Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Алматыда «Фараби әлемі» халықаралық мәжілісі мәресіне жетті

478 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда 6-9 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Конференция аясында университет факультеттерінде жүзден астам секция жұмыс істеді. Секциялар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізілді. Жалпы, «Фараби әлемі» конференциясы 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатыр.

Алматыда «Фараби әлемі» халықаралық мәжілісі мәресіне жетті

Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – студенттер мен жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу және оқу-ағарту қызметін дамыту, жас ғалымдардың ғылым саласындағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты  ұсыныстарын тыңдау, әрі талантты жастарды қолдай отырып интеллектуалды орта қалыптастыру.

– Елімізде қалыптасып отырған жағдайға байланысты биылғы жылы конференция алғаш рет онлайн режимінде өтті. Жалпы, химия және химиялық технология факультетінде 9 секция жұмыс істеді. Мен және химия ғылымдарының кандидаты Әзімбек Қоқанбаев жетекшілік еткен «Коллоидтық химия және полимерлер химиясы» секциясында отызға жуық баяндама жасалды. Осылардың ішінде бес баяндамашының жұмысы мақтау қағазымен, үш студент – III-дәрежелі, екі студент – II-дәрежелі және бір студент I-дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен бірге, ең үздік ғылыми жұмыстарға қаржылай да жүлде беріледі, – дейді конференция секциялары жетекшілерінің бірі, химия және химиялық технология факультетінің доценті Перизат Үркімбаева.

 

АЛМАТЫ