Қоғам • 15 Сәуір, 2020

ҚызПУ ректоры қашықтан оқытуға қатысты 60 сұраққа жауап берді

952 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова оқу орнының студенттері және магистранттарымен кездесіп, қашықтан оқытуға байланысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.

ҚызПУ ректоры қашықтан оқытуға қатысты 60 сұраққа жауап берді

Zoom платформасында ұйымдастырылған онлайн форматтағы кездесуге Педагогика-психология факультеті, Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті, Әлеуметтік-гуманитарлық факультеті, Жаратылыстану факультеті, Физика-математика факультеті мен Өнер және мәдениет факультетінің 600-ге жуық білім алушысы қатысты.

Кездесу барысында студенттер университет ректорына қашықтан оқуды ұйымдастырудағы кейбір мәселелер, емтихан тапсыру, дипломдық жұмысты қорғау туралы сауалдар қойды. Сонымен қатар білімгерлер сессия, оқу ақысы, антиплагиат жайында да көтерді.

Қойылған сұрақтарға ректор Гаухар Алдамбергенова, оқу және оқу-әдістемелік мәселелер жөніндегі проректоры Еркін Жұманқұлова кеңінен жауап берді.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесуде жалпы саны 60-тан астам сауал қойылып, оларға тиісті жауаптар берілді.

Басқосу барысында оқу орнының басшысы студенттерге карантин уақытында университет тарапынан қолға алынған бірқатар жұмыстарды да атап өтті.

– Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қыздар университетінде бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Біріншіден, білім алушыларға жеделдетілген әдістемелік көмек көрсету мақсатында «Академиялық сағат» жобасы бастау алды. Мақсат – университеттің оқытушылары, білім алушылары және әкімшілік қызметкерлерімен қашықтан оқу бойынша тығыз байланыс жасау. «Академиялық сағат» кезінде білім алушылар проректорларға, декандарға, кафедра меңгерушілеріне қашықтан оқыту барысында туындап жатқан сұрақтарды қоя алады. Екіншіден, «Цифрлы волонтер» жобасы. Ол профессор-оқытушыларға әдістемелік және ақпараттық көмек көрсетуге бағытталған. Ал үшіншіден, университетте Психологиялық қолдау қызметі ашылды. Оқу орнының білікті психолог мамандарынан құрылған топ карантин уақытында ел тұрғындарын қолдау мақсатында және өз-өзін оқшаулау ситуациясында стресстік жағдайға түсудің алдын алу бойынша кеңестер береді. Қызметтердің барлығы тегін. Барлық ақпараттар университеттің ресми интернет ресурсы мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған, – деп атап өтті университет ректоры Гаухар Алдамбергенова.

Айта кетейік, Қыздар университетінде оқытушылар мен студенттерге қашықтан оқыту бойынша әдістемелік және техникалық қолдау көрсететін Call-орталығы да жұмыс істеуде. Қызметтің басты артықшылығы – қашықтан оқыту технологиясы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы толыққанды мәліметпен қамтамасыз ету және осы тараптағы өзге де сауалдарға кеңінен жауап беру.

Call-орталық дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-18:00, сенбі күні сағат 09:00-13:00 аралығында жұмыс істейді.

Байланыс телефоны: 8 (727) 237-00-77.