Спорт • 19 Сәуір, 2020

Қазақ боксының қара нары

1897 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әбдісалан Нұрмаханов Қазақстан спорты тарихында өшпес із қалдырған азамат. Ол бокстан ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, КСРО халықтары спартакиадасының екі дүркін қола жүлдегері, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы. Көзі тірі болғанда Әбдісалан ақсақал бүгін 84 жасқа толатын еді...

Қазақ боксының қара нары

Алпысыншы жылдары аса ауыр салмақ дәрежесінде Әбдісалан Нұрмаханов КСРО-ның ең таңдаулы боксшыларының бірі болды. Тіптен, өз дәуірінің теңдессізі саналған Андрей Абрамов қазақтың қайсар ұлының ауыр соққысынан есін әзер жиған. Басқа да алыптар Әбекеңнің алдында тізе бүкті. Бірақ сол кездегі соқыр саясаттың салдарынан ағамыз өз несібеден қағылды. Әйтпегенде ол әлдеқайда биік белестерді бағындыратын еді.

Кейіннен бапкерліктің қамытын киген Әбдісалан ағамыздың бұл кәсіпте де бағы жанды. Қазақстан тәуелсіздік алған тұста ұлттық командамыздың тізгінін ұстады. Ол баптаған боксшылар 1994 және 1995 жылғы Азия чемпионаттарында 11 алтынды иеленіп, командалық есепте көш бастады. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында отандастарымыз 1 алтын, 1 күміс және 2 қолаға қол жеткізіп, әлемнің озық үш командасы қатарына қосылды. Айта берсек, Нұрмахановтың қазақ боксына сіңірген еңбегі ұшаң-теңіз.

Көзі тірісінде қазақ боксының қара нарымен сан мәрте сұхбаттасудың реті келген еді. Сол кездерде асыл ағамыздың аузынан шыққан мына бір сөздер жадымда сақталып қалыпты: «Менің бар ғұмырым спорттың төңірегінде өтті. Жүріп өткен жолыма зер салсам, бағындырған асуларым аз болмапты. Әуелде боксшы ретінде біраз табыстарға жеттім, содан бапкерлік пен ғылым жолына түстім. Бірақ қай салада да атақ пен абырой оңайлықпен келген жоқ. Өмірдегі өз несібемді алу үшін білек сыбанып айқасуға тура келді. Әуелі бокста көзімді бақырайтып қойып, өзімнен әлдеқайда осал боксшыға жеңісті беріп жіберген сәттер аз емес. Амал нешік, көндік. Содан 1972 жылы ғылым жолына түсіп, адам ағзасына зиян келтірмей салмақ қуу жайында кандидаттық дисертация қорғадым. Ол еңбегімде моншада тер шығару арқылы артық салмақтан арылуға болатын дәлелдеп бердім. Іле-шала «Осы да еңбек пе?!» деп тырнақ астынан кір іздегендер табылды. Әйтсе де уақыттың өзі бұл еңбегімнің құндылығын дәлелдеді. Уақыт оза ол реніштер ұмытылды. «Ол кезде заман солай болған еді» деп өз-өзімізді жұбаттық. Ал егеменді ел болғанда өз қандастарымның жасаған қиянаты есіме түссе, көңілім нілдей бұзылады. Атлантадағы ойындардан кейін қызметтен кетіп, Олимпиада каһармандарының құрметіне өткен үлкен жиынға шақырылған жоқпын. Маған соншалықты опасыздық жасайтындай не істеп қойдым? Бар айыбым – ел спорты үшін ерінбей еңбек етіп, Алланың қолдауымен төрт бірдей шәкіртімнің Олимпиада тұғырына көтерілуіне себепкер болғаным ба? Сол кезде қатты күйіндім. Қолды бір сілтеп кетіп қалғым келді. Бірақ, боксты тастап мен қайда барамын. Жастық шағымда да, есейген кезімде де қолымнан былғары қолғап түспеген. Қалған өмірімде осы салада өтсе, арманым жоқ. Қиналған сәтте қолтығымнан демеген халқыма рахмет. Мен үшін халықтың ниеті мен ықыласы кеудеде жарқыраған орден мен медальдан қымбат.

13

2002 жылдың шілде айында Әбдісалан Нұрмаханов Алматыдағы өз ұйінің маңында қандықол қарақшының қолынан қаза тапты. Қазақ боксының қара нары атанған азаматтың фәниден бақиға аттанғанына талай жылдың жүзі болса да, ел-жұрты асыл азаматты ұмытқан жоқ.