18:30
Неміс вакцинасы клиникалық сынақтан өтуге дайын
Германияның федералдық вакциналар институты COVID-19 вирусының вакцинасын клиникалық сынақтан өткізуге рұқсат берілгенін мәлімдеді.
Зерттеу барысында 18-ден 55 жасқа дейінгі 200 сау қатысушы неміс BioNTech биотехнологиялық компаниясы әзірлеген вакцинаның бірнеше нұсқасын алады. Ал ғалымдар екпелердің вирусқа қарсы иммунитет қалыптастыруда тиімділігін зерттейді.
Қазір әлемде 86 топ COVID-19 вакцинасын әзірлеп жатыр. Осыған дейін Ұлыбритания, Қытай және АҚШ вакциналары клиникалық сынаққа кіріскен.
15:35
Австралия шекарасы тағы төрт айға халықаралық сапарлар үшін жабық болады
Шет елден қайтып келген осы елдің азаматтарына ғана кіруге рұқсат етіледі.
«Халықаралық ахуалға қарасақ, қазіргі уақытта шекарадағы кез келген шектеу шараларын бәсеңдету үлкен қауіп тудыруы мүмкін. Мен Қауіпсіздік жөніндегі ұлттық комитетке австралиялықтардың елден шығуына салынған қатаң тыйым мерзімін ұзартуды және ел аумағына шетелден оралған азаматтарымызға ғана кіруге рұқсат беруді ұсындым» деп хабарлады осы елдің бас санитарлық дәрігері Брендан Мерфи.
Австралияда барлығы 6 659 адам COVID-19 жұқтырған. Эпидемия басталғалы барлығы 4 671 адам сауығып, 75 науқас қайтыс болған.
Өткен тәулікте Австралияда тағы 12 адамның вирус жұқтырғаны анықталды, бұл 9 наурыздан бастап белгіленген ең төменгі көрсеткіш болды.
11:25
Украина карантинді 11 мамырға дейін ұзартты
Украинаның министрлер кабинеті елдегі карантин режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Елдің ұлттық ғылым академиясының есебі бойынша вирус жұқтырғандардың ең көп саны 3-8 мамыр аралығында тіркелетін көрінеді.
Дегенмен карантин жағдайында кейбір мекемелердің жұмысын жалғастыруына рұқсат беріледі.
Украинаның премьер-министрі Денис Шмыгаль 11 мамырға дейін тест санын көбейтіп, ауруханаларды толық жабдықтау керек екенін айтты. Одан бөлек ол жағдай тұрақтаса саябақтар, скверлер мен кейбір сауда орындарын қайта ашуды қарастыруға болатынын жеткізді.
10:47
Қытайда науқастардың 93%-дан астамы айыққан
Қазіргі уақытта бұл елде сырттан келген және жергілікті жерде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны күн сайын азайып келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда барлығы 82 798 адам коронавирус жұқтырған, оның 77 207-сі емделіп ауруханадан шығарылған, бұл - сырқаттанғандардың жалпы санының 93,2%-ы. Ауруханаларда шамамен 1 мың емделуші қалған.
ҚХР Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметтері бойынша, коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 93,2%-ы сауығып, 5,59%-ы қайтыс болған.
10:03
Коронавирус инсульт пен эпилепсия тудыруы мүмкін
Неміс ғалымы, Нюрнберг клиникасындағы неврологиялық орталықтың меңгерушісі Франк Эрбгут COVID-19-дың салдарынан туындайтын неврологиялық ауруларды атап өтті. Профессор ауыр халде жатқан науқастарда аурудың асқыну белгілері ретінде инсульт, ми қабығының қабынуы, бас айналуы және тіпті эпилепсия пайда болуы мүмкін екенін айтады. Вирус ағзаның өз жүйке жасушаларына кері шабуылдайтын өздігінен жойғыш аутоиммундық процесті іске қосады.
Франк Эрбгут неврологиялық асқынулар Қытайдың Ухан қаласындағы емделушілердің 36,4 пайызында байқалғанын атап өтті. Дегенмен маман мұндай асқыну белгілері көпшілікте байқалмайтынын ескертті. Бұл белгілерді вирустың симптомы деп санамай, асқынған жағдай деп қараған жөн.
Дүниежүзінде 2 627 630 адам коронавирус жұқтырды.
183 336 адам қайтыс болды.
711 144 науқас құлан-таза айықты.
АҚШ-та 841 556 жағдай тіркелді, 78 474 адам сауығып шықты, 46 769 адам қайтыс болды.
Испанияда 208 389 жағдай тіркелді, 85 915 адам сауығып шықты, 21 717 адам қайтыс болды.
Италияда 187 327 жағдай тіркелді, 54 543 адам сауығып шықты, 25 085 адам қайтыс болды.
Францияда 157 135 жағдай тіркелді, 41 331 адам сауығып шықты, 21 373 адам қайтыс болды.
Германияда 150 648 жағдай тіркелді, 99 400 адам сауығып шықты, 5 315 адам қайтыс болды.