Қоғам • 16 Сәуір, 2020

Карантиндегі Қазақстан: Денсаулық та, қаржы нарығының орнықтылығы да қажет

239 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін Алматының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков брифинг өткізді. Онлайн жиынның басты тақырыбы «ТЖ және карантин жағдайында қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету қызметі мен қаржы ұйымдарының қызметін бақылау туралы» болды.

Карантиндегі Қазақстан: Денсаулық та, қаржы нарығының орнықтылығы да қажет

– Қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету – Агенттік қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Ағымдағы жағдайда, яғни төтенше жағдай режимінің банктердің қарыз алушыларына және тұтастай алғанда қаржы секторына теріс әсерін жұмсартуға бағытталған жұмысқа баса назар аудару керек.

Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайларға барынша дайын болды, мұны 2019 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау көрсетті. 2008 жылдан бері жинақталған көптеген проблемалар анықталып, реттелді. Сонымен бірге банк секторының барынша жоғары өтімділік деңгейі бар.

Банктердегі бизнес-процестердің сапасын жақсарту жөніндегі жүйелік жұмыс жалғасуда. Қазіргі уақытта Агенттік AQR нәтижелері бойынша түзету шараларының жоспарларын банктермен келісу жөніндегі жұмысты аяқтап келеді, деді Олег Смоляков.

Сондай-ақ Қаржы нарығын  реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары төмендегідей ақпараттармен бөлісті.

Сонымен бірге капиталдандыруға қолдау көрсету жөніндегі талаптары және қаржылық орнықтылықты арттырудың қолданыстағы бағдарламасы шеңберінде ағымдағы кредиттік тәуекелдерді қамтамасыз ету тетіктері уақтылы әрі орынды болғанын  пандемиямен байланысты ағымдағы жағдай көрсетіп отыр.

Сонымен қатар сұраныстың, кірістердің төмендеуіне, кәсіпорындар қызметінің тоқтатыла тұруына байланысты экономиканың нақты секторында жаңа тәуекелдер туындауда, олар қаржы секторына да әсер етеді.

Коронавирус пандемиясының теріс салдарларын еңсеру, бизнесті кредиттеуге қолдау көрсету және қарыз алушылардың борыш жүктемесімен байланысты тәуекелдерді азайту үшін дағдарысқа қарсы мынадай қосымша шаралар қабылданды:

1) 2020 жылғы 30 наурыз - 30 қыркүйек аралығындағы кезеңде пруденциялық реттеудің уақытша контрциклдік шаралары енгізілді.

2) ШОБ жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда, ол үшін 600 млрд теңге бөлінді.

3) ТЖ зардап шеккен қарыз алушылар төлемдерінің мерзімін кейінге қалдыру көзделді.

Атап айтқанда, мыналар көзделеді:

Пруденциялық реттеудің уақытша шаралары капиталды және кредиттеу, ең алдымен шағын және орта бизнес субъектілерін кредиттеу үшін өтімділікті босатуға бағытталған.

Коронавирус инфекциясы пандемиясына және оның Қазақстанның экономикасына теріс әсеріне байланысты төтенше жағдайдың нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, дара кәсіпкерлерді қолдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (ШОБ) жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.

Бағдарлама екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға  8%-бен жеңілдетілген кредит беруі арқылы іске асырылуда.

Активтерінің сапасын тәуелсіз бағалаудан (AQR) өткен және портфелінде ШОБ қарыздары бар 13 қатысушы банк айқындалды.

Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу, басқа банктердегі депозиттерге орналастыру, шетел валютасын сатып алу үшін пайдалануға тыйым салынды.

Ағымдағы жылғы 14 сәуірдегі жағдай бойынша, яғни Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 12 күн ішінде шағын және орта  бизнес субъектілерінен 213,9 млрд теңге сомаға 1 131 өтінім түсті, оның ішінде 41,7 млрд теңге сомаға 92 өтінім мақұлданды.

Қарыз алушылардың қаржыландыруды алу мерзімдерін қысқарту үшін банктердің Бағдарлама бойынша қаржыландыруға өтінімдерін келісудің оңтайлы тетігі әзірленді.

Төтенше жағдай режимін енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықты, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Агенттік бірқатар жедел шаралар қабылдады:

- барлық қарыз (микрокредит) бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды, сондай-ақ төлемдер мерзімінің өтіп кетуі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды;  

- 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрды.

Бұл талаптар барлық екінші деңгейдегі банктерге, ломбардтарды қосқанда,  микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады.

Төлемдерді кейінге қалдыру:

жеке тұлғаларға: ХӘОТ, АӘК алушыларға, тіркелген жұмыссыздарға, қаржылық қиын жағдайдағы өзге азаматтарға беріледі.

ШОБ субъектілеріне: экономиканың зардап шеккен немесе қаржылық жағдайы нашарлаған салалары.  

Бүгінгі күнге 4,4 трлн. теңге сомаға 5,3 млн. жуық азаматтың және 3,9 трлн. теңге сомаға 26,2 мыңға тарта  шағын және орта бизнес субъектілерінің банктік қарыздары және микрокредиттер бойынша берешектері бар.

Ағымдағы жылғы 14 сәуірде жиынтығында 1,5 млн қарыз алушы және 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінімдерін берді.

186,1 млрд теңге сомасына 1 340 707 адам (яғни өтінім берген азаматтардың 89%-ға жуық) және 131,4 млрд теңге сомасына 9 822 ШОБ субъектісі (өтінім берген ШОБ субъектілерінің 81%-ы) төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды.

Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде қарыз алушылар бойынша  шағым-талап жұмысы тоқтатылады.

Жеке тұлғалардың кредиттік тарихын қалпына келтіру үшін қарыз алушы үшін 12 ай ішінде мерзімі өткен берешектің 50%-нан астамын өтеген және кейіннен міндеттемелерін орындаған жағдайда жағымсыз кредиттік тарихын түзету мүмкіндігі көзделген.

Бұдан басқа, банктермен бірлесіп, халықты қолдау және әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекет іске асыратын шараларды жедел қызмет көрсету жүзеге асырылады.

Халықтың осы төлемдерді тез арада алуы үшін банктер көрсетілген төлемдерді қолда бар кез келген банк шоттарына аударады.

Бүгінде әлеуметтік төлемдер беру мақұлданған азаматтардың жалпы санының 92%-дан астамында төлем карталары бар.

Агенттік Әділет және қаржы министрліктерімен, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен бірлесе отырып, олардың алға қойған шектеу шараларын жою бойынша жұмыс жүргізді.

Өз кезегінде, банктер әлеуметтік төлемдер түсетін банктік шоттарға қойылатын өз талаптарын алып тастау шараларын қабылдайды.

Агенттік пен банктер банктің бөлімшелеріне бармай-ақ, төлем карточкаларын үйге жеткізуді қоса алғанда, шоттарды қашықтан ашудың алгоритмдерін пысықтады.

14 қаржы институты: 13 банк және «Қазпочта» АҚ шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын жеткізу қызметтерін ұсынады.

Шотты ашу дереу онлайн режимінде, ал карталарды жеткізу қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшаны                             4 банкте төлем картасын пайдаланбай алуға болады, оларға халықтың барлық банктік шоттарының 82%-ы және әлеуметтік төлемдер мақұлданған азаматтардың 84,4%-ы тиесілі.

Агенттік банктердің осы бағыттағы жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ банктік қызмет көрсетудің қашықтан жұмыс істейтін арналарын пайдалану қажеттілігі бөлігінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын алу бойынша қызмет көрсететін қаржы институттарының толық тізімі Агенттіктің сайтында, fingramota.kz сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылған.  

Банктерге банктік шот ашуды және жүргізуді, мұндай шоттан ақша алу немесе аударуды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдерге байланысты клиенттердің кез келген операциялары бойынша комиссия алуға жол бермеу туралы қосымша хабарланды.

Қазіргі жағдайда қаржы нарығы субъектілерінің қызметін бақылау шеңберінде Агенттік төтенше жағдай енгізілген кезеңде халыққа және кәсіпкерлікке қолдау көрсету шараларының орындалуын бақылауға және тиісті қадағалап реттеуге негізгі басымдық беріп отыр.

Агенттік  жедел желісін (call-орталық +7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122, электрондық почта: Fingramota@finreg.kz) қосты, ол арқылы халыққа және ШОБ өкілдеріне консультация беріледі және проблемалық мәселелер жеке тәртіппен шешіледі. Қазіргі таңда жедел желі арқылы 16 мыңнан астам азамат консультация үшін хабарласты.

Агенттік банктермен бірлесе отырып өтініш берушілердің мәселелерін қарап,  оларды реттеуді жедел режимде жүзеге асырғанын атап өту қажет. Мерзімін кейінге қалдыру, әлеуметтік және қайырымдылық  төлемдерін аудару мәселесі бойынша өтініштердің шамамен 7 000-ынан банктер мен өзге ұйымдар оның 70%-дан астамын оң шешім шығарып қарастырған.

Мемлекет басшысының төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілерін қолдау мәселесі бойынша тапсырмаларын орындау шеңберінде «Атамекен» ҰКП-мен өзара тығыз іс-әрекет ете отырып, өтініштердің және бизнестің өзекті проблемалық мәселелерінің есебі жүргізілуде. ШОБ субъектілерінің жеке берілген өтініштері қарау үшін жедел режимде банктерге жіберілуде. 

Агенттік қаржы нарығындағы ахуалға стресс тестілер өткізу және экономика дамуының түрлі сценарийлерін бағалау арқылы да күн сайын мониторингті жүзеге асыруда. Стресс тестілер нәтижелері негізінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды іске асыру қажеттілігі қаралатын болады.