Спорт • 22 Сәуір, 2020

Бұғыбаевтың белестері

1970 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 47 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың маусым айында Ресейдің Красноярск қаласында еркін күрестен КСРО чемпионаты өтті. Бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың барлық ығай мен сығайлары осы жерде жиналды. Айтулы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның бес балуаны жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Сайлау Мұқашев пен Петр Суриков қола медальды иеленсе, Александр Иванов пен Александр Мыцик күміске қол созды. Ал жалғыз алтын Аманжол Бұғыбаевқа бұйырды. Осылайша, КСРО чемпионы деген мәртебелі атақты иеленген қазақтың еркін күрес шеберлерінің саны үшке жетті. Бұғыбаевқа дейін бұл белесті Аманкелді Ғабсаттаров пен Әбілсейіт Айханов бағындырған еді.

Бұғыбаевтың белестері

Алтын асықтай Аманжол ағамыз 1944 жылы Алматы облы­сы Сарқан ауданының Алма­лы аулында дүниеге келді. Ба­ла­лық шағы Басқан өзенінің жа­­ғалауында өтті. Қазақтың та­ғы бір даңқты түйе балуаны Әбіл­­сейіт Айханов та дәл сол Ал­малының тумасы. Екеуінің арасы алты жас. Ауыл­дас ағасына еліктеген Аман­жол балуандық өнер­дің қыр-сырына қанығу үшін орта мек­тепті аяқтаған бетте әсем қала – Алматыға аттануға бел буды. Алайда ұлының бұл шешімін шешесі құптамады. Әри­не ол кісіні де түсінуге болады. Олай деуге негіз, атақты ба­луанның анасы Жәкен15 құрсақ көтергенімен, көбі шетінеп кетті. Арасында үшеуі ғана аман қалды. Аманжол жарық дүниеге келгенде анасы оның шекесіне қара күйе жа­ғып, бүкіл ауылды аралайтын. Сәби сүйіп отырған әйелдердің үйіне кіріп, соларға өз баласын ал­ма-кезек емізген екен. Қа­зақ­тың ырымы ғой. Бәлкім, Аман­жолдың арада жылдар өте күллі Қазақстанның беткеұстар ба­луанына айналуына сол аяулы ана­лардың ақ сүті де әсер еткен болар.

Анасы сан мәрте ұлын райы­нан қайтаруға тырысқанымен, Аманжол айтқанынан қайтпады. Спорттың соқпағына түсіп, әйгілі балуан атануды армандаған бозбала ақыры үй-ішін көндірді. Киім-кешегін жиып, Алматыға аттануға ыңғайланып жатқанда әкесі Күнболат: «Балам, ауылдан үн-түнсіз кеткенің болмайды. Тағы бір-екі күн кідіре тұр. Қой сойып, дастарқан жайғанымыз жөн. Үлкендердің батасын ал­саң, жолың ашылады!», деді. Келесі күні мал сойылып, көрші-қолаң жиналды. Сөйтіп, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алған Аманжол Алматыға тартты.

– Алматыға сәл кешуілдеп жетіппін. Келсем, жоғары оқу орын­дарындағы емтихандар аяқ­талып кетіпті. Амалдың жоқ­тығынан Ұзынағаштағы ауыл-шаруашылығы техникумына түстім. Сабақтан қолым босаған күні Әбілсейіт ағаны іздеп, қа­лаға келдім. Аман-саулықты сұ­рас­қаннан кейін ол кісі «Ал ба­уырым, кіммен күрескің келеді? Таңдау өзіңде!» деп маған сынай қарады. Ауылдан кеше ғана келген сарыауыз бала кімнің кім екенін қайдан білсін, әйтеуір сол топтың ішінен абайсызда Аманкелдіні таң­даппын. Атағы алысқа тараған Ғабсаттаров мені әрі де, бері де лақтырып, әбден сілікпемді шы­ғарды. Соған намыстанған мен ауыл шаруашылығы техникумынан құжаттарымды кері алып, арнайы күрес үйірмесі бар оқу орнын іздедім. Содан Алматыдағы электриктерді даярлайтын кә­сі­би техникалық училищеге түстім. Ол жерде алғашында Ке­ңес одағының батыры Сер­гей Шах­воростовтың қол астын­да клас­сикалық күреспен шұғыл­дандым. Содан кейін еркін кү­реске ауыстым. Бірақ мықтылар жат­тығатын залға мені көпке дейін кіргізбеді. Өйткені ол жерде рес­публикамыздың бас балуандары ғана даярланатын. Кешкісін мен стадионға арнайы келіп, біраз уақыт күрес залының терезесінен сығалаймын. Әдіс-тәсілді жетік меңгерген, күрестің қыр-сырына әбден қанық жігіттерге қызыға қарайтынмын, – деп Аманжол үлкен спортқа алғаш қадам жа­саған кездерін еске алды.

