Қазақстан • 21 Сәуір, 2020

Сенатта еңбек қатынастары туралы заңнаманы жетілдіру мәселесі қаралды

133 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатта еңбек қатынастары туралы заңнаманы  жетілдіру мәселесі қаралды

Заң жобасының мақсаты – Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары саласына қатысты заңнаманы одан әрі жетілдіру және дамыту болып табылады.

Еңбек қатынастарын реттеу, оның ішінде азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын толық жүзеге асыруға жағдай жасау, әлеуметтік әріптестікті реттеу, оның ішінде жұмыс берушілер мен жұмысшы өкілдерінің өкілеттілік тәртібін белгілеу, еңбек және адам қауіпсіздігін реттеу, атап айтқанда еңбек қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізу заңнаманың негізгі міндеттеріне жатады.

Сенатор Нариман Төреғалиев осы заң жобасы еліміздің еңбек заңнамасын халықаралық еңбек ұйымының конвенцияларында айтылған халықаралық стандарттарға жақындатуға бағытталғанын атап өтті. «Заң жобасы еңбек шарттарын электрондық жүйелендіру және бір жүйеге шоғырландыру мақсатында электрондық еңбек келісімшарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізуге бағытталған», - деді ол.

Еңбек қатынастарына қатысты жаңа заң жобасын қабылдау, жұмысшыларға лайықты еңбек және тұрмыс жағдайын құруға, субъектілердің еңбек қатынастарында жұмысшылардың еңбек және жеке басының қауіпсіздігі саласындағы тиісті құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, еңбек заңнамасын қадағалау бойынша бақылау жүйесін жетілдіруге, әлеуметтік-еңбек саласында цифрландыру енгізу аясын кеңейтуге, еңбек заңнамасындағы тәртіптер бойынша түрлі түсініспеушілікке жол бермеуге мүмкіндік береді.

Құжат Палата отырысының қарауына жіберілді.