Мәжілістің соңғы жалпы отырысында депутаттар мемлекеттік тілдің мәселесіне қатты алаңдаушылық білдірді. Тіпті, бұрын бұл мәселеге аса көңіл бөлмей жүретін белсенді депутаттардың да ұлттық намысы ояна бастаған секілді, олар да мемлекеттік тілдің мерейі үстем болғанын қалайтынын сездіріп, мәселеге қазақша-орысша айтылған өткір сөздерімен қайта-қайта қатты шүйлікті.
Соның ішінде депутат Нұрлан Өнербаев Президент Н.Назарбаев бұдан бірнеше жыл бұрын айтқан қазақ тілінде ғана хабар тарататын телеарнаның әлі күнге ашылмағанына қынжылыс білдірді.
Одан кейін Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екі келісімді және Қазақстан мен Ресей арасындағы бір келісімді ратификациялау туралы заң жобасына қатысты жұмысты жалғастыруда дау туды. Осы заң жобаларының бәрі де мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде кеткен олқылықтарына байланысты қабылданбай, қаралу мерзімі созылып жатыр екен. Депутат Ерлан Нығматулин жұмысты одан әрі жалғастырмай, Үкіметке қайтару керектігін айтты. Біз қашанға дейін мемлекеттік тілде кеткен қателерді түзетумен айналысамыз, Үкімет оған жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмей отыр, сондықтан заң жобаларын дұрыс дайындау үшін тым болмаса бір рет кері қайтарайық, деді ол.
Депутат Шалатай Мырзахметов одан да әрі кетті. Ол осындай заң жобаларын дайындайтын министрліктерде қазақ тілінде таза сөйлеп әрі сауатты жаза алатын адамдар жоқтықтан келеңсіздіктерге жол бері-ліп отырғанын атап көрсетті. Кілең бір “бәленшенің қызы, түгеншенің ұлы” деп шенеуніктер мен бай-бағыландардың қалада өскен балаларын ғана осындай жерлерге жұмысқа алып, қазақшаны жақсы білетін ауыл балаларын ондайға жолатпаймыз. Соның кесірінен де мемлекеттік тілдің жағдайы ақсауда. Осы себепті мәселені жылдан-жылға ұзатпай, тілді таза білетін жастардан мамандар дайындау жағын қарастыру қажет. Біз Үкіметке сондай нақты ұсыныс жасайық. Сонда ғана мәселе түбегейлі шешілетін болады, деді депутат.
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бұл мәселенің орынды екенін ескертті. Заң жобасын қарауға алғаннан кейін, онымен жұмыс істеу парызымыз. Біз мұндай олқылықтары болған соң заң жобасын тіркеуге алмауымыз керек еді, деді Орал Байғонысұлы.
Бірақ депутат Рауан Шаекин барынша табанды позиция ұстанып, мемлекеттік тілге деген салғырттыққа қашанғы шыдаймыз, шала дайындалған заң жобаларын қайтсе де Үкіметке қайтару керек деп отырып алды. Бірақ оның ұсынысы дауысқа салынған кезде шағын айырмашылықпен ғана өтпей қалды. Сөйтіп, депутаттар осы отырыстан соң ендігі жерде мемлекеттік тілде олқылықтар кеткен заң жобаларына мұқият қарап, оларды тіпті қарау үшін тіркемейтін сияқты әсер қалдырды...
Жақсыбай САМРАТ.