Спорт • 15 Сәуір, 2020

Шығыстың шымыр жігіті

1830 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Арамызда спортқа кештеу келгенімен, толағай табысқа қол жеткізген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Руслан Сейілханов. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында туып-өскен ол әскерден оралғаннан кейін ғана балуандық өнерге мықтап ден қойды. Соған қарамастан, биік белестерді бағындырып, көпшілік назарын бірден өзіне аударды.

Шығыстың шымыр жігіті

Тоқсаныншы жылдары Сейілха­новтың есімі тек Қазақстанға емес, күллі әлемге мәшһүр болды десек, ар­тық айтпағанымыз. Ол күрес­тің үш түрінен елеулі табыстарға қол жет­кізіп, қалың көрерменнің көз­айы­мы­на айналды. Бастапқыда Руслан самбошылардың сайысында алдына жан салмады. Алғаш рет 1992 жылы Та­разда өткен ел чемпионатында қар­сы­ластарын қоғадай жапырып, же­ңіс тұғырының ең биік сатысына көте­рілді. Шыны керек, бұған дейін жас­тар арасындағы додаларда ащы тері сы­ғылмаған спортшыдан ешкім де дәл осындай нәтиже күткен жоқ еді.

Тараздағы табысының кездейсоқ еместігін дәлелдеу үшін өжет жігіт жаттығу залында көп тер төгіп, әр жарыста өз мықтылығын паш етуге тырысты. Нәтижесі жаман болған жоқ. 1992-1996 жылдар аралығында елшілік жарыстарда қарсыласқа шақ келтірмей, халықаралық аренада да мол олжаға кенелді. Атап айтсақ, 1992 жылы Вла­дивостокта өткен Азия чемпионатында күміс медальді мойнына ілсе, Алматыда жалауы желбіреген әлем кубогы жо­лындағы жарыста бас жүлдені олжалады. 1993 жылы Омбыда әлемнің вице-чемпионы атанса, 1994 жылы Нови Садта қола жүлдені иеленеді. Сол жылы Азияның теңдессізі деп танылып, студенттер арасындағы әлем біріншілігінде үшінші орынға табан тіреді. Басқа да халықаралық турнирлерде топ жарған Сейілханов ел спор­тының мерейі өсуіне елеулі еңбек сіңірді.

Самбо – Олимпиада бағдарлама­сы­на енбеген спорт түрі. Сол себепті де сам­бошылардың дені нағыз толысқан, кемелденген шағында дзюдоға ауысып жатады. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасында жапон күресіне ден қойған қазақ жастарының қатары қалың еді. Бә­рінің де арманы – 1996 жылы Ат­лан­­тада алауы тұтанатын Олимпия ойындарында бақ сынау. Солардың санатында Руслан Сейілханов та болды.

1995 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионаты Павлодарда өтті. Атлан­таға баруды армандаған белді балуан­дардың барлығы да Ертіс өзенінің жа­­ға­лауында бақ сынады. Ақтық сын­­­ға алқынбай жеткен Руслан финалда Марат Айдашевпен айқасты. Бұл тартыс жергілікті спортшының пай­дасына шешіліп, кейіпкеріміз кү­міс медальді қанағат тұтты. Алайда Олим­пия ойындарының басталуына әлі бір жылға жуық бар еді. Дұрыстап дайындалса, Атлантаның да ауылы алыс емес екенін ол анық сезінді.

Арада бірер ай өткеннен кейін есім­­дері жоғарыда аталған қос мықты­ның жолы Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде қайта қиысты. Бұл жолы Руслан күмәнсіз жеңіске жетті. Сол мезетте ұлттық құрама бап­кер­лері «Атланта Олимпиадасында

78 кило салмақ дәрежесінде ел намысын Сейіл­ханов қорғайды» деген кесімді сөздерін айтты. Бірақ алыстағы Аме­рикада тек Русланның ғана емес, бар­лық қазақстандық дзюдошылардың бағы жанбады.

