Э.Макрон аталған басылымның кезекті сұрағына жауап бергенде Қытайдың коронавируспен күресі сәтті өткеніне сену аңғалдық екенін жеткізді. Financial Times тілшісі «Қытайдың індетпен күресуге қатаң тәртіп ұстануы батыс демократиясының әлсіздігін білдірмей ме?» деп сұраған. Макрон ашық қоғам мен шындық айтылмайтын қоғамды салыстырмау керектігін айтты.
«Осы ерекшеліктерді ескеріп, Қытайдың індетпен күресте бізге қарағанда сәтті әрекет еткеніне сену аңғалдық. Бізге белгісіз. Онда бізге беймәлім жағдайлар болғаны анық», деді Франция президенті.
Э.Макронның Қытайға тиісе кетуі бекер емес. Франциядағы Қытай елшілігінің сайтында батыс елдері қария кісілерге көмектеспей, өлуге қалдырып кетті деген мақала жарияланған-ды.
Аталған жазба үлкен дау туғызды. Осыған байланысты, Францияның Сыртқы істер министрлігі Қытай елшісін шақырып алып, біраз «сабақ» беріп жібергенге ұқсайды. Көп ұзамай Қытай үкіметінің өкілі Чжао Лицзян Бейжің тарапы Францияның пандемиямен күрестегі іс-қимылдарына шәк келтірмейтінін мәлімдеді.
Айта кетерлігі, қазіргі таңда Францияда коронавируспен ауырғандар саны 150 мыңға жақындап, 20 мыңға жуық адам қаза тапты.