Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Қызылорда: Шектеуді бұзып, шектен шыққандар айып арқалады

462 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясына байланысты ерте қимылдап, карантин жариялаған өңірдің бірі Қазалы ауданы. Ауданда осы шектеу талаптарын бұзып, шектен шыққандар да жазасыз қалып жатқан жоқ.

Қызылорда: Шектеуді бұзып, шектен шыққандар айып арқалады

Бүгін Қазалы аудандық сотында «TrueConf» мобильді қосымшасының көмегімен төтенше жағдай режимін бұзу фактілері бойынша төрт әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Алдымен сағат 18.00-ден кейін де азық-түлік дүкенін жаппай, сауда-саттық жасаған кент тұрғыны ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, оған 26510 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Ал Арал ауданының тұрғыны Қазалы аумағына бақылау бекетінен айналып өтпекші болған. Осы әрекеті үшін ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 1-тармақшасымен кінәлі деп табылған оған сот қаулысымен 27 780 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл белгіленді.

Азаматтардың тұрғын үйден негізсіз шығуына және автокөлікпен жүруіне шектеу салынғанына қарамастан, Әйтеке би кентінің 2 тұрғыны 9 сәуір күні сағат 18.00-ден кейін кент көшелерінде көлік жүргізгендері анықталған. Сот қаулысымен олар да 27 780 теңге әкімшілік айыппұл арқалады.

Талап сақталса, тәртіп бұзылмайды. Өз иелігіндегі азық-түлік дүкенін  белгілеген уақыттан 9 минутқа кеш жапқан кент тұрғыны да ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабының 6-тармақшасымен кінәлі деп танылып, оған ескерту берілді.