Белгілі бір жайттың сауалына төрелік айту үшін орыс деректемелеріне жүгіну дағдысы бізде әлі бар. Ол түсінікті де, өйткені біздің ғылымда орыс өнертану мектебінің күші әлі ықпалды, әлі өктем. (Әсіресе этномузыка әңгімесі қозғалғанда орысша аргумент келтірсеңіз кез келген кер оппонент сылқ ете қалады, ащы да болса шындық осы). Ендеше біз де соған жүгініп дәлел айталық.
Асыл жандардың әншілік дәргейін Ресей ғалымдары сонау ақ патша заманында, яғни XIX ғасырдың жуан ортасында-ақ жеке фольклорлық мәдениет ретінде қарастыра бастаған екен. Керек десеңіз, Н.Лопатин (1854-1897), В.Прокунин (1848-1910) сияқты орыс музыкатанушылары қыздар айтатын әндерді дербес орындаушылық жанрға балаған көрінеді. Орыс фольклористикасының аңыз адамы саналатын Е.Линева (1853-1919) орыс қыздары шығармашылығын сипаттағанда «горущечные песни» (қайғылы әндер), «бабьи песни» (әйел әндері) «девьи песни» (бойжеткен әндері) деген анықтамаларды пайдаланыпты. Орыстың тағы бір дүр фольклористі М.Едемский қыздар әнін мазмұнына қарай «тұрмысқа дейінгі әндер», «тұрмыстан кейінгі әндер» деп жіктейді, бұл ойын ол репертуар мәселесімен тікелей байланыстырады. М.Едемскийдің зерттеулеріне шолу жасаған М.Вавилова деген өнертанушы былай деп жазыпты:
«М.Едемский, отмечая процесс разрушения и угасания традиционной народной песни, углубляет методику изучения происходящих в фольклоре явлений, открывает новый аспект исследования – поднимает проблему трансмиссии культуры. Он начинает фиксировать (не записывать) гендерный репертуар, акцентируя внимание на разных возрастных группах. В архивной коллекции Едемского можно выделить уникальные наблюдения-заметки – тематические циклы: репертуар молодого парня 17 лет, рядового крестьянина 40-45 лет, репертуар девушек 16-17 лет, женщин 40-45 лет, старшего поколения 60-70 лет».
(М.Вавилова. Песенный фольклор в записях М.Б.Едемского: Принципы собирания и исследования. Статья. По следам Е.Э.Линевой. Сборник научных статей. 96 стр. Вологда-2002). Осы жерде «мәдениеттің трансмиссиясы» деген сөзге тоқталудың қажеті жоқ, ол фольклордың сақталуы не жалғасуы проблемаларына қатысты гәп. Ал енді асты сызылған «гендерный репертуар» деген сөзге назар аударалық, бұл жерде мәдениетті сақтаушы яки жалғастырушылардың жас ерекшеліктерімен бірге жыныстық та табиғатын ескеру керектігі меңзеліп отыр. Музыкалық білікте оғаштау көрінетін «гендерлік» сөзі М.Едемский заманында болған жоқ, оны музыкалық анықтама қатарына енгізген кейінгі ғалымдар легі, десек те әншілік танымда жыныстық ерекшелік болатынын еппен айтқан орыстың көне ғалымдары ұтылған жоқ. Әйелдер айтатын лирикалық әндер, «горлар» (жоқтау әндер) мен «частушкалар» (қайым әндер) академиялық өнер түрі ретінде орыс мәдениетіне енді.
Орыс ғалымдарының төккен тері текке кетсін бе, осыдан кейін-ақ қыздардың әншілік шығармашылығы негізінде халықтық-академиялық хор ұжымдары ұйымдастырыла бастады, жеке орындаушылық өнер дамыды, орыс маржаларының даусын жаһанға жайған Л.Русланова, Л.Зыкина сияқты дәстүрлі әншілері әлемді аузына қаратты. Орыс мәдениеті аясында пайда болған «Девичья хороводная традиция», «Женский певческий жанр» деген тіркестер одақ көлеміндегі өзге ұлттарға өнеге болды. Қазіргі күнде Ресейдегі танымал ұжымдардың бірі, Ю.Чирков жетекшілік ететін орыс-казактардың «Чапура» фольклорлық ансамблі тек қана қыздар шығармашылығын насихаттайды және осы құралпы ұжымдар өте көп. Ол аз десеңіз, әйелдердің шіркеуде орындайтын діни-ғибадат хорының дәстүрі де орыс фольклорын мейлінше байытып отыр. Православиенің ескі дін тұтынған жамағаттары (староверлер) қауымының фольклоры да зерттеушілер назарынан тыс қалмаған, олардың да әйелге тән зікір рәуішті әндері мұқият жинақталған, қазіргі «Рябина» деген әйелдер ансамблінің репертуары сол ескіславян фольклорынан тұрады.
Бізбен туыстас халықтарда да қыздар шығармашылығы бөлек мәдениет ретінде талданады. Мысалы, «өз ағамыз» өзбектің тек қана қыздар билейтін классикалық биі әлемге әйгілі. Өзбек қыздары Хорезм дәуірінен бері киелі өнер саналатын «шашмакомды» қазан төңкерісіне дейін айтқан емес, тек кеңестік кезеңде ғана әуес ете бастады. Кавказ түріктерінде қыздардың биі басқаша, біздің «Айжан қыз» бен «Қамажайдай» ырғалып тұрады. Әгәрәки қыздар қауымы жігіттер биіне әуестеніп секектей жөнелсе ол өрескел іс болып саналады. Осыларды зерделейтұғын болсақ, жалпы өнер атаулының барлық түрінде жыныстық ерекшеліктерге қатысты ежелден қалыптасқан тылсым табиғаты бар сияқты көрінеді. «Бір туған» қырғыздарда «Манасты» ешқашан қыздар айтпайды. Қазақ, қарақалпақта қобызды қыздар ұстамайтын қатаң тыйым болған. «Жырау» деген сөз тек қана еркектерге ғана лайық әскери мәртебе болғаны анық, қазақ қыздарының «жырау» атана бастағаны тек беріде, Затаевич жазбаларынан кейін ғана. Әрине бұл күнде шығармашылық еркіндік пен теңдікте жыныстық шектеу жоқ. Әңгіме байырғы кезеңдердегі қасиетті тыйымдардың болғандығында. Ал енді қазақ қыздарының ән өнеріне келетін болсақ, ол шексіз дария, өз тарихы, өз мәдениеті дамыған кемел жанр. Ұлт руханиятын қыздардың дауысынсыз елестету мүмкін емес.
Қазақтың әнші қыздарының орындаушылық дәстүрі мен оның басты ерекшеліктері, әрине тұрмыстық өмірлеріне байлаулы. Қыздар әншілігіндегі айрықша интонация негізінен созыла айтылатын сазды лебізбен өріледі, яғни репертуар негізінен лирикалық әндерден құралады десек еш қателеспейміз. Қыз шырқауындағы мелодиялық дамудың да өз жосығы бар. Олар халықтық немесе авторлық әндерді орындағанда дауысты тым жоғары өрлетуді, жігіттерше «алты қырдан асыра айғайлауды» мақсат етпейді, керісінше көркем тембрге, шағын ғана композициялық өрнектермен астасатын жарқын колоритке көбірек сүйенеді. Дала дәстүрінде өнерлі қыздың көрме көзге (қазіргі ұғыммен айтқанда «сахнаға») бәденді болуы, орындаушылық барысында ізет шекарасынан аттамауы мақұл болған.
Ұлы әжелерімізден жеткен ұлан-ғайыр ән қорымызды барлай келгенде, тұрмыс-салтқа байланысты әндер, сыңсу мен жар-жар, бесік жыры, алтыбақан-ақсүйек маңайындағы қыз-бозбала қағытпалары, қыз-жігіт айтысының ақабасынан туындап жататын классикалық қара өлең қайырымдары, бұлар тек қана қыздарға тиесілі қызықшылық болып саналғанын дәлелдеп жату артық. Әрине ұзатылу, қоштасу, құтты орнына қону, елі мен жерін, ата-анасын сағыну сияқты әдеттегі әндер ғұрыптық-салттық фольклорға жатқанымен, поэтикалық мазмұны мен музыкалық формасы дами келе қыздардың кәсіби ән мектебі болып қалыптасқанын аңдаймыз. Және ол көшпелі тұрмысымызда ғасырлар бойы пісіп-жетілген пейіштің жемісі секілді, ақ жаулықты әжелерімізден аналарымызға мирас болып, қарқарасы құлпырған қыздар әні әлі күнге дейін жүрегімізге шуақ сыйлаумен келеді. Жаратқанға мың тәубе!
Қазақтың өнертану ғылымында қыздар әншілігі жеке-дара ғылыми нысан ретінде бағаланбағанымен жеке тұлғалардың шығармашылық жағдаятын қаузаған еңбектер жазылды. А.Затаевич (1000 песен казахского народа. Оренбург-1925), Б.Ерзакович (Песенная культура казахского народа, АлмаАта-1955) құрастырған ән жинақтарынан соң Т.Бекхожина, А.Байгаскина, С.Елеманова, Ғ.Бисенова, А.Бердібаева, Б.Бәбіжан, Ә.Сабырова, Б.Тұрмағамбетова сынды ғалымдар легі халықтық дәстүр аясында қыздардың шығармашылығын да мәдени үдеріс ретінде ескере өтті. Кеңес заманындағы еңбектерде қыздар шығармашылығын сол кездегі идеологияға сай «теңсіздік әндері» деп жіктегені белгілі. Әрине ер адамдардың қыздар әнін айтуы, керісінше қыздардың ерлер әніне әуез болуы осы кездерде басталды деуге болады. Қыздардың әншілік мектебінің мәдениеті бар екені жайлы емеурінді мақалалар тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақыттарда ғана ептеп жазыла бастады. Бірақ олардың негізгі ұстыны «ғұрыптық әндер» деген тақырып ауанынан аспады.
Дегенмен, «Әйелдер әні» деген айдарлы жіктеуді А.Затаевичтің жазбаларынан көп кездестіреміз. Мысалы:
«210. Куляйим Колыбаева (Кулэйиым Койлыбаева) жена Медеу.К. (см. прим. 203), дала мне ряд чрезвычайно интересных сообщений из области женских казахских песен Павлодарского уезда.
- Очень красивая женская песня, грациозно и плавно изливающаяся и, в заключение, модулирующая из мажора в минор на второй ступени.
- Женская песня.
- Женская песня.
- Очень красивая, так и просящаяся в оперу, женская песня, полная глубокой грусти! (Совсем другая «Кайырма» помещена в «1000 п.», под № 494).
- Опять-таки - чрезвычайно красивая женская песня, с богатейшей мелодией, преисполненною печалью.
- Женская песня.
- Женская песня, в которой слышится отзвук великолепной песни «Уш коныр уйрек», сообщенной выше Куляим Колубаевой (см. № 256).
- Женская песня.
- Женская песня.»
(Александр Викторович Затаевич. «500 песен и кюев казахского народа» Издательство «Дайк-Пресс», г. Алматы. 336-348 стр.)
А.Затаевич қазақ қыздарының әншілік өресін жоғары бағалайды, әсіресе Майра Шамсутдинова туралы зор ілтипатпен жазғаны белгілі. Сонымен қатар қазақ әйелдері әнінің мазмұны мен мелодиясына өз тарапынан бірсыпыра сипаттама береді.
Қазақ қыздары әншілігінің мазмұн-мағынасы салттық деңгейдегі фольклорды негізге ала отырып, классикалық қара өлеңнің шекарасынан шығандайтынын, сөйтіп халықтық-кәсіби шығармашылыққа өрлейтінін жоғарыда жаздық. Енді қара өлеңнің фольклор сарындас формасы өзгере келе классикалық лирикаға иек арта бастайтынына ынта қоялық. Керек десеңіз қарапайым ғана қайырымдардың табиғаты құбыла келе ғашықтық новелласы тақырыбына дейін ұласып жатады. Монолог, баяндау түрлеріндегі поэтикалық тіркестер еркін ырғақты болғандықтан композициялық мазмұнға да көп өзгеріс жасайды. Дәлел ретінде көпшілікке аттары мәшһүр Мәриям Жагорқызының, керекулік Майраның әндерін мысалдасақ та жеткілікті. Мәриям:
Қолында Мәриямның өткір қайшы,
Қағазға Мәриям аты жазылсайшы.
Қор болып бір жаманға кеткенімше,
Алдымнан қазылған ор табылсайшы!
– деп сарғаяды, Дударға деген сезімін ашық айтады. Ал Майра болса:
«Дос тұттым, болдым жақын,
тіліңе ердім,
Басқадан сені ерекше артық көрдім.
Кіршіксіз махаббатың қойынында,
Өзің біл, жүрегімді саған бердім!» деп ғашық сезімін ешкімнен қысылмай әмбе жұртқа жария етеді.
Осы жерде ән мәтінінен бөлек, қыздардың композиторлық қарымының да нағыз шабыттың биігіне жеткенін айту парыз. Музыкалық талдаумен қарасақ, әндердің интонациялық қайырымдары да әдеттегі ерлер айтатын өлеңнен өткірлеу. Мәтіндегі поэзиялық өрімдердің айтпағына келсек, қыз сөзі мейлінше батыл, әр ұйқасы қылыштың балдағындағы ақкүмістей жарқырап тұрады. Қазақ қызы өзінің шығармашылық албарында тек қана «әсершіл», «мұңшыл» бола бермейді, ол кейде жеңіл юморескаға да қысылмай мойын бұра кетеді.
«Жаман болсаң кетерсің суға кетіп,
Жақсы болсаң келерсің судан өтіп» деп қалжыңдай отырып, бозбаланы қайрайды, ән мәтіні бұлан жастың қаншалықты еркін әрі азат рухты болғанын баян етеді. Әлбетте, музыкалық образ да соған орай сан-салалы болып туындайтыны, өрбитіні белгілі.
Тап осы жерде қазақ қыздары репертуарындағы әндердің мазмұнын барлай отырып, олардың қоғамдағы биік мәртебесін тану аса қиын іс болмайды. Қазақ қызы ән арқылы өзінің «сөзге бекем», «сертке берік», «ізетінше асқақ» бейнесін сомдайды. Сонымен қатар ол үлкеннің жолын кеспейтін, бөріктіге тіке қарамайтын көргенді тұлға, рулы елдің ары мен ұяты екенін де ұмытпайды.
Ақиқатын айталық, кеңестік кезеңдегі ғалымдар жазғандай қазақ қоғамында «төменетек теңсіздік» болғаны шындық. «Тақсыр-ай, күні құрсын ұрғашының, билігі болмаған соң бір басының» деп Сара ақын текке жырлаған жоқ. Қалың малын мол бергенге қызын жетектетіп жіберетін керзаманды бүгін жасырғаннан не пайда? (Тұрмыстық жағдаятында туындаған «теңсіздік әндері» қазақ қыздарының шығармашылығында эпопеялық баян болып қатталып әлі жатыр, болашақта оларды жинақтасақ бір антологияға жүк болып қалары анық). Қазақ қызы:
«Қызды неге құдайым жаратасың,
Қолаң шашын қайырып таратасың.
Асау тайдай алшаңдап жүрген басым,
Қандай жанның қолына қаратасың?»
– деп жат босағасындағы бақ-талайын уайым етеді.
Бүлдірген,
Қандай жақсы құрбылармен бір жүрген
– деп «асау тайдай бұлаңдаған» оң босағадағы дәуренін қимай қамығады.
«Базардан алған боз жаулық,
Шетінен алдым бір баулық,
Айналайын туысқан,
Сіздерге берсін денсаулық!»
– деп туған ел, өскен жерін ойлап сарғаяды.
«Әй-әй, бөпем,
Кейін қалған елімді,
Көрер ме екем!»
– деп бесік тербетіп отырып төркін жұртын сағынады.
Ал енді, тақырыпты тұрмыс жағдаятынан әншілік қағидасына шорт бұратұғын болсақ, қыздар айтатын әндердің сипатында жоғарыда біз салыстыра жазған екі характер бар, лирика мен сентимент, сатира мен юмор интонациялары араласа келе тамаша музыкалық ой немесе композициялық мазмұн түзгендей болады. Яғни қазақ қыздарының шығармашылығында қуаныш пен өкініш, махаббат пен ғадауат, күлкі мен көз жасы аралас. Вокалдық тұрғыда бозбалаларға тән еселенген динамика, тік шырқайтын шаппа-шот акцент мүлде жоқ, керісінше романстық шуақты мелос басымырақ.
Тағы бір мәселеге назар аударуға мәжбүрміз. Жалпы, халық әндерінің ішіндегі қыздарға тән текст-мәтіндерді барласақ, жұмбақтай айту, астарлап жеткізу, тұспалдап меңзеу сияқты поэтикалық тәсілдер мейлінше мол қолданылады. Мысалы:
«Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау.
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау»
– деп әнші қыз тыңдаушы назарын «алма ағашқа», «текеметке» бұра отырып, өз тағдырын баян етеді, қимас құрбысына құпиялап сырын айтқандай болады. Мұндай әдісті әдебиетшілер «параллеллизм» деп атар еді. (Музыкада да бұл термин бар, бірақ ол екі дыбыстың гармониясын қаузап кетеді).
«Арқадан соққан самал жел,
Сағындым көке, аман кел!»
– деп алыстағы бауырына деген сағынышын әнге қосады, сөйте тұра төркін жұртына (Арқаға) көптен бармағанын жария-наз етеді. Қазақ қызы өз сезімін әлгі айтылмақ әннің өзегіне шебер қайымдастырады. Ән сазы мәтіннің жеткізе алмаған тұсын әрлеп, сезім лебізін мелодиялық өрнектермен өре отырып, содан музыкалық көркем шешім іздейді. Мұндай музыкалық-поэтикалық тәсіл жалпы қазақы ән-өлеңнің бәріне тән дегенімізбен, қыздар шығармашылығындағы сипаты өткірлеу-ау. Кейде бір тыңдағанға қыздар әнінің мазмұны толық ашылмағандай, кульминациясы жетілмегендей болып көрінетіні бар. Иә. Қыздардың шығармашылығында ашық-шашық әсіресоқ акцентшіл техника болмайды. Мұның астарында ұлт пен дәстүрге деген түпсіз құрмет жатыр. Қайыра айтқанда, қазақтың бұқаралық-музыкалық салтында қыздар әншілігі – төл табиғаты сұрыпталған, өзіндік композициясы мен формасы жетілген, дәстүрлі вокалдық мектебі қалыптасқан дара мәдениет.
Осы мақаланы оқыған соң «Әй, ағайын, халық әншілігінің классикалық мектебі бар, кәсіби оқыту талабы бар, ендеше одан қыздар шығармашылығын бөлудің қажеттілігі бар ма? Заманауи зәрулігі не-дүр?» дейтіндей оппонент сауалдар өре түрегелуі әбден мүмкін. Оның үстіне жоғарыда аттарын атаған жеке музыкатанушылар болмаса жалпы отандық өнертану мен кәсіби білім беру саласы қыздар әншілігін жанрлық мәдениет ретінде қарамақ түгілі, олардың сан ғасырлық дәстүрі бар репертуарын да мойындай бермейді. Соның салдарынан қазіргі орындаушылық өнерде қыздардың әншілік үлгісі «зәйімкенің ағашындай» селдіреп, жойылып барады. Осы күні сал-серілердің «жігітлік» тақырыбындағы «алаңсыз сауық-сайран салған», «бір күнде сегіз қызды алып қашқан» әндерін сұлу қарындастарымыз сахнада қысылмай айта береді. «Тәңірберген Молдабай», «Олай жүрші, Көкшолақ!» деп үкілі бөркі найқалған аруларды да көріп жүрміз. Эстетикалық жолын айтпағанның өзінде Біржан мен Ақанның, Мәди мен Тайжанның, Ғазиз бен Балуан Шолақтың, Кенен мен Қапездің қаһармандық-патетикалық туындылары қыздардың нәзік табиғатына келмейді, вокалдық тұрғыда да дауысқа орасан салмақ түсіретіні бесенеден белгілі. Қыз бала қанша шебер орындаушы болса да шығарма болмысы оған ырық бермейді, себебі ер адам репертуарының вокалдық-техникалық талаптары өзге. Қаласақ та, қаламасақ та әлгі орыс ғалымы М.Вавилова айтқан «гендерлік репертуар» талабының бір маңызы осы жерде байқалады. Кәсіби оқыту стандартының талабына сай «ән маманы халық әндерінің бәрін игеру керек» деген ортақ тілекке дау жоқ, ол білік пен тәлім үшін өте қажет дүние. Десек те үлкен сахна мәдениетінде кез келген ұлттың маңдайына біте бермейтін рухани қазынамыз – қазақ қыздарының әншілік мәдениеті мен ғұрпы сақталса игі.