09 Қыркүйек, 2013

Түркістан туристік орталыққа айналады

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ТуrkustanОңтүстік Қазақстан облысындағы Түркістан қаласы-тегі бір, тарихы ортақ түркі елдерінің түп қазығы. Түркістан исі мұсылман елдері үшін ғана емес, дүниежүзі халқы үшін де қасиетті мекенге айналған шаһар. Жыл сайын бұл жерге әлемнің және еліміздің әр аймағынан 700 мыңнан аса адам келеді екен. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.

Келушілердің басымдығына орай, жергілікті билік бірнеше жобаларды іске асыруды көздеп отыр. Қазіргі кезеңде Қ. А. Яссауи кесенесі маңында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңбері аясында 200 орынға лайықталған туристік орталық салынуда. Ол жерден қонақ үй, тамақтанатын орын, автотұрақ орын алады. Келесі бір ғимаратқа «Қолөнер шеберлерінің орталығы» деген атау берілмек. Осы аталған екі нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 700 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Әзірге туризмді дамытуға бағытталған жұмыстардың алғашқы нобайы осындай.

"Негізгі кесенеге келетін үлкен даңғыл жол бар. Сол даңғыл жолдан троллейбус жүргізуді қолға алмақпыз. Осы 3-4 шақырымды қамтып өтсек, ол қаланың заман талабына сай болуына, оның экологиясына, қаланың келбетіне де оң үлесін қосады", - дейді Түркістан қаласының әкімі Бақытжан Әшірбеков.

Алдағы уақытта «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайын ашу, қала тарихынан сыр шертетін түрлі кітаптарды шығару жоспарда тұр. Бастысы, ежелгі Сауран қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналады және Үкаш ата мен Гауһар ана кесенесі секілді нысандарға жол төселіп, инфрақұрылым жүргізілуде. Мұнан өзге, 3 туристік орталық ашылады. 

Данияр Түймебай.