Мектептегі оқу көктемгі егіске дейін аяқталып, оқушылар ересектермен бірге таңның атысынан күн батқанша, егісте жер жыртудан бастап бидай масақтарын жинауға дейінгі жұмыстарды атқарды.
Егіс шаруашылығында еңбектің звенолық түрі «Жоғары еңбек звеносы» ұйымдастырылған.
Мұндай звенолар 1942 жылы «Отөзек» колхозында Анна Дацкова, 1943 жылы сәуір айында «Қызылқоғам» колхозындағы мұғалім Мүнира Сатыбалдина, Балтабай Сомжүрекованың бастауымен құрылды. Облыс көлеміндегі звено саны 388 құраған.
Тылдағы халық Екінші дүние жүзілік соғыс жылдары «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» ұранымен жауынгерлерге арналған киімдер майданға жіберген.
Облыс тұрғындарынан майдандағы жауынгерлер 1942 жылы жалпы салмағы 17 мың келі болатын 1264 сәлемдеме алған.
Майданға 10360 жұп пима, 4190 шолақ тон, 10709 құлақшынды тымақ, 1639 тері желеткелер, он мың жұптан аса тері қолғаптар, мақта фуфайкалар мен шалбарлар және басқа бұйымдар жібереді.
Архив және облыстық музейде соғыс жылдары Қайырбек Баженеев, Жақия Жаңатаев, Ғаббас Ыдырысханов сияқты колхоз басшылары әрқайсысы қорғаныс қорына 100 мың сом астам ақша аударғандары жайлы құжаттар сақтаулы.
Кейін Ғаббас Ыдырысханов басқарған «Соревнование» колхозшылары қорғаныс қорына 25 мың сом, 21 мың пұт астық тапсырғаны жазылған.
Павлодар облысы