Экономика • 15 Сәуір, 2020

Ел экономикасын алға тартатын локомативтің бірі

167 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары Ақтөбе облысының алға даму қарқыны тұрақты түрде сақталып, экономикалық өсім 5 пайыздық көрсеткішті құрап келеді. Нендей мәселенің де қадір-қасиеті мен артықшылығы, немесе олқы тұстары мен оңды жақтары салыстырмалы түрде айқындалады емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде 5 пайыздық экономикалық өсім дегеніміз республикалық орташа деңгейден жоғары, ал өңірлері арасында алдыңғы көрсеткіш екенін айтқанымыз жөн. Осындайда бұдан 3-4 жыл бұрын облысқа келген сапары кезінде Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе –ел экономикасын алға тарта алатын локомативтің бірінің рөлін атқара алады деген сөзі тектен-тек айтылмағанына көз жеткізе түсеміз.

Ел экономикасын алға тартатын  локомативтің бірі

Міне, бүгінде биылғы 2020 жылдың алғашқы тоқсаны да артта қалып, екінші тоқсанда экономикалық өсім мен тұрақтылықты одан әрі сақтау мен жалғастырудың орнына Covid-19 індетімен күрес алға шыққаны мәлім. Жалпы пандемияға қарсы іс-шаралар тұтастай елімізде және Ақтөбе аймағында наурыз айының алғашқы он күндігінде басталып кеткені мәлім. Соған қарамастан Ақтөбе облысында 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында  бұған дейінгі оң көрсеткіштер сақталып қалғаны, тіпті кейбір өлшемдер бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда алға шыққаны бір мерей.

Бұған таяуда жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысына байланысты жасалған талдаулар мен сараптамалар айқын айғақ. Жалпы алғанда алғашқы тоқсан жыл қорытындысын айқындауға тигізе алатын ерекше айқындаушы кезең екенін ескерсек, аталған аралық өңірде тек оң қорытындымен таңбаланып қалды деуге толық негіз бар. Ең бастысы өңірде бұл шақта тұрақты макроэкономикалық жағдайдың сақталып қалғаны атап айтуға тұрарлық мәселе.

Енді осы ауқымы кең ұғымды өңір экономикасының жеке секторлары бойынша қарастырып көрсек, ең алдымен ауызға өнеркәсіп саласы бірінші оралады. Ақтөбе республикамыздағы өнеркәсіптік және өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Мұнда өнеркәсіптік кәсіпорындар өте мол шоғырланған. Соңғы кезде бұлардың өндірістік қуаттарын одан әрі өсіру мен қайтадан жаңғырту және модернизациялау жұмыстарының кең ауқымды бағдарламасы белгіленген. Бұл жауапты іс пандемия індеті аяқталғаннан кейін қайтадан жалғасын табады деп мәлімдеді газет тілшісіне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Алға қойылған мақсат – таяу жылдарда негізінен өндірістік кәсіпорындардың өз қаражаттары мен мүмкіндіктері есебінен қайта жаңғырту ісіне 500 миллиард тенге қарастыру болып отыр. Өз кезегінде бұл өте қомақты қаражат екені ешқандай талас туғызбайды. Осы орайда биылғы жылдың І тоқсанында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 440,5 миллиард тенге құрағаны жоғары нәтиже деуге болады. Яғни аталған дерек өткен                         2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыстың өнеркәсіптік 12 миллиард тенгенің өнімін артық өндіргенін көрсетеді.

Екіншіден, өңірде инвестициялық қаражаттар тарту мәселесі тұрақты жолға қойылмаса, әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі белгіленген жобалар мен бағдарламалар оң нәтижесін бере қоюы екіталай. Осы орайда инвестициялық ахуалды жақсарту және облыс экономикасына тікелей шет елдік инвестиция тарту жергілікті атқарушы органдардың тікелей міндеті екені хақ. Бұл ретте облыста өткен жылы 800 миллиард тенгеге жуық инвестиция тартылғаны республика өңірлері арасындағы алдыңғы көрсеткіштің бірі болғанын айтқанымыз жөн. Ал биылғы меже қандай болмақ. Біз мұндай сауалды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге қойған едік.

