«Қазір еліміздегі тұрғындардың 50 пайызға жуығы газбен қамтамасыз етілген. 9 облысқа газ тартылған. Дегенмен, орталық және солтүстік өңірлер әлі де газсыз отыр. Біз Қараөзек (Қызылорда облысы) – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағытында магистралды газ құбырын салу жобасын жүзеге асыруымыз керек. Оған тиісінше қаражат тарту қажет болады, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деген-ді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерінің құрылысы басталды. Магистралды газ құбырының монтажы аяқталу сатысында. Жуырда елорда әкімі Алтай Көлгінов газ тарату желілерін жүргізу барысын тексерді. Газ құбыры Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес салынып жатыр. Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырғаны белгілі.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов жұмыс қарқынын төмендетпеу қажеттігін атап өтті.
«Газдандыру – қала мен жалпы ел үшін стратегиялық маңызды жоба. Қаланы қазірдің өзінде түтін басқаны байқалады, бұл қоршаған ортаға және тұрғындарға зиян келтіретіні анық. Железнодорожный елді мекенінде газ тарату желілерінің үштен бірі салынды. Сонымен бірге жұмыстар Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық тұрғын үй алаптарында жүргізіліп жатыр. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес атқарылуда. Қаланың өнеркәсіптік секторы мен елді мекендерді газдандыру 3 кезеңде өтеді: келесі жылыту маусымында Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Промышленный, Железнодорожный елді мекендері газбен қамтылады. Екінші кезеңде Мичурин, Интернациональный, Күйгенжар (1-2 ІКҚ), Тельман (3 ІКҚ), Пригородный, Garden Village және Family Village (4 ІКҚ) елді мекендері қамтылады. Үшінші кезеңде Ильинка (1-2-ші ІКҚ), Шұбар (3-ші ІКҚ), Өндіріс (4-ші ІКҚ) тұрғын үй алаптары газдандырылады. Іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдар», деді А.Көлгінов.