Таным • 21 Сәуір, 2020

Қазақ атауы қалай қалпына келтірілді?

7532 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

ҚАКСР Хал­комкеңесінің төр­аға­сы Сәкен Сейфуллин 1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») га­зетін­де арнайы мақала жариялап, араға екі жыл­дан сәл астам уақыт салып, яғни 1925 жылғы 19 сәуірде Қыр­ғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесінші бүкілқазақ съезінде қазақ атауын қайтару туралы шешім қабы­л­данған еді. Шешім бекітілу үшін Бүкілресейлік ОАК-тың қара­уына ұсынылып, атал­ған Орталық атқару комитеті бұл шешімді 1925 жылғы 15 мау­сымда ресми түрде мақұлдаған дек­рет қабылдаған соң заңды күшіне еніп, қазақ халқы өзінің тарихи атауын қалпына келтірген еді.

Қазақ атауы қалай қалпына келтірілді?

Ресей империясының кезінде «киргиз-кайсак» атанған қазақ халқы осыдан тура 95 жыл бұрын осылайша өзінің тарихи атауын ресми түрде қайтарып алды. Осындай тарихи маңызы орасан зор шешім қалай қабылданды? Бір сәт тарихи шегініс жасай отырып, мәселенің байыбына көз жүгіртейік.

1919 жылы 19 шілдеде Больше­вик­­тердің қолдауымен Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөнін­дегі революциялық комитеті (Қазревком) құрылды. Терри­тория­лық Қазақ автономиясын құру жұ­мыстарына дайындық барысында бұрынғы Алашорда мүшелері мен большевиктік Ресей компартиясы қа­тарындағы қазақ қайраткерлері тізе қоса отырып, болашақ ұлттық-терри­ториялық автономияның аумағын анықтап, өз ойларын Мәскеуде өткізуге тың­ғылықты даярланды.

1920 ж. шілдеде В.И.Лениннің ұсы­нысы бойынша РК(б)П ОК-і мен РКФСР Халық комиссарлар кеңесі (ХКК) «Қырғызия туралы мәселелер жөнінде» кеңес өткізуді жөн деп тауып, Түріккомиссия, Қазақстан және басқа да мүдделі гу­берниялардың өкілдерін Мәскеуге шақырды. Ресми түрде Ста­нислав Пестковский, бейресми түрде Әліби Жангелдин басқарған қазақ делегациясы қазақ жерлері бойынша негізгі баяндаманы жасауды Әлімхан Ермековке тапсырды. Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің (БОАК) қау­лысы бойынша жоспардағы кеңес 1920 жылы 1 тамызға шақы­рыл­ғанымен, оның жұмысы 9 тамызда басталды.

Ұлт істері жөніндегі халком­ның орынбасары А.Камен­скийдің төр­ағалығымен өткен кеңеске М.Сұл­тан­ғалиев (Ұлт істері жөніндегі халко­матынан), С.Пестковский, М.Мыр­за­­ғалиев, А.Ку­лаков, Ә.Жан­гелдин (Қаз­­ревком), А.Бай­тұрсынов, Ә.Әлі­беков (Қазәскерревком), П.Петров­ский (Қазревком өкілі), Г.Сафаров (Түрі­к­­комиссия), В.Соколов (Сібрев­ком), Е.Полюдов (Омбы губревкомы), И.Мар­тынов (Орынбор губаткомы), М.Поляков (Челябі губаткомы), С.Милю­тин, Д.Темірәлиев (Бөкей губ.), Ит­­баев және Уразаев (Ақмола обл.), Ә.Ер­­меков (Семей обл.), Каримов (Аст­ра­хан), А.Цюрупа (Жер-су халкоматы), Е.Айн­шейн (халкомат хатшысы). Ке­ңес­те бірінші болып Ә.Ермеков баянда­ма жа­сап, ҚАКСР құрамына кіруі тиіс қазақ жер­лерін нақты дәлелдермен көрсетіп шықты.

Кеңеске қатысушылардың барлығы баяндамада көрсетілген тер­риториялармен келісіп, бү­кіл қазақ жерлері құрамына кіре­тін ҚАКСР-ын құру туралы декрет қабылдайтын уақыт ке­ліп жетті деген ортақ пікірге тоқ­талды. Бірақ ҚАКСР-не қазақ жер­лерін беру мерзіміне келген­де айтыс-тартыс туындады. Әсіресе Сібір ревком төрағасы Васи­лий Соколов қазақ жерлерін мойындағанымен, ол жерлерді қайтару уақытын қазақ­тар «ұлан-ғайыр өлкені басқаруға қабі­лет­ті аппарат құрып алғанға дейін» соза тұру­ды ұсынды. Яғни, оның пікірінше қазақ­тар өзін өзі басқаруға даяр емес еді. Ал Георгий Сафаров болса, Ә.Ер­меков қосуды ұсынған облыстарды ҚАКСР-іне біріктіру – қазақ кедей­лерін кулактардың тепкісіне түсіреді деген пікір білдірді. Мұн­дай жанама қарсылықтардың астарында, бұл территориялар­ды ҚАКСР-не бермеу айла-шар­ғылары жатқан еді.