Дзюдо күресінен 81 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Руслан Се­йіл­­ханов елшілік жарыстарда еш­кімге есе жібермеді. Жеті жыл бойы ол чемпиондық тұғырды бір босатқан жоқ. Қарсы келгендерін алып та, шалып та жықты. Сонымен қатар халық­аралық аренада да толағай табыстарға қол жеткізді. Атап айтсақ, 1996 жылы Хошиминде және 1997 жылы Манилада өткен құрлық чемпионаттарында қола медальді иеленсе, 2000 жылы Осакадада Иранның атақты балуаны Казем Саризаниге ғана жолы беріп, күміспен күптелді. 1998 жылы Бангкокта алауы тұтанған Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.

Р.Сейілхановтың қазақ күре­сінен өткен жарыстарда да жасындай жар­қыраған кезін көзіқа­рақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Оның талай дүбірлі додаларда дара шығып, алты бірдей «темір тұлпарды» тізгіндегені де күні бүгінгідей көз алдымызда. Барлығы ол 15-тен аса жарыста «Түйе балуан» атан­ған екен. Әрине бұл тек айтуға ғана оңай. Әйтпесе өзінен әлдеқайда еңгезердей апайтөстермен алысу көп күш пен жігер, қажыр мен қайрат, намыс пен табандылықты қажет етеді. Сол қасиеттердің барлығы да кейіпкеріміздің бойында бар. Олай деуге негіз, салмағы 85 килодан аспай­тын Сейілхановтың төл өнеріміз бойынша өткен жүбірлі додаларда талай алыптың аяғын аспаннан келтіргенін көзіміз көрді. Русланнан жығылғандар арасында салмағы 120 килодан асатын, тіптен 130-140 килоға жуықтаған Вячеслав Бер­дута, Қуат Байқожаев, Ерболат Юсу­­пов, Ғалым Ахметов, Елдос Ықсан­ғалиев сынды апайтөстердің де болға­нына дүйім жұрт куә. Расында да, Сейіл­хановтың күресу мәнері өзгеше еді. Ол ешкімнен қаймықпайтын. Ал­дын­­да қандай дүлей күш иесі тұрса да, мы­сын бірден басып тастауға тырысатын.

Әлі есімізде, 1994 жылы Жам­был облысында қазақ күресінен ірі ха­­лықаралық турнир ұйымдас­ты­ры­лып, жартылай финалында Руслан Сейілхановтың жолы Өзбекстанның атақты балуаны Армен Бағдасаровпен қиысты. Қарсыласы әлдеқайда еңселі әрі салмағы біршама ауыр болғанына қарамастан қандасымыз оған сан соқтырып кетті. Сол сәтте жекпе-жек десе, қаны қыз-қыз қайнайтын қа­зақ жан­күйерлері бас жүлденің өзге елге емес, өзімізде қалғанына қатты қуа­нып, Русланға ақ алғыстарын жаудырды. Финалда Кендібай Әбішевтен айла­сын асырған Сейілханов айтулы жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Ал қазақтың қайсар ұлының мықты­лығын мойындаған Өзбекстанның өрені көп ұзамай Атланта Олимпиадасы мен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Азия чемпионаттарында екі рет бас жүлдені олжалап, екі рет қола медальді мойнына ілді. Бұл күндері Армен Бағдасаров Халықаралық дзюдо федерациясында лауазымды қызмет атқаруда.

2002 жылы үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Р.Сейілханов кеден саласында қыз­мет атқарды. Бұл салада да өзінің біліктілігі, білгірлігімен көзге түсті. Кезінде Шығыс Қазақстан об­лы­­­сы аумағында орналасқан «Май­қап­­шағай» кеден бекетін басқарды. Под­полковник шенін алды.

Бір ғажабы, қай салада қызмет атқарса да, кейіпкеріміз бауыры ыстық боз кілемнен еш алыстаған жоқ. Ол спорт­ты өмірлік серігіне айналдырды. 2012 жылы Руслан қазақ күресінен Астанада өткен «Қазақстан барысы» турнирінде бақ сынады. Дзюдодан 2013 жылы Туринде алауы тұтанған ардагерлер арасындағы Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы атанды. Майа­ми мен Әбу-Даби қалала­рында жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында қатарынан екі рет бас жүлдені олжалады. Мальоркадағы додада күміспен күптелді. Міне, Қазақстанның белді балуаны Р.Сейілха­новтың қол жеткізген жетістіктері осындай.