Қоғам • 24 Сәуір, 2020

4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алды

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл 23 сәуірдегі жағдай бойынша төтенше жағдай кезінде кірісінен айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 млн 146 мың әлеуметтік төлем берілді. Оның ішінде алғашқы айда – 3 млн 727,5 мың, екінші айда – 418,5 мың төлем берілді.

4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алды

23 сәуірдегі жағдай бойынша 42 500 теңгелік төлемге 8 млн 21 мың адам өтініш берді.

Бірегей өтініштердің ең көп саны келесі өңірлерде тіркелді. Мәселен, Алматы облысы – 1 млн 44,8 мың, Түр­кістан облысы – 998,9 мың, Алматы қаласы – 896,2 мың, Нұр-Сұлтан қаласы – 594,5 мың, Шымкент қаласы – 534,4 мың адам өтініш жолдады. Өңірлер бойын­ша келесі облыстардың тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған: Алматы облысы – 603,4 мың; Түркістан облысы – 496,6 мың; Алматы қаласы – 403,1 мың.

Келіп түскен 3 млн 585 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.

Бас тартудың негізгі себептері төмендегідей:

- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;

- банктік шот нөмірінің дұрыс көр­сетілмеуі;

- өтініш берушіде тұрақты жала­қысының болуы (оның ішінде мем­лекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйым­дар­дың қызметкерлері);

- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс істемеген зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;

- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режімін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зей­нет­ақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін өзі жұ­­мыс­пен қамтығандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;

- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аума­ғы­нан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot мекенжайы бо­йынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.

Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz, 42500@gfss.kz электронды мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.

МӘСҚ-та төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік кор­порация­сы» КеАҚ-қа жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді. Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:

– жеке кәсіпкерлерге, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жала­қы­сы сақталмайтын демалыстағы қызмет­керлеріне;

– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– мемлекеттік мекемелерді қоспа­ған­да, коммерциялық емес заңды тұл­ға­лардың жалақысы сақталмайтын дем­алыс­тағы қызметкерлеріне;

– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– Салық кодексінің 774-бабына сәй­кес, бірыңғай жиынтық төлемді төлеу­ші­лер болып табылатын жеке тұлғаларға;

– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға тағайындалады.

1 және 2-тармақшалар ұлттық бас­қарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың қыз­меткерлеріне қатысты емес.