
Кеше, 7 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің құрылтайшылық отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорда.kz хабарлады.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Қытайды сенімді серіктес және тату көрші ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бастап біздің елдеріміз екі жақты экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай нәтижелерге жетті. Өткен жылы өзара сауда көлемі 24 миллиард доллар болды. Ортақ күш-жігер жұмсауымыздың арқасында соңғы жылдары өзара іс-қимылдың түрлі тетіктері қалыптастырылды және табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитетінің қызметі мен тұрақты өткізіліп тұратын үкімет басшылары деңгейіндегі кездесулер анағұрлым маңыздысы болып саналады. Өткен жылдар ішінде біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуды реттейтін байыпты шарттық-құқықтық база құрдық. Бұл 170-тен астам үкіметаралық және ведомствоаралық құжатты қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елімізде инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған заңдар қабылданғанын атап өтті.– Олардың қызметіне жан-жақты қолдау көрсетілуде. «Қазақстан-Қытай» мұнай құбырының, «Сарыбұлақ-Зимұнай» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырларының құрылысы табысты инвестициялық өзара іс-қимылдың тағы бір мысалына айналды. Қазіргі уақытта біз жаңа Жібек жолын жаңғыртудамыз. Бүкіл еліміз бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральді көлік дәлізін, жаңа автомобиль жолдарын және теміржолдарды, теңіз терминалы мен логистикалық орталықтарды іске қосудамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың тағы бір тәсілі ақпараттық технологиялар саласындағы транзиттік әлеуетті ашу болатындығы жөнінде пікір білдірді.– Азия мен Еуропа арасындағы телекоммуникациялық арналарға сұраныстың артып отырғанын ескеріп, Қазақстан ақпараттар ағыны үшін мейлінше қолайлы және барынша қысқа бағыт ұсынуға дайын. Елімізде бар дата-орталықтардың қуатын тиімді пайдалануды бірлесіп ойластыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңесті құру екі ел бизнесінің арасындағы байланыстарды кеңейтудің қисынды жалғасы болатынына тоқталды.– Менің ойымша, онда елеулі экономикалық әлеует бар. Бұл құрылым қызметтің ашық форматына ие бола отырып, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету жөніндегі пәрменді шараларды қабылдауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Іскерлік кеңестің аясында салалар мен өндірістерді дамыту жобаларын жүзеге асыруға арналған инвестициялық және жол карталарын жыл сайын әзірлеп, қабылдауды ұсынды.– Кеңестің тиімді жұмыс істеуі үшін оның аясында Астанада тұрақты жұмыс органын құру қажет деп есептеймін. Одан бөлек, тараптар үшін басым бағыттарды нысанаға алған салалық жұмыс топтарын ұйымдастырған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының тағы бір ұсынысы Іскерлік кеңестің күш-жігерін кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасында сұхбат алаңын қалыптастыруға бағыттау жөнінде болды.– Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізетін көрмелерді, сауда жәрмеңкелерін, семинарларды, конференциялар мен екі елдің таныстырылымдарын тұрақты өткізіп тұру қажет. Сондай-ақ, тиімді пікір және іскерлік ақпараттар алмасуды жолға қою мақсатында Іскерлік кеңеске мерзімді баспа және электронды басылымдар шығаруды қамтамасыз ету ұсынылады, – деді Қазақстан Президенті.
Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев Іскерлік кеңестің құрылтайшылық отырысы екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі жандандыруге қатысты құнды ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысушыларды Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің ашылуымен құттықтады және екі елдің түрлі салалардағы ынтымақтастығы бұрын қол жетпеген биікке көтерілгенін атап айтты.– Менің сапары мның ең басты міндеті – екіжақты қатынастарымызды жаңа белестерге көтеру үшін Қазақстан Президентімен бірге бар күш-жігерді жұмсау. Қазақстан – тартылған қытай инвестицияларының көлемі жағынан ТМД-дағы ірі ел. Қазақстанмен бірге біз құбыр желісін және шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығын салдық. Табысты ынтымақтастықтың мұндай мысалдары өте көп, – деді Си Цзиньпин.
ҚХР Төрағасы Іскерлік кеңесін құру екі ел бизнес-қауымдастықтарының сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға деген құлшынысының айғағы екенін айтып, бұл Кеңес ынтымақтастықтың жаңа үлгілерін әзірлейтініне және өзара тиімді серіктестікке компанияларды көптеп тартатындығына үміт артты.
Іскерлік кеңес отырысының барысында экономикалық және инвестициялық байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Отырыс соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Бозой-Шымкент» учаскесіндегі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырын газбен толтыруды бастауға арналған ресми салтанатқа қатысты.
Осы күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасы Төрағасы Си Цзиньпин келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді.