Көп ұзамай Алматыда респуб­ликалық «Қайрат» спорт қоға­мының біріншілігі өтті. Сол жарыста буыны қатпаған Бұғыбаев та бақ сынауға бел буды. Санаулы ғана әдісті меңгерген жас балуан бастапқы бәсекелерінің бірінде қандай әдіс қолдану керектігін білмей, қарсыласымды көтеріп алып, Қазақстан құрамасының аға бапкері Қабден Байдосовқа қарай жүгірді. Ол кісі: «Ойбай, оны шетке әкеле жатқаның не? Төрешілер саған ұпай бермейді. Бар да кілемнің ортасына апарып, жерге қос жауырынымен таста», – деп айқай салды. Бү­кіл зал күлкіге қарық болды. Әй­теуір не керек, сол жарыс­та өз салмақ дәрежесіндегі тоғыз адамның ішінде Аманжол төр­тінші орынға табан тіреді. Сол кезде еліміздің танымал балуан­дарының бірі жас жігіттің қасына келіп «Екі-үш ай ғана даярланып, республикалық жарыста төртінші орынды еншіледің. Бұл – жақсы нәтиже. Аяқ алысың жаман емес. Ал егер бір жыл бойы дұрыстап жаттықсаң, бізді де шыдатпайтын түрің бар ғой», деп арқасынан қаққан екен.

Айтқандай-ақ, арада бір жыл өткеннен соң Аманжол Бұғыбаев майталман мамандардың назарына ілікті. «Еңбек резерві» қоға­мының республикалық бі­ріншілігінің финалдық сайысында ол танымал балуан Сейітжан Әбдікәрімовті сан соқтырып, бас жүлдені олжалады. Осы же­ңістен кейін Сарқанның сыр­мінез сайыпқыранына сақа спорт­шылардың өздері қауіптене қа­райтын болды.

Уақыт оза Бұғыбаев еліміздің беткеұстар балуанына айналды. Республика көлемінде өт­кен жарыстарда қарсылас шақ кел­тірмеген ол бірте-бірте бүкіл­одақтық додаларда даралана бас­тады. 1966 жылы Алматыда жалауы желбіреген КСРО чемпионатында қандасымыз қола медальды мойнына ілді. Оның алдын тек келешекте Олимпия ойынд­арының жеңімпазы, әлем­нің екі дүркін жеңімпазы атанған Загалав Аб­дул­беков пен Одақтық жарыстарда сан мәрте жүлде алған Шәміл Туғанов қана орады.

1970 жылы Аманжол КСРО кубогын олжалады. 1972 жылы Одақ чемпионатында екінші орынды иеленді. Минскіде өткен сол жарыста қазақ балуаны керемет өнер көрсетті. Олимпиада және әлемнің екі дүркін чемпионы Загалав Абдулбеков, КСРО чемпиондары Батал Гад­жиев пен Шота Папашвили жә­не тағы басқаларынан басым түскен ол финалда Виктор Мар­келовпен жолықты. Әлем кубогы мен Еуропа чемпионатының жүлдегерін алғашында Бұғыбаев 8:0 есебімен ұтып жатты. Алайда үзілістен соң жағдай күрт өзгерді. Бұғыбаевтың босаңсыған сәтін қалт жібермеген қарсыласы бір­ден 11 ұпайды өз еншісіне жаз­ды. Тек содан кейін ғана ес жиған Аманжол соңғы минутта барын салды. Бір мезетте Маркеловті жам­басқа салып, жерге алып тұр­ды. Бірақ әдіс кілемнің шетінде жасалды деген желеумен төреші ұпай бермеді. Сөйтіп, Беларусь елі сапарынан Бұғыбаев күміс медальмен оралды.

