03 Сәуір, 2010

12 ЖЫЛДЫҚ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУ НЕГЕ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ?

1056 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Білім беру мен ғы­лымды дамы­ту мәселе­лерін Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев әрдайым өзі­нің басты  назарында ұстап келеді. “Нұр Отан” партиясының тұғыр­нама­сында да білім беру мен ғылым сала­сына арнал­ған ірі бөлімдер қарасты­рылған. Өткен жылдарда білім беру мен ғылым саласын заңнамалық  қам­тамасыз етуде бір­талай ауқымды жұмыстар атқарыл­ды. 2007 жылы қабыл­данған “Білім туралы” Заң білім берудің қалыпты жұмыс істеуіне оң ықпал етті, дегенмен онда көптеген тұжырым­дамалық-құ­қықтық олқы­лық­тарға жол берілді. Оны біз қа­зіргі кезде ко­митетте “Білім тура­лы”  Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Заңына өзгеріс­тер мен толықты­рулар енгізу тура­лы” заң жобасын қарауда айқын сезініп отырмыз. Мәжіліс депутат­тары заң жобасына бірталай тұжы­рымдама­лық өзгеріс­тер мен то­лықтырулар енгізді. Бұл заң жоба­сы­ның кейбір нормаларын “Ғылым туралы” заң жобасымен бірге қарау керектігі қажет болып отыр. 2001 жылы қабылданған “Ғы­лым туралы” заңда осы саланы заң­ды тұрғыдан біршама реттеуге қол жеткізілді. Алайда ғылым да­муының елімізде кенжелеп қалуы­на байланысты, Мемлекет бас­шы­сы­ның тікелей тапсыр­масымен дайын­далған  “Ғылым туралы” заң жобасының жаңа редакциясы және оған ілеспе “Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне ғылым мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы келіп түсті. Мәжілісте өткен Үкімет саға­тында министрдің баяндамасында бүгінгі мәселенің жағдайы айқын ашылып көрсетілді, дегенмен, бұл салада осы реформа кезеңдеріндегі міндеттер толыққанды жүзеге асқан жоқ, шешімін табуды қажет етіп отырған бірталай өзекті мәселелер әлі де жетерлік. Ең бірінші – Қазақстан Рес­пуб­ликасында білім беруді дамыту­дың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толық көлемде іске асқан жоқ. Сондықтан 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу кейінге шегерілді. Білім саласындағы оң өзгерістерге алып келетін реформаларды жүргізу аяғына дейін жете алмады. Соңғы кездері әлемде базалық білім берудің сапасына баса көңіл аудару белең алуда, яғни ол халық­тың өмір сүру деңгейін жақсар­тудың  басты  шарты деп танылып отыр. Осы орайда мектепке дейінгі желілердің дамуы аса маңызды және бұл Елбасымыздың әрбір Жолдауларында, сөздерінде ерекше аталып көрсетілген болатын. Қазақстанда бес, алты жастағы балаларды мектепке дейінгі дайын­дауды 75% қамтуды біртіндеп жүзеге асыру жоспарланып отыр. Мұны іске асыру оңай шаруа емес, өйткені, бүгінгі көрсеткіш бұдан әлдеқайда алыс, ел Президенті атап өткендей, бұл салада әлі де болса түбегейлі өзгеріс бола қойған жоқ, дегенмен, мектепке дейінгі мемле­кет­тік мекемелер желілері қайта қалпына келтірілуде, баламалылары да даму үстінде. Елбасымыздың тапсыруымен “Балапан” бағдарла­масы іске асырылмақшы. Мемле­кеттік балабақшалармен бірге жекеменшік балабақшаларды да көптеп ашу көзделіп отыр. Деген­мен, көп ата-аналардың балаларын жеке меншік балабақшаға беруге шамасы жоқ. Қалтасы көтермейді. Сондықтан мемлекеттік балабақша­ларды көптеп ашуды қолға алған жөн деп есептейміз. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” демекші, балаларға жастайынан дұрыс тәрбие, білім бермесек біздің алысқа бара алмасымыз белгілі. Жалпы білім беру – ұлттық білім беру жүйесінің ең негізгі буыны. Жалпы білім беруде негізгі мәселе 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу болатын. Енді министр сол Үкімет сағатындағы баяндамасында көрсетілгендей ол 2020 жылға қарай іске аспақ. 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу бойынша бағдарла­маны іске асыру үшін мынадай үлкен міндеттерді атқару керек деп ойлаймын: - оқушы орындарының жетіс­пеушілігін қысқарту және бірінші сыныптың алты жастағы  балаларға қосымша орындар ашу; - жоғары сатыдағы бейінді оқытуға, әсіресе шағын жасақтал­ған мектептер мен мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін қолайлы жағдай жасау; - мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту; -  жаңа формациядағы педагог­тарды даярлау және қайта даярлау; - жаңа стандарттар, бағдар­ламалар мен оқулықтар әзірлеу, т.