Абай • 19 Сәуір, 2020

Оралда Абай конференциясы онлайн өтті

852 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Абай мұрасы – өскелең ұрпақты рухани жаңғыртушы әлеует» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оралда Абай конференциясы онлайн өтті

Университеттің қазақ филологиясы кафедрасыұйымдастырған онлайн конференцияға Алматыдан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Ақтөбеден Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Шымкенттен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Оралдан Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғалым-ұстаздары, облыстық білім және тілдерді дамыту басқармалары, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және өзге де білім беру ұйымдарының өкілдері, жоғары оқу орнының студенттері мен магистранттары қатысып, онлайн форматта пленарлық мәжілісті жүзге тарта адам тыңдап отырды.

Конференцияға Түркияның Анкара қаласынан арнайы қосылған ғалым, жазушы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглы Түркі өркениетіндегі Абайдың феномендік тұлғасына тоқталып, Абайдың қазақ жұртына ғана емес, әлемдік рухани өркениеттік тұлғаға айналғанын атап өтті. Мәңгілік адамзаттық мәселелердің өзегін қозғаған ұлы ақынның шығармашылығы түркі халықтары үшін де маңызды мұра деп баға берді. Ақынның шығармашылығының шетел тілдеріне аударылуы, оның ішінде түркі тіліне аударылудың маңыздылығына тоқталды.

Ғ

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, Абайтану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Серікқазы Қорабай Абай поэзиясының ренессанстық сипаты туралы сөз қозғаса, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр «Абай поэзиясының орта түркілік әдебиетпен сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасап, Абай шығармашылығына әсер еткен түркілік өркениет туралы айтты. Хәкімнің шығармашылығын Алтын орда дәуірі мұраларымен байланыстыра зерттеу, оның тақырыптық, идеялық үндестігін, тілдік деректерді терең талдау қажеттігі жайлы пікірлерімен бөлісті.

Махамбет университетінің жанындағы «Рухани жаңғыру» ғылыми-зерттеу институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев пен оқу орнының қазақ филологиясы кафедрасы доценті, филология ғылымдарының кандидатыЖангелді Шайекенов бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесі үшін Абай ілімі мен білімінің маңыздылығына тоқталды.

- Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ХІХ ғасырда өмір сүрген данышпанның құнды ойлары ХХІ ғасырда да өзектілігін жоғалтпағанын, ол ой-тұжырымдар мен ақыл-кеңес бүгінгі қоғамға да рухани азық болып қалатыны айтты. Ақын сөзінің қай-қайсысы да мәнді де мағыналы өсиет. Абай сол заманның өзінде білім мен ғылым ілгерілемей, елдің дамуы болмайтынын анық айтқан. Білім мен ғылымды дамыту арқылы ғана өркениетті дамыған елдердің көшіне ілесетініміз анық. Біз ұлы Абайдың шығармаларындағы адамзаттық құндылық пен ізгілікті сіңіріп, «толық адам» тұжырымын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Абайдың ілімі жанды да, арды да тазалайды. Ілім мен білімді меңгерген, арлы да ізгі адам «толық адам» санатында болмақ, - дейді Махамбет университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева.

Онлайн конференцияда Абай шығармаларын орта мектеп жүйесінде оқытудың жаңа әдістері де ортаға салынды. Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің эксперт-мұғалімі Жансауле Мақсотова жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша Абай шығармаларын оқылым стратегиялары арқылы меңгерту жолдарын көрсетуге арналған сабақ үлгісін көрсетті.

 

Батыс Қазақстан