1973 жылы Красноярскіде өт­кен жарыста Аманжолдың асы­­ғы алшысынан түсті. Қарсы кел­­­­гендердің барлығын қапы қал­­дырған қандасымыз алтын тұ­ғырға жақындай түсті. Бас жүл­де үшін тартыс Батал Гад­жиев, Александр Мицык және Аман­жол Бұғыбаевтың арасында өтті. Бұл тартыста қазақ жігітінің мерейі үстем болды. Сөйтіп, Бұғы­баев же­ңіл салмақта КСРО чем­пионы атанды.

Түрлі байрақты бәсекелерде Аманжол ағамыз өзінің мық­ты­лығын сан мәрте дәлелдесе де, КСРО бапкерлері тарапынан көп қиянат көрді. Олар қазақтың ұлын үнемі шеттетіп келді. Бір қынжылатынымыз, жеті жыл бойы Одақ құрамасының мүшесі бола тұра Бұғыбаев не Олимпия ойындары, не әлем немесе құрлық чемпионаттарына бармады. Ол аз десеңіз, шет мемлекеттерде үздіксіз өтіп тұратын сансыз тур­нирлердің біреуіне де қанда­сымыз қатысқан жоқ.

Жалпы, КСРО бапкерлерінен теперіш көрген жалғыз Аманжол Бұғыбаев емес. Еркін күресті се­­рік етіп, талай қандасымыз әді­­летсіздіктің азабын молынан тартты. Қабден Байдосов, Ахметжан Қазымбетов, Әбіл­сейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров, Сейітжан Әбдікә­рімов, Рамазан Нұрманов, Сай­лау Мұқашев, Мәлік Нәдір­беков, Асқарбек Иман­құлов... Осы­лай ұзақ тізбектей беруге болады. Олардың барлығы да шын мәнінде мықты балуандар еді. Барлығы да алымды, арынды, қарымды еді. Бірақ іштарлық танытқан мәскеулік мамандар осы жігіттердің жолын бөгеді.

– Жолым тым ауыр болды. Шетелде өтетін байрақты бәсе­келерде бірде бір рет бақ сынау бақыты маған бұйырмады. Арада талай жылдар өтсе де, іштегі шер әлі де тарқаған жоқ. Бірде мен сол кездері Қазақстан құрама командасының тізгінін ұстаған Петр Матущакқа өз ренішімді білдірдім. «Сол кездері мені не­ге қолдамадыңыз? Өзгелерден қай жерім кем еді?», деп батырып тұрып айттым. Қария қатты ыңғайсызданып қалды. Ол кісі «Аман, ол кезде саясат солай еді ғой. Біздің де қолымыз қысқа. Көп мәселені шеше алмадық. Оны мойындаймын. Бірақ өткенді қозғап қайтесің. Бәрібір ол кездер қайтып оралмайды ғой», деп құтылды. Бәлкім, қызбалыққа салынған менікі де дұрыс емес шығар. Бірақ «Олимпиаданы ұтсам, әлем чемпионы атансам» деген арманым іште өлді. Боз кілемдегі несібемді толықтай ала алмай кетттім. Соған күйінемін», деп кейіпкеріміз терең күрсінді.

1996 және 2004 жылдар ара­лығында Аманжол аға ұлттық құраманың бас бапкері болды. Атланта Олимпиадасында өзі жат­­­­тықтырған Мәулен Мамыров қола медальды мойнына ілді. Сид­нейде Ислам Байрамуков және Афиныда Геннадий Лалиев күміс медальды иеленді. Одан бөлек, жерлестеріміздің әлем және құр­лық чемпионаттары, Азия ойын­дарында және тағы басқа аса ірі халықаралық жарыстарда же­ңіс тұғырына көтерілді. Балуан ретінде Аманжол Бұғыбаев бірде-бір рет шетелге шықпағанымен, есе­сіне шәкіттері төрткүл дүние­нің әр қиырында өткен дүбірлі додаларда Қазақ елінің көк бай­рағын биікте желбіретті. Бұл да бір бақыт!