Бұл бағытта Алматы облысында да тиісті шара қолға алынған. Есеп бойынша, өңірдегі 248 395 тұрғын коммуналдық қызмет шығыны үшін өтемақы алушылардың санатына кірген. Яғни, тұтынушының атында коммуналдық қызмет түрін пайдаланатынын растайтын есепшот болған кезде барлық шығын өтеледі. Коммуналдық қызметтер бойынша қаражатты өтеу үшін тұтынушы жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және есепшотының деректерін көрсете отырып, ақпараттық жүйе арқылы, ол болмаған жағдайда call-орталық арқылы өтінім береді. Өтінім алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей тұтынушының есепшотына қаражат аударылады.
Ал Үкімет тарапынан белгіленген көмек алатын арнайы санаттағы жеке тұлғалар тиісті орынға өтініш жазуы керек екен. Бұл топқа жататын азаматтардың бір айлық коммуналдық шығындарын өтеу үшін 15 мың теңге көлемінде төлем мөлшері белгіленген.
Жалпы алдағы екі айдағы коммуналдық шығындарды өтеуді қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. Ал облыс аумағындағы тұрғындарға түрлі меншіктегі 138 мекеме коммуналдық қызмет көрсетеді.
Алматы облысы