б. Осыған байланысты 12 жылдық оқытуға көшуді кейін­ге қалдыруға се­беп болған жағ­дайларға тағы да мұ­қият талдау  жасап, оның оңтай­лы ше­шімін  табу үшін ке­шенді шаралар бел­гі­леу қажет. Мүмкін қа­зір­ден бастап ба­лаларды сынып­тан кейін, олардың қа­білетіне бай­ланысты гуманитар­лық, жара­ты­­лыстану-ма­те­матикалық оқуға бейім­деп гимназия, лицейлерге оқытуды, ал техникалық-кәсіптік білім алуға бейім­дерін бейіндік (профильді) білім беруді бастаған жөн болар. Ол үшін мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы мектеп жанынан оқу-өндірістік орталықтар ашса. Сонда балалар 11 сыныпты бітір­ген­де белгілі бір мамандық иесі болар еді. Яғни, 12 жылдық оқы­туға көшуді жоғары сыныптардан бастаған жөн болатын сияқты. Бұл 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің өтпелі кезеңінің базасын құрап, аталған бағдарламаны тезірек жүзеге асыруға септігін тигізер деп ойлаймын. Президентіміздің тапсырмасы­мен техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамытудың бағдарламасы әзірленді және ол іске асырылуда. Бұл мәселеге ерекше маңыз берілгендіктен, осы бағдарламаны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз  етуге арналған парла­мент­тік тыңдау өткізілді. Ел Үкі­метіне бірнеше нақты ұсынымдар берілді. Парламенттік тыңдаудың ұсынымдары тек қағаз жүзінде қа­лып қоятын болса, онда техника­лық және кәсіптік білім беруді дамытуды толықтай іске асыру үлкен қиындықтарға тап болуы мүмкін. Елбасы бірнеше рет шағын биз­несті дамыту туралы мәселе көтерді және ол бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Бұл мәселе бойынша білім беру жүйесі де  өте ауқымды қызметтер атқаруы мүмкін еді, бірақ оның нәтижесі шамалы бо­лып отыр. Шағын кәсіпкерлік олар­ды ұйымдастырушылардан да, жалдамалы жұмысшылардан да тиісті білім мен дағдыны қажет етеді. Бастапқы және орта кәсіптік білім беру ұйымдары өз жұмыста­рын  осы бағыттарға қайта бұрула­ры қажет. Әсіресе, бұл проблема жұмыс қолы артық, жұмыс күшінің пайдаланылу салалары нашар дамыған ауылдық жерлерде өткір күйінде қалып отыр. Енді жоғары білім мен жоғары білімнен кейінгі білім беру  мәселе­сіне келетін болсақ, мұнда да шешуін таппай қордаланып қалған мәселелер аз емес. Жоғары оқу орнын бітірген көптеген азаматтарымыз еңбек ры­но­гында сұраныс таппай отыр. Бұл жекеменшік жоғары оқу орында­рын­да қажетті де қажетсіз маман­дарды жаппай дайындаудан, олар­дың білім деңгейінің төмендігінен, еңбек рыногында сұранысқа мони­то­рингтің дұрыс жүргізілмеуінен туындап отырған жағдай. Жоғары білім беруде біз Болон процесіне ендік. Жалпы, еліміздегі білім жүйесі батыстық білім беру жүйесіне бағытталып отыр. Ма­мандар, ғылыми-педагогикалық қыз­меткерлер даярлауда үш деңгей­лі “бакалавр-магистр-доктор (фи­ло­софия докторы (Ph), бейінді доктор)” білім беру жүйесіне көшіп жатырмыз. Жүздеген магистрлар, көптеген философия докторларын (Ph) дайындап та үлгердік. Алайда магистр жұмыстарын атамағанның өзінде, философия докторлары (Ph)  диссертацияларының сапасы сын көтермейді. Мұны министрлік те жоққа шығарып отырған жоқ. Қорғалған диссертациялардың көбінде ғылыми жаңалық жоқтың қасы. Олардың еліміздің индус­трия­лық-инновациялық дамуына қосар үлесі шамалы. Мұның бәрі диссертация мазмұнына қойылар қатаң талаптың жоқтығынан және мұның бәрі академиялық атақты жоғары оқу орны, ғылыми ұйым­дардың өздері бере салуға құқықты екендігінен туындап отыр. Осы жерде айтайын дегенім, “Білім туралы” заң мен “Ғылым туралы” заңның арасында өзара тығыз байланыс жоқ. Білім мен ғылым егіз десек, олардың көптеген нормалары өзара қабысуы тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмауда. Білімі саяз адамнан жақсы ғалым шықпайтынын дәлелдеп жатудың өзі артық. Біздің Парламент Мәжілісінің де­путаттары жоғарыда аталған мә­селелер тұрғысында әрдайым Бі­лім және ғылым министрлігіне қолдау көрсетуде, олардың жұмы­сын одан әрі жақсарту барысында жан-жақты өз көмегін аямауға әрқашанда дайын деп есептеймін. Бірлесе, өзара түсіністікпен жұмыс істесек, ісіміз оңға басатынына сенімдімін. Динар НӨКЕТАЕВА, Мәжілістің  Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы.