Аймақтар • 21 Сәуір, 2020

Атырау: 500 жұмысшы жұмысқа шықпай қалды

695 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, «Бірлік» вахталық кентінде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болған 35 адамды экспресс-тестен өткізу үшін «Болашақ» кентінің тұрғын-үй блоктарына орналастыру туралы шешім қабылданған.  

Атырау: 500 жұмысшы жұмысқа шықпай қалды

«Тесттен өткен адамдардың барлығында теріс нәтиже көрсетті. 19 сәуірде жергілікті уақытпен сағат 20.00-де Жылыой ауданындағы  Теңіз вахталық қалашығының «Болашақ» кентінде 200 жұмысшы жиналды. Олар «Байланыста болған тұлғалар» ұғымы туралы хабардар болмауынан басқа вахталық кенттерден көшірілген жұмысшыларды коронавирус инфекциясын жұқтырғандар деп есептеп,  наразылық білдірді.

Қызметкерлер компания мен Жылыой ауданы әкімдігінің басшылығымен кездесуде «Бірлік» вахталық кентіндегі коронавирус диагнозы расталған жұмысшымен байланыста болған тұлғалардан ауру анықталған жағдайда оларды инфекциялық және провизорлық стационарларға оқшауландырылатыны туралы келісімге келді. Тест қорытындысымен теріс нәтиже көрсеткен тұлғалар 22 сәуірде өндірістік қызметке шығады» -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ал, кеше, 20 сәуірде Теңіз вахталық қалашығының «Сана» вахталық кентінде тұратын «Консолидейтед Констракшн Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л.-офшор» компаниясы ЖШС филиалының 500 қызметкері  жұмысқа шықпады. Компания қызметкерлері мұны  «Бірлік» вахталық кентінде коронавирус диагнозымен 1 адам анықталуымен, өндірістік қызмет барысында ауруды жұқтыру қаупі бар екенінімен түсіндірген.

Компания басшылығы мен Жылыой ауданы әкімдігі тарапынан тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тараптар барлық жұмысшыларды экспресс-тесттен өткізуге, екі күннен кейін оның нәтижелері жарияланып, теріс қорытынды шыққан жағдайда сәрсенбіде, 22 сәуірде жұмысшылар кері жұмысқа шығатыны туралы  келісімге келген.  Оған қоса, компания екі жұмыс күнінің жалақысы сақталатынын хабарлады.

Ал, тест қорытындысы оң нәтиже берген жағдайда ауруды жұқтырған адамдарға стационарға жатқызу бойынша қосымша шаралар қолданылатын болады. Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың төрағалығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол Теңіз кен орнына барып, қызметкерлерді тұрғылықты жеріне дейін жеткізу мәселесімен айналысуда.

 

Жұмасат ҒАЗИЗ