10 тамызда өткен кеңестің екін­ші мәжі­лісінде автономия­лы Қырғыз (Қазақ) республика­сын құру туралы шешім қабыл­дан­ғанымен, қай облыс­тар мен уез­дердің ҚАКСР құрамына қашан кіретіндігі шешілмеді. В.И.Лениннің төрағалығымен 12 тамызда өткен кеңес­тің ең соңғы әрі қорытынды үшін­ші мәжілісінде Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қаралып, тікелей Лениннің қолдауымен және оның Сібір ревкомының төрағасы Соколовт­ы шовинистік пиғыл­дары үшін ұялтып, тұқыр­туы арқылы қазақ деле­га­циясы­ның ұсыныстары толық қабыл­данды. Нәтижесінде, 1920 жылы 26 тамызда БОАК пен РКФ8СР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Рес­­­п­убликасын құру туралы» дек­­­реті қабылданды. Осы декрет не­­гі­зінде 1920 жылы 4-12 қазан ара­­лығында Орынбор қаласында өт­кен ҚАКСР Кеңестерінің Құ­рыл­­тай съезінде Қазақ Респуб­лика­сы­ның құрылғаны жарияланды.

Өкінішке қарай, Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Респуб­ликасының территориясын анықтауға және оны құру туралы декретті шығаруға ат­са­лыс­қан қазақ қайраткерлері бірінші орын­ға жер мәселесін қойып, патша өкі­ме­ті­нің отарлық саясаты таңған «киргиз» атауын «қазақ» деп өзгертуді ойла­ма­ған сияқты. Қазақ қайраткерлері тарапынан мұндай ұсыныс жасалса, РК(б)П ОК мен ХКК жоқ демес еді. Оған патша заманында «сарт» атанған «өзбектің» өз атын қайтарып алуы нақты мысал бола алады. Әрине қиын-қыстау кезеңде ең алдымен территориялық автономия алуды мұрат еткен қазақ қайраткерлерін жақсы түсінуге болады. Бір қызығы, 1925 жылға дейінгі орыс тіліндегі ресми құжаттарда «киргиз» деп жазылғанымен, қазақ тіліндегі құжаттар мен мерзімді басылымдарда «қазақ» және «Қазақстан» атауы кеңінен қолданылды.

Кеңестік қазақ автономиясын­да ең алғаш қазақ халқының тари­хи атауын ресми түрде қайта­рып, оны дұрыс жазу мәселесін көтер­ген сол кездегі ҚАКСР Хал­ком­кеңесінің төрағасы С.Сейфуллин болды. Ол 1923 жылы 15 ақпанда шық­қан «Еңбекшіл қазақ» газетінде Манап Шамиль деген бүр­кен­шік есімімен «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жариялап, онда: «Біз­дің әр қазақ жігіті «Кир» деген періні тастап, қоймастан «қазақ», «қазақ» деген сөзді жұмсап, бас­қа жұрттың құлағына сіңдіріп үй­ре­ту керек. Қазақстанның орта­л­ық өкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты «қазақ» дейік, тарихи қатені түзетейік!» деп ұран тастады. Бұл кезде Түркістан Республикасын ұлттық бірліктерге бөліп, ұлттық-мемлекеттік межелеу жоспарланып жатқандықтан, мәселе саналы түрде кейінге қалдырылған сияқты.

1924 ж. 11 қазанда РК(б)П ОК-нің Саяси бюросы кезектен тыс арнайы мәжі­лісін өткізіп, «Орта Азиядағы ұлттық межелеу туралы» мәселені арнайы қарады. РК(б)П ОК Саяси бюросы мәжіліс соңында 24 пункт­тен тұратын шешім қабылдады. Бұл шешімдер толықтай өзбек тарапының мүддесін қолдауымен ерекшеленеді. Мәжілісте Ташкент қаласын Өзбек республикасына беру туралы Саяси бюроның бұрынғы шешімі өз күшінде қалдырылды. Осылайша қазақ қайраткерлерінің Ташкент қаласы мен оның айналасындағы жерлер үшін болған күресі ауыр жеңіліспен аяқталып, ежелден қазақ халқы қо­ныстанған 900 000 кв верст жердің орнына 600 000 кв верст жерге ие болып, 900 000 қазақ Өз­бек рес­­пуб­ликасы құрамында қалып қойды.

