Руханият • 23 Сәуір, 2020

Әл-Фараби мұрасы һәм қазіргі заман

2903 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енген болатын. Осыған орай 22 сәуір күні Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен һәм Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «әлемнің екінші ұстазы» Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойына арналған «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» тақырыбындағы халықаралық онлайн конференция өтті.

Әл-Фараби мұрасы һәм қазіргі заман

Фараби бабамыздың ғылыми-шығармашылық мұрасына жұртшылықтың назарын аудару һәм теңіздей телегей еңбектерін зерттеу мақсатын діттеген конференция барысында ойшылдың трактаттары талқыланып, ғылыми жұмыстарын зерттеу бойынша бірыңғай дерекқор құру және оның шығармаларын насихаттау сөз болды.  Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның модераторлығымен өткен шарада ғылымдағы келелі мәселелер де көтерілді.

Әл-Фарабидің шығыс аристотелизмінің беделді өкілі екендігін айтып өткен модератор:

– Ұлттық академиялық кітапханасы қорында әл-Фарабидың бірнеше кітаптары бар. Мәселен, «Он томдық шығармалар жинағы», «Адам және заман», «Қайырымды қала», «Музыка туралы үлкен кітап», «Таңдамалы трактаттары» және т.б. кітаптарды электронды түрде де оқуға болады. Сондай-ақ, мерзімді басылымдарда шыққан ғалымның еңбектері туралы мақалалар бар. Биыл кітапхана ұжымы «Әл-Фараби мұрасы» атты ауқымды кітап көрмесін өткізген болатын. Көрмеде қазақ жерінде дүниеге келген әл-Фарабидің өмірі мен қызметін жайында баяндайтын 400-ден астам кітап, фотосуреттер, карталар мен дәйексөздер ұсынылды, – деп сөзін жалғады.

Халықаралық деңгейде өткен онлайн конференцияда сөз сөйлеген Амброзиане академиясының профессоры, ғылым докторы Эдуардо Канетта (Милан, Италия) Миландағы індеттің таралуына байланысты төтенше жағдайға өкініш білдіре отырып:

– Қазақстанның Сыртқы істер министрінің Италия министрімен Миланда өткен кездесуінде Құранның түпнұсқасын көрген еді. Пандемия біткен соң әл-Фарабидің қолжазбасын Қазақстанға алып барамын деп уәде беремін. Енді Орта ғасырдағы ұлы мұсылман медицинасы жөнінде айтқым келіп отыр, бұл – менің соңғы зерттеу жұмысым. Әл-Фарабидың саясат, философия және тағы басқа салаларда ұлы ғалым екені бәрімізге аян, – деп ойын тарқатты.

– Әл-Фарабидің елді басқаруда басты қағида етіп денсаулық пен физикалық саулық деп санауы бекер емес. Ойшыл грек мифтерінің аудармасынан және ұстаздарынан көптеген құнды дүниелерді үйренген. Ұстаздары оған тек Аристотельді білуге мүмкіндік берген жоқ, тіпті Гален мен Гиппократтың шығармаларымен де танысты. Сіздер Фарабидің Отырардан, ал Авиценнаның Өзбекстаннан екенін білесіздер. Бұл ғалымдар жазық даланың өсімдіктерінен хабардар болған соң түрлі жаңа шөп-дәрі ойлап тапқан. Көп мөлшерде дәрілерді қабылдау кері әсер беретінін де білген. Белгілері ұқсас бірнеше ауру түрін ажырата білген, – деді италиялық ғалым.

«Әл-Фараби мұрасы және аударма мәселесі» тақырыбында баяндама жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы Ықтияр Палтөре:

– Анығында әл-Фараби жайлы барлық жұмыстар араб тілінде сақталған. Соның ішінде негізгі боп табылатын 6 дереккөз бар. Бұл кітаптарда ұлы ұстаздың еңбектері, трактаттары аталып өтіледі. Осы жөнінде барлық мағлұматты он томдық «Әл-Фараби мұрасы» кітабынан ала аласыздар. Және мәліметтердің электронды нұсқасы да бар. Қазіргі таңда біз қазақ, орыс тіліне аударылмаған еңбектерін тәржімалап жатырмыз», деп ғалым мұраларының аударма мәселесіне тоқталды.

Халықаралық онлайн конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Италия, Сирия және тағы басқа елдерден ғалымдар қатысты. Шара соңында «Әл-Фараби әлемді біріктіреді» атты бірыңғай электронды база мәліметтерін құру және «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман», «Abu Nasr al-Farabi's legacy and modernity» атты ғылыми жинақ шығару жоспарға алынды.