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастарда айтарлықтай табыстарға қол жеткізілгенін атап өтті.– Біз ортақ шекараны бекіттік, сауда айналымының көлемін ұлғайттық. ҚХР-дың Қазақстанға салған инвестициясы 20 млрд. долларға жетті. Бұл ел біздің экономикамызға инвестиция салудан барлық шет елдердің арасында үшінші орында. Газ бен мұнай құбырлары құрылысын қоса алғанда, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. «Достық-Алашанькоу» және «Қорғас-Алтынкөл» теміржол өткелдерінің ашылуы біз үшін әлемдік нарыққа қолжетімділік аясы кеңейгенін білдіреді, теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекетіміз үшін мұның маңызы өте зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сапар барысында жалпы құны 30 млрд. долларға жуық 22 келісімшартқа қол қойылатынын атап өтті.– Біз Қазақстанға қажетті мұнай өңдейтін зауыт құрылысы жөнінде уағдаластық. Үлгілі-тәжірибелік шаруашылық құру жоспары бойынша аграрлық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге қол жеткіздік. Көлік және коммуникациялар саласында келешектегі нысандар құрылысы талқыланды. Гуманитарлық саладағы, атап айтқанда, біздің студенттерді ҚХР-да және Қытай студенттерін біздің Университетте оқытудың бірқатар бағыттары қарастырылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы жоспардың бәрі тату көршілік және бір-бірінің ісіне араласпау шартымен жүзеге асырылатыны атап өтілді. Мемлекет басшысы Қазақстан Қытайды өңірлік қауіпсіздікке, экстремизмге, терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес мәселелері бойынша қолдайтынын да атап өтті. Бұған қоса, Қазақстан Президенті еліміздің Ляньюньган порты арқылы Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі көлік инфрақұрылымына шығуы маңызды екеніне тоқталды.– Осының бәрі елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін танытады. Қазіргі әлемдік экономиканың өзекті мәселелері талқыланған G20 саммитіне қатысқан біз Санкт-Петербургтан енді ғана оралдық. Барлық ел Қытайдың қарқынды дамуы өзге елдердің тұрақтылығының кепілі екендігін бірауыздан мақұлдады. Сондықтан Қытай Халық Республикасын дамытудың қабылданған стратегиялық жоспары Қазақстан экономикасының да өсуіне септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз сөзінде Си Цзиньпин біздің елдің оны үлкен әсерге бөлегенін айтты.– Бүгін біз Қазақстан Президентімен айтарлықтай нәтижелі келіссөздер өткіздік, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін ашық әрі егжей-тегжейлі талқыладық. Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелерді де қарап, талқыланған барлық тақырып бойынша кең ауқымды түсіністікке қол жеткіздік. Стратегиялық серіктестікті нығайту жөніндегі бірлескен декларацияға бірге қол қойып, алдағы жылдардың бағдарын белгіледік, сондай-ақ елдеріміз арасындағы тығыз қарым-қатынасты жалғастыратын болып шештік. Бұған қоса, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың орта және ұзақ мерзімді бағдарламасында ауқымды экономикалық әрекеттестіктің нақты бағыттары қарастырылған. Мен өзара тауар айналымының көлемін 2015 жылға қарай бірлескен күш-жігер жұмсау арқылы 40 миллиард долла рға дейін ұлғайта алатынымызға сенімдімін, – деп атап өтті ҚХР Төрағасы.
Си Цзиньпин екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы өзара тиімді сипатқа ие екенін, ортақ күш-жігер жұмсау арқылы трансшекаралық мұнай және газ құбырларын тартуды жүзеге асыруға, энергия ресурстарын барлау, өндіру және өңдеу саласында кешенді өзара іс-қимылды арттыруға болатынын атап өтті.Бұған қоса, ҚХР Төрағасы екі тарап өзара түсіністік негізінде екі ел сенімінің деңгейін көрсететін трансшекаралық суларды пайдалану жөнінде келіссөздер жүргізетініне тоқталды. Туындаған мәселелердің барлығын екі тарап бірлескен комиссия аясында одан әрі де екі елдің мүддесі үшін шешіп отыратындығы, трансшекаралық өзендеріміздің достық пен ынтымақтастық өзендеріне айналатыны айтылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды: ҚР және ҚХР арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларация, ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктер ғимаратының құрылысына өзара жер учаскелерін беру туралы келісім, Ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім, Қорғас өзеніндегі бірлескен «Достық» су торабын басқару және пайдалану туралы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы келісім, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың орта және ұзақ мерзімді бағдарламасы (2020 жылға дейін), Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Қытай Халық Республикасының энергетика жөніндегі мемлекеттік басқармасы арасындағы Көмірді кешенді өңдеу жобаларын жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ мен Ляньюньган қаласы Халық үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім.