Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

Қарағанды облысы: Ерікті жасақ жұмысқа кірісті

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында өз еркімен әскер қатарына барып, сапқа қайта тұрған сарбаздар іске кірісіп те кетті. Қазір олар қала бойынша санитарлық өңдеу жұмыстарының жуан ортасында жүр.

Қарағанды облысы: Ерікті жасақ жұмысқа кірісті

Ерікті жасақтың 95 сарбазы бүгінге дейін 8 474 мың шаршы метр көлемді құрайтын жолдар мен ғимараттарды, аулаларды санитарлық өңдеуден өткізді.

Дезинфекциялау жұмыстарына күн сайын 80 сарбаз шығады. Олар төрт топқа бөлініп, өздеріне тиесілі аудандарда зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Әскери еріктілер сыйымдылығы 12-14 литрлік «Патриот» аспалы бүріккіштермен және жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Ал қалған 15 ерікті дезинфекциялық ерітінділерді дайындаумен айналысады. Ерікті әскерилердің жұмысы сағат таңертеңгі тоғыздан басталып, кешкі 18.00-де аяқталады. Аптасына екі күн демалады.

Дәл қазіргі уақыттың қажетті жұмысымен айналысып жүрген сарбаздарға барынша жағдай жасалған. Оларды жұмыс орындарына арнайы автобус жеткізіп отырады. Үш мезгіл тамағы да мемлекеттің мойнында. Сонымен қатар, олардың дене ыстығы күніне үш рет тексеріліп отырады.

Ерікті жасақ қатарындағы сарбаздардың әскерге шақырылғанға дейін жұмыс істегендеріне қызмет аяқталған соң орташа айлық еңбекақы төленеді. Оның сомасын соңғы жылы түскен кіріс туралы анықтаманы негізге ала отырып есептейді. Ал қызметке дейін жұмыссыз жүргендері 42 500 теңгеден алады.

Қарағанды облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ресми  өкілі ерікті сарбаздардың өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарап, жұмысты бар ынта-шынталарымен істеп жүргендерін айтады. 

 

 

Қарағанды облысы