Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Инфекционист дәрігер: Індетті ауыздықтаудың мүмкіндігі ұлғайып келеді

569 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында коронавирустан емделіп, ауруханадан шыққан науқастар қатары көбейіп келеді. Бұл жағымды хабар ел көңілін орнықтырып, жұқпалы індетпен күресу жұмыстарының жоғары деңгейде екенін көрсетті. Яғни, аймақтағы ақ желеңді абзал жандардың жанқиярлық еңбегі мен білім-білігінің, тәжірибесінің арқасында бұл дертті ауыздықтаудың мүмкіндігі ұлғая түсті.

Инфекционист дәрігер: Індетті ауыздықтаудың мүмкіндігі ұлғайып келеді

Жетісу жеріндегі жұқпалы індеттің алғашқы ошағы Қарасай ауданынан анықталған болатын. 21 наурыз күні Стамбұл – Бішкек бағытындағы әуе рейсі арқылы Меккеден ұшып келген жолаушыдан коронавирус анықталып, ол Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланған еді. Сол күннен бастап Қарасай ауданының дәрігерлері дауасыз дерттің құрығына ілінген адамның өмірі үшін күрес бастаған. Дәрігерлердің кәсіби қызметінің арқасында науқастың беті бері қарап, сәуірдің оны күні оған ауруханадан шығуға рұхсат берілді. Бұл облыстағы коронавирустан айыққан алғашқы пациент еді. Оның ізін ала жақсы хабар тарай бастады. Қазір Қаскелеңдегі ауруханадан емделіп шыққан науқас саны мезгіл сайын көбейіп келеді.

- Қарасай ауданының жұқпалы індет ошағына айналғанын білесіз, бұл бір мазасыз, тәуекелі көп мезгіл болды. Бірақ, біз мойымадық. Антымызға адал болдық, мүмкіндікті қалт жібермедік. Нәтижесінде коронавирус жұқтырған адамдар дерттен айыға бастады. Алғашқы науқастың жағдайы оңала бастағанда әріптестерімінің үй бетін көрмей, ұйқысыз жүріп істеген жұмысытарының бекер кетпегенін ұғып, қуандым. Ауырған адамнан қайта-қайта анализ алып, жіті тексердік. Нәтижесі жақсы болып, оны ауруханадан шығаруға шешім қабылдадық. Бұл біздің ғана емес, тұтас облыстағы медицина мамандарының жеңісі болды. Енді мұндай жағымды жаңалық жиі естіліп тұр. Соңғы күндерде ауруханадан бірнеше науқасты шығарып, ем-домды үйлерінде жасап, күтінуге жібердік, - дейді Қарасай аудандық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Сәуле Барақбаева.

Алматы обылысы дәрігерлерінің дертпен күресудегі дамылсыз іс-әрекетінің жемісті болуы үлкен жетістікке балануда. Бұл аймақтағы індет таралуының алдын алу мен күресу шарасына серпін беріп, медицина қызметкерлерінің еңбегіне лайықты баға беруге де жол ашты. Қазір облыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай қауіппен бетбе-бет келіп отырған дәрігерлерге қаржылай өтемақы төлеу жүзеге асып жатыр. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 1448 медицина қызметкеріне, оның ішінде 205 дәрігер мен 882 орта медициналық қызметкерге, және 361 кіші медициналық қызметкерге қосымша еңбекақы берілген екен. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен аймақтағы 1 023 медицина қызметкеріне сыйақы тағайындалды. Ендігі облыстағы 178 дәрігер, 528 орта медициналық қызметкер мен 317 кіші медициналық қызметкер бұл қаржыға ие болды.

- Әрине, біздің жанқиярлық жұмысымызды бағалап, індетпен күресте алғы шепте жүрген әріптестерімді ынталандырып жатқан шараға, мемлекеттік қолдауға дән ризамыз. Өкінішке қарай, дәрігерлердің арасында да індет жұқтыруы дерегі болды. Бұл коронавирустың ешкімді аямайтын ауыр індет екенін көрсетті, яғни, адамдардың карантин ережесін бұзбай, үйден шықпай отырғаны бізге де үлкен көмек болар еді. Өйткені, дәрігер үшін науқасты емдеу міндет болғанымен, адамдардың мүлдем ауырмағаны маңызды. Мысалы, біздің ауруханадан жақында 70 жастағы пациент індеттен айығып шықты. Алдында «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен келген аяғы ауыр әйелді оқшауладық. Ол да сауығып, үйіне барды. Қазір жүкті келіншщек біздің бақылауымызда. Болашақ ананың да, іштегі нәрестенің жағдайы жақсы. Міне, медицина қызметкері үшін нағыз мәртебелі сәт осы, - дейді инфекционист дәрігер Сәуле Барақбаева.