Медицина • 14 Сәуір, 2020

Індет жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны артты

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде елдегі коронавирус бойынша ағымдағы жағдай туралы баспасөз мәслихаты өтті. Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова науқастардың жағдайына тоқталып, ауру жұқтырған медицина қызметкерлері туралы айтты.

Індет жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны артты

«13 сәуір сағат 13:00-ге дейін коро­навирус жұқтырған 972 жағ­дай тіркелді, оның 99-ы жазылып шық­ты. 21 науқастың жағдайы ауыр, 11 адам қайтыс болды. Өт­кен тәулікте елімізде 86 жаңа жағ­дай тіркелді, орташа өсім 9,9%. Нұр-Сұлтанда – 20 (8,7%), Алма­тыда 28 (20,4%) науқас анық­талды. Елімізде жалпы 34 236 адам медициналық бақылауда. Олар­дың  28%-ы стационарға орналас­ты­рылған болса, 68%-ы үй каран­тинінде», деді комитет басшысы.

Спикер коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің са­ны 211-ге жеткенін хабарлады. Оның ішінде бір науқас – Ішкі іс­тер министрлігінің қызметкері. Мұн­дай жағдай республиканың 13 өңір­інде тіркелген, жалпы науқас­тардың 20,5%-ын құрайды.  Атап айтқанда, COVID-19 емдеу және ауру жұқтыруы мүмкін науқастарға күтім жасайтын бейінді стационарларда 74 медицина қызметкері, оның ішінде карантиндік орталықта – 20 (Нұр-Сұлтан қаласында), провизорлық стационарда – 10, жұқпалы аурулар ауруханаларында 44 медицина қызметкері вирус жұқтырған.

Людмила Бюрабекова ауру жұқ­тырған медицина қызмет­кер­лері тіркелген барлық меди­ци­налық ұйымдарда инфекцияның себептері мен факторларын анықтау бойынша жұмыс жүр­гі­зіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қызметтің қарба­лас­тығына байланысты жұмыс режі­мінің бұзылып, ауруханада тәулік бойы болуы негізгі себеп болса, кей аймақтарда қызметкерлер дезин­фекциялық және жеке қор­ғаныш құралдарымен толық қамта­масыз етілмеген. Тіпті кейбір қыз­меткерлер жеке қорғаныш құрал­дарын өздері дұрыс пайдалан­бай, санитарлық норманы сақта­маған. «476-бап бойынша әкім­шілік жауапкершілікке тарту үшін жүргізілген тексеріс­тер­дің нәтижелері бойынша сани­тар­лық-эпидемияға қарсы (профи­лактикалық) іс-шараларды жүргізу туралы шешім қабылданды. Алматыдағы 6 жеке медициналық ұйымның медициналық лицензияларын тоқтата тұру туралы материалдар сот органдарына жіберілді», деді Л.Бюрабекова.

Министрлік өкілі кеше бір күн­нің өзінде  COVID-19 ауруы­мен жатқан пациенттерді емдеу және күту шараларына қатыс­паған 82 медициналық қызмет­кер­дің вирус жұқтырғанын атап өтті. «COVID-19 ауруымен ауыр­ған пациенттерді емдеуге, кү­туге тартылмаған медици­на­лық қызметкерлер арасын­да ко­ро­навирус инфекциясын жұқ­тыр­ғандар саны да тез өсіп жатыр. Аталған контингент маңыз­­ды эпидемиологиялық бөлім са­­налады. Яғни бұл санат ин­фек­цияны әрі қарай өршітуі мүм­­кін ошаққа айналу қаупі бар. Жұқ­тырудың жоғары деңгейі Нұр-Сұлтан (36), Алматы (33) қала­л­арында, сонымен қатар Аты­рау (6), Ақмола (3) облыстары және Қарағанды, Қызылорда, Сол­түстік Қазақстан облыстарында, ІІМ ведомствоаралық қызме­тінде тіркелді», деген Люд­мила Бюрабекова Нұр-Сұлтанда Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталықтан 8 адам, Ұлттық онкология және трансплантология орта­лығынан 16 адам, «Мейірім» меди­циналық орталығынан 7 адамның коронавирус жұқтырғанын айтты.

Сондай-ақ ол коронавирус ін­де­тінің елі­мізде шарықтау шегіне болжам жасалғанын да жеткізді. «Ға­лымдардың алдын ала есебі бо­йынша, Қазақстандағы коронавирус инфекциясының ең асқын­ған шағы сәуірдің соңы мен мамыр айын­да болады деп болжа­нып отыр. Бұл кезде ауру жұқтырған­дар­дың саны 2 мыңнан асуы мүм­кін», деді комитет төрайымы.

Коронавирус бойынша экс­пресс-тест Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жүргізі­ліп жатыр. Бұдан бөлек шека­ра­­лар­дағы санитарлық-өткізу пунк­т­тері­нің бәрі де экспресс-тестпен қам­тамасыз етілген. Осы­ны айт­қан спикер: «Ол жерде кірген­­дер­дің бәріне экспресс-тест жүргі­зіледі. Біздің меценаттардың қара­жа­тымен 270 мың тест сатып алынған болатын. Бүгінде 3136 экспресс-тест жүргізілді. Оның 354-і Қазақстанның авто­көлік бекет­терінде, 2782-сі меди­ци­налық ұйымдарда жасалды. 64 адам­да антидененің бары анық­тал­ды. Яғни олардың бәрі коронавирус инфекциясымен ауырып, жазылып кеткендер. Оларды енді әрі қарай бекітілген алгоритм бойынша ПТР-тесттен өткіземіз», деді.