10 Қыркүйек, 2013

Ондыққа тиген он жол

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күрес Олимпиадада қалды. Арген­тинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық олимпиада коми­тетінің кезекті сессиясында күрес түрлерін Олимпиада бағдарламасында қалдыру туралы шешім қабылданды.

 

 

• Күрес Олимпиадада қалды. Арген­тинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен Халықаралық олимпиада коми­тетінің кезекті сессиясында күрес түрлерін Олимпиада бағдарламасында қалдыру туралы шешім қабылданды.

8 қыркүйек күні өткен дауыс беру кезінде ХОК 49 мүшесі күресті, 24 мүшесі бейсболды, 22 мүшесі сквошты жақтап дауыс берді.

• «Барыстың» бабы жақсы. Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы басталды. Астананың «Барыс» командасы алғашқы ойынын өз алаңында Череповецтің «Северсталь» клубымен өткізіп, 10:1 есебімен ұтты.

Ал Жоғары хоккей лигасында жаңа маусымын бастаған Қарағандының «Сарыарқа» клубы, өкінішке қарай, Нефтекамскіде «Торос» командасынан 3:4 есебімен жеңіліп қалды.

• Регбиден Қазақстанның әйелдер құ­рамасы Алматыда өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, келер жылы Францияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.

Қазақстан мен Жапония арасында өткен финалда біздің құрама 25:23 есебімен жеңіске жетті. Қола жүлдені Сингапур жеңіп алды.

• Астанада – көкпардан Азия чемпио­наты. 10-15 қыркүйек күндері қаланың «Қаза­нат» атшабарында елімізде көкпар­дан тұңғыш рет І-ашық Азия чемпионаты өтеді.

Оған біздің елден басқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, Моңғолия елдерінің спортшылары қатысады.

• Жасөспірімдер жақсы бастады. Жексенбі күні Украина астанасы Киев қаласында бокс­тан жасөспірімдер ара­сындағы әлем чемпио­наты басталады.

Онда 46 кг. салмақ дәрежесінде Әлімжан Бескемпір, Сабыржан Әбілов (54 кг), Жұмагелді Раев (75 кг.) алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетті.

• Спортта Вудстан асқан бай жоқ. Жа­қында «Forbes» журналы әлемнің ең бай спорт­шыларының тізімін жариялады.

Әлемдегі ең бай спортшылардың тізімін АҚШ гольфшісі Тайгер Вудс бастап тұр. Оның жылдық табысы – 78,1 млн. АҚШ доллары. Екінші орында   швейцариялық теннисші Роджер Федерер. Оның табысы – 71, 5 млн. доллар. Америкалық баскетболшы Коби Брайант 61,9 млн. доллармен үшінші орында тұр.

• Кличко бокстан кетемін деп жатыр. Бокстан WBC тұжырымы бойынша аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Виталий Клич­ко 2014 жылы спорттан кетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Ағайынды Кличколардың K2 Promotions промоутерлік компаниясының өкілі Том Леффлердің айтуынша, Виталий Кличко енді бір ғана кездесу өткізуі мүмкін. Ол чемпиондық атаққа үміткер канадалық Бермейн Стивернмен қолғап түйістіреді.

• Флайборлинг - жаңа спорт түрі. Әлем­де осындай атпен спорттың жаңа түрі пайда болды.

Әзірге бұл спортпен 30 жастағы Ұлы­британия азаматы ғана айналысады. Ол реактивті әскери қапшық киіп, су айдынынан 9 метрге дейін көтеріледі. Су өткізбейтін арнайы зымыран жәкеттің құны 15 мың фунт стерлинг тұрады.

• Бұрын-соңды болмаған рекорд. Голлан­дияның Роттердам қаласында Кайл есімді баскетболдың әуесқой ойыншысының 98 метр биіктіктен лақтырған добы себетке дәл түсті.

Әлемдік рекордты жаңарту үшін ол Роттер­дамның әйгілі «Еуромаст» мұнарасына шыққан. Ал себет мұнараның дәл астына орнатылған. Баскетболшы допты торға дәл түсірді.

«Егемен-ақпарат».

Соңғы жаңалықтар