Қоғам • 23 Сәуір, 2020

Елімізді танытатын қолдау

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр желтоқсан айында жұмыстан қысқарып қалған едім. Сәуір айында бір мекеме «келіңіз, қабылдаймыз» дегеніне қуанып жүргенде мынадай жағдайға тап болдық.

Елімізді танытатын қолдау

Әйтеуір қызым жұмыста, әйтпесе жағдайым тым ауырлап кетер еді. Осындай жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қиын кезеңдегі дағдарысқа қарсы шаралар мен табысынан айырылған азаматтарды қолдау жөніндегі мәлімдемесі жарияланды. Мемлекет тарапынан біздей жандардың бәріне ең төменгі еңбекақы көлемінде жәрдемақы берілді. Мұндайды бұрын алып көрмеген соң ба, сене қойған жоқпын. Бірақ қызым қайта-қайта айтып, құжаттарымды жіберген еді. Екі күннен кейін есепшотыма ақша түсті.

Әрине көп ақша емес, бірақ әжептәуір көмек екен. Сондықтан сындарлы сәтте халықтың мұқтажын тап баса білген Президентімізге алғыс айтамын. Сондай-ақ індетпен күресіп жатқан дәрігерлерге 3 ай бойы қосымша ақы төленетіні де айтылып, орындалып жатыр. Бұл – өте әділетті шешім. Қазір олар барлық адамға қатер төндіретін аждаһамен күресуде, сондықтан оларды қолдау керек.

Президент Қ.Тоқаев мемлекеттің қаражатын халқымыздың жағдайын жақсартуға жұмсап отыр. Зейнетақы мен жәрдемақы көлемін 10 пайызға арттыруды, бұл іске 200 млрд теңге қаражат бөлінетінін де жеткізді. Мұның бәрі біздің бірлігімізді, ел екенімізді көрсететін көмек, қолдау деп білемін.

 

Сараш ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА

 

Петропавл