«Вирус Қытайдың Ухань қаласынан шыққаны мәлім. Сондай-ақ қаладағы жануарлар базары Ухань биологиялық институтынан таяқ тастам жерде тұрғаны да белгілі. Әлі де анықтайтын мәселе көп», деді Майк Помпео Fox News арнасына берген сұхбатында.
Ғалымдар АҚШ мемлекеттік хатшысы айтқан жануарлар базары коронавирустың шыққан жері болуы мүмкін деген болжам айтқан еді. Бұдан бөлек, М.Помпео Қытай билігін ашықтыққа шақырды.
«Дәл қазір керегі – Қытай билігінің ашықтығы. Олар ынтымақтасуға әзір екенін айтады. Мұның ең тиімді жолы – әлемге, әлемнің ғалымдарына вирус қалай шыққанын, қалай тарағанын анықтауға мүмкіндік беру», деді М.Помпео.
Айта кетерлігі, АҚШ тарапы Covid-19 вирусы Уханьдағы биологиялық зертханада жасалуы мүмкін екенін алға тартып отыр. Қытай билігі мұны жоққа шығарды. Ғалымдардың пайымдауынша, вирус табиғи жолмен пайда болған, генетикалық өзгеріс енгізілмеген. Әйтсе де, Covid-19-дың қалай шыққаны туралы мәлімет нақты емес.