Экономика • 23 Сәуір, 2020

Мұнай дағдарысынан қандай сабақ алған жөн?

1231 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Әлем экономикасын ХХ ғасырда түбегейлі өзгертіп, адамзат тарихының соңғы 100 жылында тұғырлы орынды меншіктеген, энергияның қайнар көзіне айналған мұнай осыған дейін стратегиялық ресурс санатында болғаны даусыз. Әйгілі Дэниел Ергин айтқандай: «қазіргі таңда мұнай – тек экономикаға арналған бетте ғана емес, сонымен қатар газет-журналдардың бірінші бетінде де талқыланатын бірден-бір өнім. Мұнай бұрынғысынша жеке адамдар үшін де, фирмалар үшін де және барлық елдер үшін де игілік көзі болып қала береді».

Мұнай дағдарысынан қандай сабақ алған жөн?

Бұл ресурс ежелден белгілі болғанына қа­рамастан, оны күнделікті өмірде ке­ңі­нен қолдануға химиктер тек ХІХ ға­сыр­дың аяғында ғана жол ашты. Алға­шын­да оның құрамдас бөлігі – керосин тұрғын үй­лерді жарықтандыруда кең етек жайып, теңіз киті майын нарықтан ығыстырды. Ол кезде керосинмен ілесе шығатын бен­зинге сұраныс болмағандықтан, ол пай­дасыз зат саналатын. Бұл ресурстың адам өмірінің ең маңызды қажеттілігіне ай­налуы іштен жану двигательдері арқылы жүретін транспорт пайда болып, олар­дың негізгі отыны ретінде әртүрлі мұ­най өнімдерін пайдаланған кезеңнен бас­тал­ды.

Бүгінгі таңда адам өмірі осы ресурсқа тә­уелді болғаны соншалық, кейде біз өмі­рі­­мізді мұнайсыз тіпті де елестете алмаймыз. Қазір аталған өнімге адамдардың қозғалысы мен жүк тасымалы тәуелді, соны­мен қатар мұнайдан киім, тұрмыстық заттар, түрлі салаларда қолданылатын жаңа синтетикалық материал, ауыл ша­р­уа­­шылығына қажет тыңайтқыш, өрке­ниет­ті әлемнің басқа да мыңдаған тауа­ры жасалады. Әрине, бүгінде мұнай әлем­дегі маңызды қуат көздерінің бірі, өйт­ке­ні жалпы адамзаттың пайдаланатын энергияға деген сұранысының үштен бірі осы ресурстың еншісінде, ал қалған бө­­лігін көмір, газ, атом, гидроэнергети­ка және жаңғырмалы энергия сияқты қуат көз­дері құрайды. Сонымен қатар ұзақ қа­шықтыққа тасымалдау ыңғайлы және сақ­тауға да қолайлы болғаны оның құн­ды­лығын арттыра түсті.

Соңғы жылдардағы, әсіресе соңғы күн­дер­дегі оқиғалар бұл ресурстың әлем­дік нарықта орасан мол болып, сұра­ныс­тан асып түскенін көрсетуде. Осыған орай ОПЕК+ картельдік келісіміне қол қойы­лып, мұнай өндіруді шектеу­­­­­ге бағыт­талған шаралар іске аса бас­­тады. Аталған құбылыстар жуырда орын алған­дық­тан әлемдегі мұнайдың рөлі мен мұнай өнеркәсібінің даму перспективала­ры­на қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Осы орайда бұл ресурстың әлемдік эко­но­микадағы стратегиялық маңызы өзгере бастағанын байқауға болады. Ал оның себептері қандай, қаншалықты бұл про­цестердің озық технологиялардың да­муымен байланысы барын, олардың қан­ша­лықты орнықты екенін анықтау – күн тәрті­бінде тұрған өзекті мәселе. Халықты алаң­датып отырған осындай сұрақтар бо­йынша мен де өзімнің бірқатар ойларым­мен бөліскенді жөн көріп отырмын.

Біріншіден, жаңа заманның идеологиясы мен мұнайдың айналасындағы әлем­дік интригалар осы ресурстың жер бе­­тін­дегі қорының шектеулі екенінің па­ра­дигмасында құрылды, сондықтан дүниенің алпауыт мемлекеттері ең ал­ды­мен өз елдерін осы ресурспен тұ­рақт­ы түрде қамтамасыз ету үшін оның өн­ді­рілуі мен таралуын ерекше ба­қы­лау­да ұстауды мақсатқа айналдырды. Сон­дық­тан мұнай қорын нақты анықтап, қанша жылға жететінін есептеп отыру әлем­дегі ең үздік сарапшылардың басты шаруа­ла­ры­ның бірі болып келді.

Халықаралық энергетикалық агент­тік­тің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, дәстүрлі мұнайдың дәлелденген қоры ша­мамен – 1,7 трлн баррель (шамамен 230 млрд тонна), бұл адамзаттың қа­же­тін 50 жыл бойы өтеуге жеткілікті. Млрд баррель бірлігімен өлшегенде ең үл­кен мұнай қоры бар елдердің алғашқы бес­ті­гі­не Венесуэла (303), Сауд Арабиясы (298), Канада (168), Иран (156), Ирак (147) кіреді. Бұл тізімде шамамен 5,8 млрд тонна (немесе 43 млрд баррель) қорымен Қазақстан тоғызыншы орынды иеленеді. Тіршіліктің қайнар көзі – мұнай қорының шектеулі болғаны елеулі қауіп тудырып, соның салдарынан бұл жаһандық стратегиялық ресурстар санатында болды. Шынында да егер қазіргі кезде мұнайдың қоры тез арада бітетін бол­са, онда бүкіл планетада сөзсіз коллапс орнары анық.

Адамзаттың бұл ресурсқа тәуел­ді­лігі­нің артуы, оның қорларының шек­теу­лі болуынан туындаған жаһандық қор­қы­ныш жаңа дәстүрлі және дәстүрден тыс мұнай көз­дерін іздеудің үлкен қажеттілігін тудырды. Сол себепті жаңа технологиямен қа­ру­ланған мамандар жаңа мұнай кен орын­дарын ашу үшін жанталасып, ұдайы ізде­ніс үстінде болды. Олар неғұрлым көп іздеген сайын сол ресурстардың құрлықта да, су астында да дәстүрлі әрі дәстүрден тыс жаңа көздерін көптеп таба бастады. Бірақ кейбір дәстүрден тыс жекелеген кен орындары мұнай өндірудің бірегей жаңа технологияларын қажет ететін еді. Сондықтан технологиялар да үнемі дамыды. Осы ізденіс жолындағы жаңа технологиялық жетістіктер компаниялар­ды мұнай мен газдың дәстүрден тыс көз­деріне назар аударуға қол жеткізді. Ал дәстүрден тыс кен орындарының қоры анағұрлым мол және әзірге қажет дең­гей­де зерттеле қойған жоқ.

Осы тұрғыда дәстүрден тыс мұнай көз­дері деген ұғымға қарапайым анық­та­ма бере кеткен орынды сияқты. Бүгінгі тех­нологиялардың жетістігімен тиімді иге­­руге келмейтін кен орындарын осы­лай атайды. Бұл қатарға жерасты тығыз тау жыныстарында орналасқан, кол­лек­тор­лық қабілеті өте төмен мұнай және газ кешендері мен физикалық-химиялық сипаттамаларына орай қою не өте ауыр болуы салдарынан тиімді игеруге келмейтін көмірсутегі қорларын жатқызуға болады. Соңғы кезге дейін қатпартас (сланец) мұнайы дәстүрден тыс кеніштердің бірінші түріне, ал ауыр, өте ауыр майлар, сондай-ақ битум араласқан құмдар екінші түрге жатқызылды.

Тығыз қатпартаста мұнай болатыны бұрыннан белгілі, алайда тас жы­ныс­­тарының өткізгіштік қабілеті төмен бол­ған­дықтан оны игеру ерекше қызы­ғу­шылық тудырмайтын, сондықтан геологтар оның қорын бағалауға асыға қоймады. Бұрынғы КСРО аумағында қатпартас пайдалы қазба байлық ретінде тіпті қа­рас­­тырылмады, дегенмен қатпартас ма­йының жеңіл және сапалы екені на­за­р­да болды. Бірнеше бағытта қол жет­­кізген жаңа технологиялар АҚШ-та осыдан 12 жыл бұрын қатпартас қой­на­уында орналасқан мұнай қорларын коммерциялық негізде өндіруге жол ашты. Бұл орайда ең алдымен, 3D сейсмикасын қолдану нәтижесінде геологиялық зерт­теулердің дәлдігін жоғарылату, көл­де­нең бұрғылау мен гидравликалық жару технологияларын кеңінен енгізу тұр­ға­нын ескеруіміз керек.

2008 жылы АҚШ-та қатпартастан мұнай алудың алғашқы сәтті тәжірибелері туралы ақпарат жарияланғанда бүкіл әлем және біздің елдің мұнайшылар қауымы бұл жаңалықты «баланың ойыны секілді іс» деп назарға да ілмеді, өйткені тәжірибе нәтижесі өте мардымсыз еді. Ол кезде Америка экономикасы мұнайды им­порттауға тәуелді болатын, себебі өз­де­рі өндіретін тәулігіне шамамен 6,8 млн баррель өнім ел қажетінің тек жарты­сын жабуға жететін. Дәл сол кезеңде Сауд Арабиясы тәулігіне 10,7 млн баррель, Ресей тәулігіне 9,9 млн баррель өндіріп, алғашқы орындарда басқалардан көш ілгері тұрды. Ал АҚШ болса үшінші орынды місе тұтты. Дей тұра, ол әлемнің ең алпауыт мемлекеті ретінде арзан ақша ресурстарына, ақыл-ойы ұшқыр, ізденімпаз адамдар мен бәсекелестікте қабілетті, әбден шыңдалған кәсіпкерлерге бай мемлекет. Аталған факторлардың жи­ын­тығы көп ұзамай нәтиже бере бастады. Бар болғаны бес жылдың ішінде жаңа саланы игеру арқылы АҚШ тәулігіне 10 млн баррель мұнай өндіруге қол жеткізді. Мұның өзі дәстүрлі мұнай өндірушілер үшін күрделі сынақтың басы болды.

Тағы бес жылдан кейін қатпартас майын өндіру технологиясын ұдайы же­тілдіру арқылы өндірістің өзіндік құ­нын екі есе азайтты. Серпінді техноло­гия­­лар­ды қарқынды енгізген Америка дәс­­түр­ден тыс мұнай өндірісін еселеп өсі­­ре отырып, бар-жоғы 10 жылда дәс­түр­лі мұнай өндірудің лидерлері Сауд Ара­биясы мен Ресейді артқа тастап, саты­лап бірінші орынға шықты. 10 жылда жаңа технологиялар арқылы АҚШ дәстүрден тыс кеніштерді игере отырып, өнім көлемін 2 есе өсірді немесе 2008 жылғы 340 млн тоннадан 2018 жылы 669 млн тоннаға жеткізді. Жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде АҚШ газ өндіру бойынша да бірінші орынға шықты. Сөйтіп, ел таза импорттау­шыдан экспорттаушыға айналды.

АҚШ-тағы қатпартас индус­трия­сын­­дағы революциялық өзгерістер – қазір әр­түрлі елдердің көптеген са­рап­­шы­ла­ры­ның назарында. Олар аме­ри­калық қатпартас мұнайшыларының жетіс­тік­терін неғұрлым көбірек зерттеген сайын жаңа технологиялар мен жоғары бәсе­ке­лестікке сүйене отырып жеткен олар­дың жетістіктерінің жүйелілігіне көбі­рек көзі жете бастады. Оларды жеңіске жетелеген серпінді технологиялар туралы қысқаша мәлімет жоғарыда аталды. Енді тек ірі өндірушілер ғана ойын ережесін ай­қындайтын мұнай индустриясында жоғары бәсекелестік пайда болуына не себеп болғаны туралы да бір-екі ауыз айта кет­кім келеді.

Бұл да қатпартас мұнай өндірісінің негізгі технологиялық ерекшелігінен туын­дайды. Саладағы жобалар жылдам іске қосылып, тез нәтиже алуға мүм­кіндік береді, сондықтан көптеген шағын бизнес өкілдерінің шаруаға ара­ласып, өзара бәсекеге түсуіне жол ашыл­ды. Мысалы, бұл салада жобаны іске қосқан соң бірінші жылы қатпартас кеніш­терінен алынатын қордың 75 па­йыз­­дайы өндіріледі, сондықтан мұнай бағасы дұрыс болған жылдары бір-екі жылда жобаға салған ақшаны қайырып алуға болады. Сол себепті, осы саладағы жобалардың өмірлік циклы орташа есеппен 5-7 жылдан аспайды. Бұл аталған өндіріске ерекше қызығушылық тудырып, көптеген шағын өндірушілердің осы салаға келуіне жағдай туғызды. Мұнымен салыстырғанда дәстүрлі кен орындарында мұнай өндіру әлдеқайда баяу жүреді, өйткені мұнай іріктеу қарқыны жылына орта есеппен 5-7%-дан аспайды. Нәтижесінде мұнай өндіру ұзақ уақытқа созылып, үлкен қаржыны қажет ететін жо­ба­ға айналатыны белгілі. Сондықтан дәс­түрлі мұнай ойын алаңында тек асық­пай қимылдайтын, бірақ үлкен мүм­кін­діктері бар күшті ойыншылар ғана әрекет ететін.

Бүгінде АҚШ-та көптеген ұсақ өнді­ру­шілер қатпартас майын өндірумен айна­лы­сады. Сарапшылардың пікірінше, олардың шамамен 80 пайызы мұнай бағасы барреліне 30 доллардан аспаған жағ­­дайдың өзінде өнімді пайдалы айыр­ма­шылықпен өндіре алады. Бұл саланы дамытуға инвестиция тарту үшін мемлекет салықтық жеңілдіктер мен префе­рен­циялар бере отырып, жаңа салаға қолайлы жағдай жасағаны да түсінікті. Алайда, шынтуайтына келгенде, АҚШ-тағы қатпартас саласында революциялық өзгерісті қамтамасыз еткен жаңа технологиямен және біліммен қаруланған, сыртқы өзгерістерге икемді және тез бейімделетін шағын өндірушілер болғанын бір сәт те естен шығармаған жөн. Егер АҚШ-тағы дәстүрден тыс қатпартас майын өндірудің тиім­ділігін біздің еліміздегі көптеген дәс­түрлі кен орындарындағы мұнай өн­ді­рудің тиімділігімен салыстыратын бол­сақ, басымдық біздің жағымызда болмай­ты­нын аңғару қиын емес. Сондықтан біздің енді оларға күлетін жөніміз жоқ.

Енді қатпартас мұнайы мен газының қоры туралы бірер сөз. Әзірге оның әлемде қанша екенін ешкім білмейді, өйткені оның қорын анықтау жөніндегі нақты жұмыс алдағы уақытта дами түсетін болады. Алдын ала бағалау бойынша қатпартас газының, тығыз жыныстардағы газдың және көмір метанының қоры 180 трлн текше метрді құрайтын әлемдік табиғи газ қорынан шамамен 5 есе көп. Қатпартас мұнайы дәстүрлі мұнайдың әлемдік қорының шамамен 10 пайызын құрайды немесе шамамен 345 млрд баррель, бірақ болашақта оның көлемі тез өсетініне ешкім күмәнданбайды.

Енді дәстүрден тыс, физика-химия­лық қасиеттері бойынша ауыр не өте ауыр санаттарына жататын және битум ара­лас­қан құм кеніштеріне ауысайық. Әлемде құрамында шайырдың, ауыр метал­дардың және асфальтендердің көп мөлшері бар ауыр, тұтқыр майлар кең таралған, сондықтан олар жақсы зерт­телген. Қазіргі қолданыстағы тех­но­­ло­гияларды пайдалана отырып, оны экономикалық тұрғыдан тиімді өндіру өте қиын, қолданыстағы мұнай құ­быр­лары арқылы табиғи түрінде тасы­мал­дау да мүмкін емес. Оларды зауыт­та өңдеу де жаңа технологияларды қажет етеді. Бүгінде мұндай майлардың дәлел­ден­ген қоры шамамен 150 млрд тоннаны құ­рай­ды. Олар өндіріледі, бірақ қалыпты көлемде емес, өйткені өндіріс процесінде пай­даланылатын ыстық буды шығару үшін арзан энергия көзі мол мөлшерде қажет.

Жоғарыда атап өткендей, Венесуэла дәлел­денген мұнай қоры бойынша әлем­де көшбасшы болып табылады, бірақ оның ресурсының шамамен 70%-ы ауыр санатқа жатады. Аталған ел екі себепке байланысты өндіру көлемін ұлғай­та алмай отыр. Біріншіден, бу шы­ғару үшін өздерінің меншікті газы жетіс­пей­ді. Екіншіден, мұндай мұнаймен өңдеу­шілердің шектеулі бөлігі ғана жұмыс істей алады. АҚШ санкцияларға бай­ланысты мұнай сатып алудан бас тарт­қан­нан кейін, оның үстіне басқа сатып алушылардың болмауына байланысты бұл елдегі өндіріс көлемі күрт төмендеді.

Битум араласқан құм кендері жаңа технологиялар арқылы соңғы онжылдықта өндіріс айналымына белсенді түрде тартыла бастады. Осы заттың әлемде жалпы қоры шамамен 1 трлн тонна болатын 600-ден астам кен орындары белгілі. Халықаралық энергетика жөніндегі кеңестің (WEC) мәліметтеріне сүйенсек, олардың ішіндегі ең ірілері Канада, Ресей және Қазақстанда орналасқан. Қазір­гі уақытта олардың ішінде тек 2 трлн баррельден астам қоры бар ең үлкен Альберта (Канада) кен орны шахта әдісі бойынша өнім беріп тұр. Әрине, бұл – шығыны өте көп, бірақ бірқатар техно­ло­гиялық артықшылықтары бар әдіс. Негізгі айырмашылығы сол, шахта тәсілі арқылы қорды 100 пайыз дерлік өндіріп алуға болады, ал бұл өндірушілер үшін айтарлықтай артықшылық болып саналады.

Осы кен орнын айналымға жібермес бұрын Канада жыл сайын шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріп, өндіру көлемі бойынша әлемде оныншы орында тұрды. Соңғы 10 жыл ішінде өндіріс технологиясын үздіксіз жетілдіру ар­қы­лы бұл мемлекет те осы саладағы өн­діріс шығындарын екі есе азайтты. Бүгінгі таңда Канада дәс­түрден тыс битум араласқан құмнан май өндіру ісінде мұнай бағасы баррелі үшін 35-40 доллар болған жағдайда оң пайда табатын жетістікке қол жеткізіп отыр. Нәтижесінде мұнай бағасы қысқа мер­зім ішінде көтеріліп, осы шекті дең­гей­ден асып кеткен кезде канадалық мұ­най­шылар мұнай өндіруді тез арттыра бастады. Соның салдарынан 2018 жылы мұнай өндіру көлемін жоғарыда аталған мөлшерден екі жарым есе арттырып, 255 млн тоннаға жеткізді. Бұл әлемде АҚШ, Сауд Арабиясы және Ресейден кейінгі лайықты төртінші орын еді. Мұның өзі басқа әлемдік дәстүрлі мұнай өн­ді­ру­шілер үшін тағы бір қиындық болды.

Осылайша дәстүрден тыс мұнай өнді­ру саласында жаңа технологияларды ке­ңінен пайдалана отырып, өнім көлемін арт­­тыру жаһандық энергетикалық ба­ланс­­­ты бірте-бірте өзгерте бастады. Соң­ғы ке­зеңде назардан тыс, еске­ру­сіз қал­ған мұ­най нарығында ерекше құ­былыс болды. Ол – 2017 жылы дәс­түр­лі мұнай өндіру әлемде өзінің шы­ңы­на жетіп, 3,4 млрд тоннаны құрағаны. Содан бері дәстүрлі мұнай өндіру деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Ал дәстүрден тыс мұнай өндіру керісінше жыл сайын артып, әлем рыногында дәстүрлі ойыншыларды ығыстыра бастады. Соның салдарынан қазіргі таңда әлемдік мұнай рыногының шамамен 10 пайызы амбициясы жоғары жаңа ойыншыларға тиесілі. Әрине, бұ­рынғы ірі ойыншылар мейлінше қар­сы­лық білдіріп, жаңа ойыншыларды өз мүдделері шеңберінен шығару үшін бір­неше рет белсенді қадамдар жасады, бірақ бәрі бекер болып шықты. Қалың ор­тада қалыптасқан қатаң бәсекеде әб­ден тартысып, суытылған аттай болып, шың­далып шыққан жаңа ойыншыларды енді ешкім тоқтата алмасы анық. Соңғы күн­дердегі оқиғалар соның айқын дәлелі.