- Біз өңірдің инвестициялық тартымдылығын барынша тереңдете түсуге ұдайы назар аударып келеміз. Өңірде бірқатар шикізаттық ресурстар мен энергетикалық қуат көздерінің бағалары көршілес облыстармен салыстыра қарағанда төмен екендігі – облыста бұған дейін құрылған индустриялық аймақта жаңа мүмкіндіктер ашылғаны да инвесторлардың мүдделілігі мен қызығушылығын туғыза алды. Соның нәтижесінде өткен жылы инвестиция тарту ісінде тәуір нәтижеге қол жеткізе білдік деп санаймыз деп жауап қайтарды.

- Дұрыс екен. Ал биыл ше? Инвестициялық қаражаттар тарту жөніндегі өткен жылғы алынған асуға жету мүмкіндігі бар ма?

- Бұған кесіп-пішіп біржақты жауап қайтару қиын. Ең басты айтарым инвестициялық ахуалды жақсарту мен тереңдету тұрақты бақылауымызда бола бермек. Біздің биылғы мақсатымыз негізгі капиталға 746 миллиард тенге көлемінде инвестиция тартуға қол жеткізу болмақ. 2020 жылға қол қойылған меморандумдер аясы мен шеңбері осындай есеп жасауға негіз қалайды.

Өңір басшысы келесі кезекте қойылған сауалымызға орай өз ой-тұжырымын осылайша жеткізді. Осы ретте Оңдасын Сейілұлы көрсеткен тартылуға тиісті қомақты инвестициялық қаражат өткен жылғы рекордтық деңгейге жете қабыл екенін ескерсек, мұны олқы, төмен деуге әсте болмайды. Ал әлем елдеріне пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор шығын келтіріп отырғанын ойға алсақ, белгіленген меже қанағат тұтуға толығымен тұратыны талассыз. Бұған қосарымыз өңірде алғашқы тоқсанда тартылған инвестиция көлемі 100 миллиард тенгеге жуық соманы құрағаны. Әрине мұны аз деуге де көп деуге де келмейді. Алдағы алынар меженің жетіден бірі ғана. Ендеше бұл іске қамшы басатын кез әлі алда деп білеміз. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде әңгіме қозғаған кезде тұрғын үй құрылысының орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда биылғы жылдың алғашқы үш айында 156,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, аз уақыттың өлшеміне сайғанда тәуір көрсеткіш дей аламыз. Өткен жылы бір миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызған өңірдегі құрылыс ұйымдарының қарқыны биыл қандай болмақ? Бұған жауап қайтару төмендегідей ойларға жетелейді. Өңірде осы кезге жейінгі жасалған талдаулар мен сараптамалар табиғи-демографиялық өсім алдыңғы жылдармен салыстырғанда жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге тұрғындардың динамикалық ағымы мен ішкі көші-қон үдерістері бұрын-соңды болып көрмеген жоғары деңгейге көтерілген. Аталған факторлар қазіргі кезде тұрғын үйге деген жоғары сұраныстар туғызуда. Өткен жылы пайдалануға берілген 1 миллион шаршы метрлік биік межеге де сындай сұраныстар мен талап-тілектер қозғау салған анық.

Сондықтан биыл да сол деңгейден төмен түспеу мүмкіндіктері қарастырылған. Соның ішінде облыста биылғы 2020 жылы тұрғындардың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтуға басымдық беру бағыттары белгіленген. Ақтөбе жыл сайын өсіп-өркендеп, тұрғындар саны ұдайы өсіп келе жатқан қала. Осы факторлар мұнда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрсе де оған ие болу және сатып алу кезегінде тұрғындардың жаңа толқыны пайда болуына әсер етуде. Қазіргі күні олардың саны 30 мың адамнан асып отыр. Бұған қоса облыс орталығының іргесі мен маңайында тұратын 150 мыңдай азамат жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдерін алуға өтініштер беріпті. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2002 жылдың 27 қаңтары күні өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында алдағы уақытта тұрғын үй салу мәселесі үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басым бағыты болуы тиіс екендігін атап көрсеткені мәлім. Ақтөбе аймағындағы құрылыс жұмыстары карантин режимі жағдайында да барлық сақтандыру мен қауіпсіздік шараларын мұқият сақтай отырып, жалғасып келе жатқаны осы тапсырмаға іспен жауап десе де болады. Міне, Ақтөбе аймағында соңғы уақытта әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінде қолға алынған іс-қимыл бағдарының кейбір мысалдары осындай.