Ей, оқырман көрдіңіз бе, өзінің қара басын емес ел қамын ойлаған атамыз не істегенін. Енді мынаған қараңыз!
Екінші. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында былай делініпті: Газеттің 80-нөмір санында жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақты қамау үкім етеді. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов газетаға мың жарым сом төлеу ауыр болатынан ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызды.
Ей, оқырман байқадыңыз ба, қазақтың көзі мен құлағы болған газетті сақтап қалу үшін Ахаң өзі барып түрмеге отырған.
Үшінші. Этнограф көрнекті қаламгер Сейіт Кенжеахметов былай деп айтқан екен: Біздің бала кезімізде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Солардың тұқымы қазірде бар. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Ел айтатын: «Бұлар баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген малдың тұқымы» дейтін. Ұзын сөздің қысқасы 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Атақты ақын Әбіқай Нұртазинның «Тас мешін» деген дастаны бар. Дәл осы аштық туралы жазылған. Осы тұста Жүсіпбек Аймауытов бас болып М.Дулатов, Қ.Сәтпаевтар Семей өңірінен мыңдаған мал жинап Торғайға жаяу жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Сөйтіп елді аштықтан аман алып қалған.
Міне, осындай «Елім деп соққан жүректер» ХХ ғасыр басында қазақта болды. Қазір бар ма?
Түйін. Марқұм жазушы Дидахмет Әшімханов былай депті: Ал, қазір ше? Халық алдындағы алдындағы барлық проблема түгел шешіліп бітті ме? Бітпесе, елім, жерім, тілім, дінім, салт-дәстүрім деп жаны жалаулатып жүрер азаматтар неге аз? Неге біз соншама енжар-бұйығымыз? Ұлттық қан, ұлттық сана, ұлттық намыс қалай салқындап қалған бойымызда? Менімше бұған отаршылық идея кінәлі. Осы идеология нәтижесінде бірнеше буын ұрпақ ең қажетті – Отаншылдық сезімнен алшақтап қалды. Сөйтіп, біз тәуелсіздікке рухани тұрғыдан қансырап жеткен халықпыз. («Астана ақшамы». 11.03.1999)