Психолог мамандар зарарсыздандыру жұмыстарына, блок-бекеттерге және қала көшелерін патрульдеуге тартылған әскери қызметшілерге шұғыл-психологиялық көмек көрсетуде. Төтенше жағдайда әр әскери қызметшінің психологиялық жай-күйі психологтар тарапынан тұрақты қадағалауды және зерделеуді қажет етеді.
«Сол себепті тренингтер мен терең тыныс алу жаттығулары, жеке әңгімелесу адамның қалыпты өмірге қайта келуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, аталған тренингтер тіпті психолог маманы жоқ кезде де әскери қызметшілердің өзара бір-біріне психологиялық көмек, моральдық қолдау көрсетуіне септігі зор», - деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты психологиялық қызмет көрсету қызметінің бастығы подполковник Сандуғаш Дәуренбекова.
Институттың баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, мамандар зарарсыздандыру жұмыстарына шығар алдында моральдық-психологиялық тұрақтылығын анықтап, оларды іріктеу мақсатында экспресс-тестілеу арқылы психодиагностикалық жұмыс жүргізіледі. Одан кейін арт-терапия әдісі арқылы (сурет салу, пластилиннен бейне салу арқылы) жеке құрамның ішкі сезімі мен көңіл-күйі анықталады. Оған қосымша психологиялық әңгімелесу, адамның физикалық және физиологиялық жай-күйін реттеуге бағытталған тыныс алу жаттығулары жасалады. Зарарсыздандыру жұмыстарынан қайтып келгеннен кейін де психологиялық әңгімелесу жүргізіліп, релаксациялық тренингтер өткізіледі.
АЛМАТЫ