөздер тарапынан оң құбылыс ретінде бағалануда.

Ал тұтастай алғанда өткен қыс айларында республикамыздың орталығы мен солтүстігінде қар қалың, мол жауғанымен, батыс өңірлерде қар мүлдем аз түсті. Тіпті қылтанақ қар жаумаған аумақтар да бар. Өткен күз айларында жаңбыр жаумағандықтан және қыс қарсыз әрі жылы болғандықтан топырақ қабаттарына тоң да жыйылмады. Бұл көңілсіз көрініс аталған облыстарда құрғақшылық қаупін күшейте түскен-ді. Дегенмен қазіргі кезде «Бесқонақтың» өзіне тән мінез танытуы осы алаңдаушылық сезім мен көңіл күй ауанын сейілте түскендей әсер қалдырады.

Әйтсе де қазір өңір тұрғындарының бойын тағы бір күдік жайлай бастағаны жасырын емес. Оның мәнісі Ақтөбе облысы аумағында құдайдың құтты күні тыңбай, екілене соғатын екпіні атан түйені жығардай қатты жел болып отыр. Ел ақсақалдарының айтуы бойынша, жел – ылғалдың қас жауы. Оны тез арада жойып жібереді. Дегенмен бұйырған ырыс-несібе қаша қоймас. «Бесқонақ» ырымын жасады. Сірә, жыл жарылқайтын шығар деп түйді олар өз ой-тұжырымдарын.

Біз де осы ойлы түйінмен шағын мақаламыздың нүктесін қойғанды жөн көрдік.

 

АҚТӨБЕ

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда доллар қымбаттады

Экономика • Бүгін, 11:55

Коронавирустан 57 адам айықты

Коронавирус • Бүгін, 09:10

«Ак Барс» есе қайтарды

Хоккей • Бүгін, 07:58

Ойлы мүсіндер

Аймақтар • Бүгін, 07:38

Кішкентай адам

Кино • Бүгін, 07:28

Ұлт тарихындағы ұлы тұлға

Пікір • Бүгін, 07:18

Ауыл дамымай, мемлекет дамымайды

Парламент • Бүгін, 07:13

Жол апаты неге көп?

Қоғам • Бүгін, 07:01

Қатыгез бала қайдан шығады?

Қоғам • Бүгін, 06:58

Қайнарда «street workout» ашылды

Аймақтар • Бүгін, 06:53

Жошы ұлысы

Таным • Бүгін, 06:43

Миллионер Микеланджело

Өнер • Бүгін, 06:40

Мал азығы дайын ба?

Аймақтар • Бүгін, 06:39

Ұқсас жаңалықтар