Қоғам • 16 Сәуір, 2020

Елімізде 26,2 мыңға тарта ШОБ-тың 3,9 трлн теңге банктік қарыздары мен микрокредиттік берешегі бар

223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков брифинг өткізіп, төтенше жағдай кезіндегі  қаржы нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету мен қаржы ұйымдарының қызметі туралы баяндады.

Елімізде 26,2 мыңға тарта ШОБ-тың 3,9 трлн теңге банктік қарыздары мен микрокредиттік берешегі бар

Олег Смоляковтың мәлімдеуінше, Банк секторы ағымдағы дағдарысты жағдайларға барынша дайын болған, мұны 2019 жылы жүргізілген банк секторы активтерінің сапасын бағалау көрсетті. 2008 жылдан бері жинақталған көптеген проблемалар анықталып, реттелген. Сонымен бірге банк секторының барынша жоғары өтімділік деңгейі бар.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Коронавирус инфекциясы пандемиясына және оның Қазақстанның экономикасына теріс әсеріне байланысты төтенше жағдайдың нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, дара кәсіпкерлерді қолдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Ұлттық Банк Агенттікпен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін (ШОБ) жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы әзірленгенін алға тарта келе, төмендегі мәселелерді де қамтыды.

Бағдарлама екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен ШОБ субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге айналым капиталын толықтыруға 12 айға  8%-бен жеңілдетілген кредит беруі арқылы іске асырылуда.

Активтерінің сапасын тәуелсіз бағалаудан (AQR) өткен және портфелінде ШОБ қарыздары бар 13 қатысушы банк айқындалды.

Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу, басқа банктердегі депозиттерге орналастыру, шетел валютасын сатып алу үшін пайдалануға тыйым салынды.

Биылғы 14 сәуірдегі жағдай бойынша, яғни Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап 12 күн ішінде шағын және орта  бизнес субъектілерінен 213,9 млрд теңге сомаға 1 131 өтінім түсті, оның ішінде 41,7 млрд теңге сомаға 92 өтінім мақұлданды.

Қарыз алушылардың қаржыландыруды алу мерзімдерін қысқарту үшін банктердің Бағдарлама бойынша қаржыландыруға өтінімдерін келісудің оңтайлы тетігі әзірленді.

- барлық қарыз (микрокредит) бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеуге тыйым салынды, сондай-ақ төлемдер мерзімінің өтіп кетуі күнтізбелік 90 күннен асатын жеке тұлғалардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салынды;

- 2020 жылғы 16 наурыз – 15 маусым аралығындағы кезеңде банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру арқылы жеке және заңды тұлғаларға негізгі борыш пен сыйақы төлеу тоқтатыла тұрды.

Бұл талаптар барлық екінші деңгейдегі банктерге, ломбардтарды қосқанда,  микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, онлайн-кредит беру компанияларына, кредиттік серіктестіктерге қолданылады.

Төлемдерді кейінге қалдыру:

жеке тұлғаларға: ХӘОТ, АӘК алушыларға, тіркелген жұмыссыздарға, қаржылық қиын жағдайдағы өзге азаматтарға беріледі.

ШОБ субъектілеріне: экономиканың зардап шеккен немесе қаржылық жағдайы нашарлаған салалары.  

Бүгінгі күнге 4,4 трлн. теңге сомаға 5,3 млн. жуық азаматтың және 3,9 трлн. теңге сомаға 26,2 мыңға тарта  шағын және орта бизнес субъектілерінің банктік қарыздары және микрокредиттер бойынша берешектері бар.

Биылғы  жылғы 14 сәуірде жиынтығында 1,5 млн қарыз алушы және 12,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға өтінімдерін берді.

186,1 млрд теңге сомасына 1 340 707 адам (яғни өтінім берген азаматтардың 89%-ға жуық) және 131,4 млрд теңге сомасына 9 822 ШОБ субъектісі (өтінім берген ШОБ субъектілерінің 81%-ы) төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды.

Төлемдерді тоқтата тұру кезеңінде қарыз алушылар бойынша  шағым-талап жұмысы тоқтатылады.