Қоғам • 16 Қараша, 2024

Аграрлық саладағы реформалар ауыл өмірін жақсартады - Айдарбек Ходжаназаров

464 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумы өтті. Форумда аталған саланың дамуына қатысты негізгі мәселелер талқыланды. Осы ретте, Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров Президенттің көтерген тақырыптардың қоғам белсенділері айтып жүрген мәселелерімен үндес екені ерекше қуантатынын жеткізді. 

Аграрлық саладағы реформалар ауыл өмірін жақсартады - Айдарбек Ходжаназаров

Фото: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, бұл маңызды жиын - отандық агросаланың даму жолдарын талқылауға, қажетті бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған үлкен қадам.

Сонымен қатар депутат форумда жылқы шаруашылығы институтын құру бастамасы көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл қуанышты жаңалықтың еліміздегі жылқы шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беретінін тілге тиек етті.

«Президент өз сөзінде ауыл шарушылығының ұлттық экономикадағы рөлін ерекше атап өтті. Жалған статистикамен күресу қажет екенін айтты. Деректердің шынайылығы саланы тиімді басқарудың және даму перспективаларын дұрыс болжаудың негізі екені айтылды», деді ол.

Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, форум - ауыл шаруашылығындағы мыңдаған қарапайым қызметкердің еңбегін бағалап, оларды жаңа жетістіктерге ынталандыруға арналған ерекше оқиға.

«Ауыл - халқымыздың рухани және экономикамыздың маңызды тірегі. Сондықтан аграрлық саладағы реформалар мен бастамалар ауыл өмірін жақсартуға, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамыздың тұрақты дамуына септігін тигізеді», дейді А.Ходжаназаров.