Аймақтар • 22 Сәуір, 2020

«Ғылым қоры» «Stop-coronavirus!» онлайн-байқауын өткізді

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Stop-coronavirus!» онлайн-байқауының нәтижесі бойынша ҚазҰУ-дың әзірлемелері Үкіметке жіберіледі.

«Ғылым қоры» «Stop-coronavirus!» онлайн-байқауын өткізді

«Stop-coronavirus!» байқауын пандемияның алдын алу және оның салдарын жою бойынша тиімді шешімдерді іздеу мақсатында «Ғылым қоры» АҚ ұйымдастырды. Коронавируспен күрес туралы ұсыныстарын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары да жолдады.

Байқау ағымдағы жылдың 13-15 сәуір аралығында Фейсбук әлеуметтік желісі және BILIM PLUS білім беру платформасында онлайн-режимде өтті.

Финалға іріктелген 39 жобаның ішінде, қазылар алқасының шешімі және халықтық онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша, сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу және болдырмау бойынша ҚазҰУ ғалымдары ұсынған әзірлемелер жоғары бағалармен атап өтілді. www.kaznu.kz деректеріне сүйенсек, қазылар алқасының назарына ұсынылған ҚазҰУ-дың биологиялық ыдырайтын материалдан қолды қорғау құралдарын жасау, вирусқа қарсы препарат жасау, дезинфекциялық жуу құралдарын шығару, жаңа иммуностимуляторларды алу, түймедақ сығындысы бар тері антисептигін өндіру бойынша жобалары жоғары дәрежеде тиімділікке ие. Әрі жүзеге асыруға дайын жобалар ретінде Үкіметтің қарауына, сонымен бірге қызығушылық танытқан инвесторларға ұсынылатын болады.

Профессор Б.К.Заяданның басшылығымен, «Spirulina platensis цианобактерияларының биомассасы және оның пайдалы өсімдіктермен әр түрлі комбинациялары негізіндегі коронавирустан қорғану мақсатында жаңа иммуностимуляторларды алу» жобасы, қазылар алқасының бағалау нәтижелері бойынша байқау жеңімпаздары қатарына кірді және ең көп 653 – дауыс жинай отырып, «халықтық» ТОП-жобалар тізімін басқарды. Жобаның мәні цианобактериялардың биомассасы және оның пайдалы өсімдіктермен әртүрлі комбинациялары негізінде, коронавирустан қорғану мақсатында, антибактериалды, антивирустық, пробиотикалық және антиоксиданттық қасиеттері бар жаңа иммуностимуляторларды алу технологиясын әзірлеу болып табылады.

Байқау қорытындысы бойынша «Ғылым қоры» АҚ мүдделі тараптармен бірлесіп, келіп түскен ұсыныстарды жылжыту және іске асыру бойынша жұмыс жүргізеді.

 

АЛМАТЫ