
Қашаған кен орнында мұнай өндіру үстіміздегі жылғы 9 қыркүйекте басталады. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісі хабарлады.
Мұның жайын «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің құрылтай отырысында айтты. Оның сөзіне қарағанда, бірінші мұнай өндіру мен коммерциялық мұнай өндіруге дейінгі аралық айға жуық мерзімге созыламақшы.
Бұдан бұрын Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин Атырау облысындағы Қашаған кенішінде тәжірибелік-өндірістік мұнай өндіру жұмыстарының 2013 жылғы қазан айынан қалмай қолға алынатынын мәлімдеген еді. Каспийдің Қазақстанға қарасты шельфіндегі Қашаған кен орнынан биыл 1,5 млн. тоннадан 3 млн. тоннаға дейін мұнай алу жоспарланып отыр.
Қашаған – Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қазақстандағы аса ірі мұнай-газ кен орны. Ол 2000 жылғы 30 маусымда ашылды.
Сәкен Майлыбай.