Сонымен, жоғарыда айтылған жағ­дай­ларды қорыта келе, енді әңгіменің түйі­ніне ауыссақ.

Айтылған жағдайлардан әлемде мұ­най мен газдың мол қоры бар екенін бай­­­қаймыз және олардың континенттер мен әлем елдеріне кең таралғанын көреміз. Демек, алдағы кезеңде мұнай өндіруге қызығушылық танытатын ел­дер­дің де, кәсіпкерлердің де ұлғая түсе­тінін, сосын алдағы 200 жылда осы маңызды ресурстың жер бетінде кенеттен сарқылып қалуына еш негіз жоқ екенін байқаймыз. Дегенмен, адамзат әлі де ұзақ жылдар бойы мұнайды тіршілікте пайдаланудан бас тартпайды, бірақ мұнай ресурсының молшылығы оның әлемдегі стратегиялық маңызына нұқсан келтіріп, әлем алдындағы мәртебесін өзгертеді. Оның үстіне, мұнай өндіру қуаты тез дамып, сұраныстан басым болуы салдарынан әлем рыногында бәсекелестік аса түсері сөзсіз.

Дүние жүзінде өмір сүрудің жаңа мә­дениеті қалыптаса бастады. Оның негіз­гі үрдістері – біртіндеп энергияны үнемдейтін технологияларға, сонымен қатар шикізатты қайта өңдеуге көшу. Демек, бұл жаңа құбылыс та көмірсутек ре­сурстарына сұраныстың жылдам өсуіне тосқауыл болады. Осы аталған фак­торлар көмірсутек ресурстарының баға­сына айтарлықтай қысым жасап, мұнай бағасының шарықтай өсуіне ендігі кезең­де жол бермейді.

Сосын, жаңа технологиялар дәстүр­ден тыс мұнай көздеріне ғана емес, со­ны­­­мен бірге энергияның сарқылмас көзі са­налатын термоядролық немесе сутегі энер­гиясына, метан гидратта­ры­на және басқа да балама энергия көздеріне де даңғыл жол ашады. Қазіргі техно­ло­­­гия­лар жетістігінен туындайтын өмір ақи­­қатының қорытындылары осы­ған мең­­зейді. Демек, ендігі кезекте елдің таби­­ғи байлығына семіріп жүре бе­ру­дің еш қисыны жоқ. Ал мұнай немесе сол секілді басқа да шикізаттардың баға­сы­ның кезекті қымбаттауын жаратушыдан жал­барына тілеп, уақытты босқа өткі­зу­дің елге еш пайда бермейтінін мойын­дау­ы­­­мыз қажет-ақ.

Бір сөзбен айтқанда, әлем үлкен өзге­ріс­тердің алдында тұр. Сондықтан да әлем­дік өркениеттің шаңында қалмау үшін қазақстандық қоғам да сөзбен емес, іс жүзінде ғылым мен жаңа технологияға деген көзқарасын түбірімен өзгертуі керек. Біздің еліміздің барлық азаматтарына да бі­ліммен және жаңа технологиялармен қаруланып, іске кірісетін уақыт жетті. Тек ұтымды мінез-құлық, тиімді басқару, әрқайсымыздың қажырлы және адал еңбегіміз ғана мемлекетті гүлдендіріп, болашақ ұрпағымызды бақытқа бөлейтінін әрқайсымыз естен шығармауымыз қажет.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

экономист