Абай • 22 Сәуір, 2020

Өзбек этномәдени орталығының өкілдері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады

400 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау және таныту мақсатында акция бастады. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өзбек этномәдени орталығының өкілдері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады

Аталған шаралар қазақтың ұлы ойшылының 175 жылдығын тойлау аясында #Абай175, #1МАМЫР #Birlikkuni, #BizBirgemiz хэштегтері бойынша өтеді. Бұл челленджге Нұр-Сұлтан қаласындағы өзбек этномәдени орталығының өкілдері алғаш болып қолдау білдірді. Олар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін  қазақ тілінде өзбек ұлттық музыкалық аспабы рубобтың сүйемелдеуімен орындады.

Өзбек мәдени бірлестігінің өкілі Нуриддин Молдабаевтың айтуынша, қашғар рубобы ең танымал аспаптардың бірі саналады. Жыл сайын елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне орай түрлі концерттер, ауқымды акциялар мен мерекелік шаралар өтеді. Алайда биыл Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы салдарынан карантин жарияланғандықтан, мерекелік шаралардың форматын өзгерту туралы шешім қабылданды.

Іс-шараларды онлайн режимде өткізуге ерекше назар аударылып отыр.

«Бүгінде елордада 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Қалада 23 этномәдени бірлестік жемісті жұмыс жасап келеді. Бүгінде 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді және олардың саны жыл сайын артуда. Елордалық этномәдени бірлестіктер жаңа шығармашылық бастамалармен және түрлі іс-шаралармен ерекшеленеді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында біз әртүрлі этностардың ұлттық музыкалық аспаптарын насихаттау акциясын өткіздік. Карантинде музыка арқылы еліміздегі ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті нығайту үшін барлық этностардың шығармашылығын жеткізгіміз келеді», – деді Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова.

ҚХА қалалық хатшылығы елорда тұрғындарын акцияға белсенді қатысып, әр халықтың музыкалық аспаптарын біліп, тарихымен танысуға және Абайдың әнін бірлесе орындауға шақырады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың төрағалығымен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған шаралар өтуде.