«ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері несие берерде шаруадан 25 пайыз алғашқы жарнаны төлеуді міндеттейді. Мұндай талапты жұмысын жаңа бастап жатқан шаруа қожалықтары орындай алмайды. Лизингке техника рәсімдей алмай жүргендердің дені осылар.
Бүгінде Қазақстанның мал шаруашылығы саласының өркендеуі шаруа қожалықтарының дамуына тікелей байланысты. Əрине, Үкімет тарапынан оларға қолдан келген көмек жасалып жатыр. Дегенмен, мал шаруашылығы саласында осы күнге дейін шешімін таппаған шетін мәселелер жетерлік. Мысалы, несие ауыл тұрғындары үшін қолжетімсіз. Шағын фермерлердің кепілдікке қояр мүлкі жоқ. Осы мәселе төңірегінде Фермерлер одағының төрағасы Жигули Дайрабаев редакциямызға хабарласып, ойын ашық айтты.
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАгроҚаржы» ұйымына бірнеше рет тапсырма берді. Алайда тиімді жәрдемақша мәселесі әлі шешілмей тұр. Ауылдағы кәсіпкерлердің арзан несиеге қолдары жетпей келеді. Қазір ауылда жұмыс істейтін адам жоқ. Жастардың дені қалаға кетті. Себебі қолжетімді несие жоқ. Оны алу үшін табанынан тозады. Қазақстан бойынша 212 мың шаруа-фермер қожалықтары бар. Соның 10 пайызының ғана шаруасы дұрыс. Үкіметтің көмегі соларға тиімді. Ал қалғаны далада сабылып жүр. Несие алу үшін кепілдікке бағалы мүлік қоюы керек. Ауылдық жерде қандай екі қабатты үй болсын. Баяғы шаруашылықтың ескі ғимараттары, оның бағасы 3-4 млн теңгеден әрі аспайды. Ал несие берушілер оның өзін 500-600 мың теңгеге ғана бағалайды. Енді ойлаңыз, бұл ақшамен қандай жұмыс істейсің, 2 сиыр да келмейді ғой – дейді Ж.Дайрабаев.
Маманның айтуынша, шаруа қожалықтары несие алу үшін кепілдік мүлік ретінде малды, техниканы немесе жерді қою керек. Сонда ғана қаржы көздеріне жол ашылып, ауылдағы халықты жұмыспен қамтуға шамасы жетеді.
Осы орайда тағы бір түйткіл төбе көрсетіп тұрғандай. Бұл – қағазбастылық. Бүгінде отандық банктер 14-20 пайыз мөлшерлемемен несие береді. Оны алу оңай емес. Әуелі бизнес жоспар жасайсың. Тиісінше кепілдігі болуы керек. Содан соң, оны атқарушы органға тапсырасың. Аудандық комиссия қарап, облысқа жібереді. Облыстан қаралып қайтып келгенше бірнеше ай өтеді. Ол аздай, әлгі кәсіпкер несиесін алуға ауданға кем дегенде 4-5 рет, облыс орталығына 3-4 рет барады. Тіпті құжаттары сәйкес келіп тұрғанның өзінде, несиенің кешіктіріліп берілетін кездері бар.
– Кеңес Өкіметі кезінде 10 жыл ұжымшар басшысы болдым. Бір парақ қағазды қолымызға алып, банк басшысымен келісіп, 0,1 пайызбен қаржы аламыз. Содан соң егін орағынан кейін қайтаруға уағдаласамыз. Болды. Іс бітті. Қазір «ҚазАгроҚаржы» сенделтеді де қояды. Баяғыда жеті «баласы» бар еді, бүгінде үшеуі қалыпты. Олардың тиімді істеп жатқаны шамалы. Өздеріне жеңіл жолды қарастырып алған. Өткенде Мемлекет басшысы 2 мың адамның түк бітірмей жатқанын айтқан болатын. Сол сөз рас. Оның барлығы шаруалар арқасында күнелтіп жүр. Шаруаны шырылдатпай, еңбек адамына мүмкіндік беру керек. Менің жекеме қаншама хаттар келеді. Техникасы бұзылған фермерлер құрал-жабдық таппай жер-көкті шарлайды. «Беларусь» тракторы 3-4 млн тұратын, ал қазір 9 млн теңгеден жоғары. Жоспарлап жұмыс істеуді ұмыттық. Жаңадан қаржы ұйымын ұйымдастыру қажет – дейді одақ төрағасы.
Ауыл шаруашылығының тағдыры – елдің тағдыры. Шынында, карантин кезінде таңның атысы мен күннің батысы шаруалар ғана жұмыс істеп жатыр. Елдің еңсесін көтеретін егін уақыты. Ертең дағдарыстан алып шығатын осы шағын және орта бизнес өкілдері емес пе?! Әйтсе де әлі дизель отыны мен техникаға қолы жетпей жатқан қаншама шаруашылық бар. Мұны да Ж.Дайрабаев тілге тиек етті. «Ауруыңды жасырғанмен өлімің әшкере болады» демекші, шаруалардың бір-бірінен қарыз алуы әдетке айналғалы қашан?! Дизель тапшылығы, тұқым жетіспеушілігі осының бәрі жұмысты тежейді. Әрбір шаруа иесінің мың гектардан астам жері бар. Оның бәрі 49 жылға мемлекеттен жалға алынған. Соны кепілге алып, әр гектарына 30 мың теңгеден берсе, 30 млн ақша болады. Осы қаржыға кез келген шаруа өз өзін қамтамасыз ете алады ғой. Осы да қиын ба? Еңбек адамы әрқашан еркін болуы тиіс».
Қарапайым тілмен айтсақ, жәрдемақшаны қара халық алуы қажет. Өйткені ол жаңа техника сатып алып, малының басын өсіреді. Егістігінің аумағын ұлғайтып, жаңа тыңайтқыштар алып, астығының сапасын арттырады. Өз балаларын кәсіпке үйретіп, туған-туыстарын еңбекке тартады. Әлеуметтік жауапкершілік сезініп, өзінің ауылын өркендетуге үлес қосады. Алайда сол субсидияның бар екенін, мал басына берілетінін білмейтін де азаматтар кездеседі. Жәрдемақша кімге және не үшін беріледі? Әрине ауылдағы шағын шаруа қожалықтарын қолдау үшін... Бірақ оған көбіне ірі кәсіпорындар өтініш беретіні ақиқат. Ал шағын шаруа қожалықтарының ала алмайтын себебі, малының басы аз, жерінің аумағы кішкентай, техникасы жоқ. Мінеки, осы мәселені ескерсе?!