Аймақтар • 16 Сәуір, 2020

Жаркенттік диқандар жүгеріні жаңа технологиямен өсіреді

1086 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жері шұрайлы Жетісуда өсетін төл дақылдың бірі – жүгері. Аймақта жүгері шаруашылығының жұмысы жанданған. Алқап көлемі артып келеді. Биыл облыс бойынша 85 мың гектарға жуық алқапқа дән себілмек.

Жаркенттік диқандар жүгеріні жаңа технологиямен өсіреді

Жалпы, Алматы облысының Панфилов ауданы отандық жүгері өсірушілердің отаны іспетті. Ал өңірдегі өнім көлемінің 33 пайызын осы аудан беріп отыр екен. Қазір де Жаркент маңындағы жер емген жұрт егіс басында. Жұмыс қарқын алған. Бұл іске білек сыбана кіріскендердің басында «Көктал Агро» серіктестігінің диқандары тұр. Өткен жылы шаруашылық жүгеріден мол өнім жинаған. Табыстың бір сыры көктемгі дала жұмысына тыңғылықты әзірлену мен күтіп-баптау әдісінің озықтығында жатыр екен. Серіктестік соңғы жылдары барлық егіс алқаптарындағы жұмысқа заманауи технология қолданып жүр. Агротехникалық шарасы да ғылыми жаңалыққа негізделіп жүргізіледі. Мысалға, егістікті тамшылатып суғару әдісі шығынды азайтып, өнімді арттыруға көп септігін тигізіпті. Қазір шаруашылық 1500 гектарға жүгері егуді бастады. Жоңышқа тұқымын себу де жүріп жатыр.

- Мына тамшылатып суғару әдісінің пайдасы көп екен. Өткен жылы бұған анық көз жеткіздік. Суды аз жұмсап, өнімді артық алуды білдік. Бұрын біз алқапты суғару үшін секундына 700 литрге дейін су пайдаланатынбыз. Жаңа әдісті қолданғаннан кейін бұл шығын 100 литрге дейін азайды. Есесіне, өнім көлемі 2-3 есеге көбейді. Басқа шаруалар жүгерінің гектарынан 7,8 тоннадан алғанда, біздің әр гектардан орған жүрегіміз 18 бен 20 тоннаның арасында болды, - дейді «Көктал Агро» серіктестігінің басшысы Жәнібек Оханов.

Осы тамшылатып суғарудың арқасында шаруашылық диқандары былтыр жоңышқаны төрт рет орып алыпты. 300 гектарға өсетін мал азығынан жиналған мұндай мол өнім бұрын-соңды болмаған-ды. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі адам еңбегін аса қажет етпейтіндігінде. Яғни, суару жұмысы цирфлы жүйеде басқарылды. Жұмыс үдерісін кәдімгі ұялы телефонға қойылған қосымша арқылы қашықтан-ақ басқаруға болады екен. Ол үшін интернет байланысы ғана керек. Бастапқыда егіс алқаптарындағы телефон байланысының өзі қиын болыпты. Бірақ, шаруашылық басшысы бұл мәселені жылдам шешкен. Қазір «Көктал Агроның» алқаптарында мобильді құрылғы жұмыс істеп тұр. Байланыс түзелді, интернет бар.

Енді «Көктал Агро» басшылығының жаңалыққа толы тәжірибиесі аудандағы басқа да шаруашылықтарға да жұғысты болуы тиіс. Ал есеп бойынша Панфиловта 5 мыңға жуық жеке шаруа қожалығы бар. Топырақ тіні жыли бастағанда өңірдегі тұқым себу ісі толық күшіне енеді. Оған дайықтық бар. Әсіресе, жүгері алқабындағы еңбек жемісті болуы керек. Табыс та соған қарай еселенбек. Айтпақшы, былтыр аудан диқандары 166 мың тонна жүгері жинаған екен.