Ташкенттен айырылған Қазақ Республикасында жаңа астана мәселесі күн тәртібіне көтерілді. 1924 жылы 23 желтоқсанда өткен Қазақ облыстық партия коми­теті бюросының мәжілісінде Орын­бор-Торғай облысын құру және республика астанасы ретінде Орын­бор қаласын қалдыру туралы шешім қабылданды. Бұл шешімге В.Нанейш­вили, Я.Бояр­ский, И.Каширин, Челы­шев, А.Оразбаева. Н.Ежов «иә» деп дауыс берсе, С.Сәдуақасов, Н.Нұр­мақов, С.Мең­­дешев «қарсы» да­уыс берді. С.Мең­­дешев ҚАКСР-нің жаңа астанасы ретін­де Ақмешіт қаласын ұсынды. Ал 27 жел­­тоқ­санда С.Меңдешев РК(б)П ОК-ке хат жа­зып, онда Торғай және Орынбор об­лыс­тарын біріктіріп, ҚАКСР орталығы етіп Орынбор қаласын қалдыру туралы Қаз­обк­ом­ шешімімен келіспейтіндігі тура­лы мәлімдей келе, ҚАКСР астанасы ретінде Ақмешіт қаласын белгілеуді ұсын­ды. Ақыры, Ақмешіт – біріккен қазақ жерінің жаңа астанасы болып белгіленді.

1925 жылы 15-19 сәуір ара­лығында Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің бесін­ші бүкілқазақ съезі Ақмешіт қала­сында өтті. ҚазОАК төрағасы С.Меңдешев сәрсенбінің сәтті күні кешкі сағат 21:00-де съезді салтанатты түрде ашық деп жариялап, бір респуб­лика құрамына біріккен қазақ халқын құттықтады. Съездің күн тәр­тібінде төмендегідей мәсе­лелер қарас­тырылды: 1) Қазатком мен Қаз­хал­­ком­ның есептік баян­дамасы; 2) ҚАКСР-дегі халық ағарту ісінің кезекті міндеттері туралы; 3) ҚАКСР-дегі жерге орналас­тыру мен суару туралы; 4) Сауда мен кооперация туралы; 5) ҚАКСР-дегі қар­жы жағдайы; 6) Қазатком құрамын жә­не Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне де­ле­гаттар сайлау. Съезге барлығы 394 де­ле­гат шешуші және 52 делегат кеңес беру­ші дауыспен қатысты. Съезге жер-жер­ден сайланып келген 394 делегат шешу­ші дауыспен, 52 делегат кеңесші да­уыс­пен қатысты. Делегаттардың 284-і РКП(б) мүшесі, 41-і мүшелікке кандидат, 4-еуі комсомол болса, 65-і партияда жоқ­тар еді. Съезд делегаттарының 258-і (65,5 пайыз) жер­гілікті ұлттар (қазақ, өз­бек, қырғыз жә­не т.б. түркі халықтары) бол­­са, 136-сы (34,5 пайызы) еуро­палық ұлт өкіл­дері бол­ды. Жы­ныстық құрамы бо­йын­­ша 29 әйел болса, 365-і ерлер болды.

Съездің күн тәртібінде қазақ халқына тарихи «қазақ» атауын қайтару мәселесі болған жоқ еді. 19 сәуірде таңертең өт­кен съездің 8-ші соңғы мәжілісінде тек Қазат­ком құрамы мен Бүкілресейлік Кеңес­тер съезіне делегаттар сайлау мә­се­лесі қалған еді. Бірақ қазақ қай­рат­­кер­лерінің бейресми жиынында қа­был­­данған ортақ шешімге сәйкес (кей­бір естеліктерде С.Қожановқа осын­дай ұсынысты дастарқан басында Қ.Қо­жықов айтты деп көрсетіледі), күт­пеген жерден сөз алған РК(б)П Қаз­өл­ке­комының екінші хатшысы С.Қо­жанов «киргиз» атанған қазақ хал­қы­на тарихи дұрыс атауын қайтару, рес­пуб­ликаны «Қазақстан» деп атау және Ақмешіт атауын Қызылорда деп өзгер­ту туралы ұсыныстарды біртіндеп жа­рия­лады. Съезд делегаттары бұл ұсы­ныс­тарға орындарынан тік тұрып қызу қол ша­палақтап, осы арқылы қолдау көр­­сетті. Осылайша 1925 жылы 19 сәуі­р­­­де қазақ халқы өзінің тарихи атауын қай­тару туралы шешім қабылдап, ше­шім­­ді бекіту үшін Бүкілресейлік ОАК қа­­рауына ұсынды. БОАК бұл шешімді 1925 жылғы 15 маусымда ресми түрде ма­құл­­даған декрет қабылдаған соң, ше­шім заңды күшіне енді. Осылайша қазақ хал­қы өзінің тарихи атауын қалпына келтірді.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты