Қазақстан • 24 Сәуір, 2020

Ғылмани хазіреті ажалдан қалай аман қалды?

2374 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1929 жылдың күзі.  Кеңес үкіметі дәулетті адамдардың мал-мүлкін кәмпескілеп, өздерін жер аударып көзін жойып жатқан кез. Одан қалды ел ішіндегі қожа-молдаларды тұтқындап, түрмеге тоғытып жатқан заман. Арқаның шұрайлы қоныстарының бірі – Ерейментаудың Төре ауылында мешіт пен медіресе бар еді. Бір күні ауылға сау етіп жетіп келген шолақ белсенділер мешітті құлатып, ойран салады. Бір қауіптің төнгенін аңдаған мешіт имамы бір түнде бала-шағасын алып, ауылдан қашып шығады.

Ғылмани хазіреті ажалдан қалай аман қалды?

Арқаның ұйтқып соққан күзгі желі жолаушылардың адымын кең аштырмай, тасбақа жүріспен жылжып келеді. Екінші тәулікте шұбырған топ Ақмола қаласына келіп кіреді. Аталас ағайынның ауласына арбасын доғарып, атын қаңтарып, байыз тапқан имам қонақасын жеп қоңыр шайға қанған соң, дәретін алып кешкі намазын өтеп болып жайнамаздан көтерілгені сол еді, есіктен түсі суық қызыл жағалы миллициялар кіріп келеді. Келді де, ай-шай жоқ имамды тұтқындайды.

Ақмола түрмесі. Имамның тас қабырғаға қамалғанына екі жылдың жүзі болды. Ұзақ тергеуден соң «мешіт-медіресе ұстаған жаңа үкімет саясатына қарсы үгіт жүргізген» дейтін баб бойынша ату жазасына үкім етілді. Бұндай үкімді естіген имам сабыр сақтап: «Әй, мүміндер! Қашан бір (жау) топпен қарсылассаңыздар мықты болыңдар да Алланы көп еске алыңдар, әрине құтыласыңдар» деген Құранның «Әнфал» сүресінің 45-ші аятын оқып отыра берді. Өйткені, бұл  пенде тағдырға толық иман келтірушілер сапынан болатын.

Имамның мұншалық сабыры мен көркем мінезіне таң қалған түрме күзетшілері ол кісіні еріксіз құрмет тұтатын болады. Бір камера да имаммен бірге қамауда тағы бір адам бар еді. Оның аты-жөні – Әбдікәрім  Мүсілімов болатын. Өзі дімкәс аурушаң жан еді. Имамға тағылған үкім орындалатын күннің түнінде қасындағы жолдасы Әбдікәрім қаза табады. Түрме күзетшілері нұр жүзді имамды өлімге қимай, «Молдеке сіз Алла Тағалаға шын берілген адам екенсіз, дін мұсылманға пайдаңыз тисін, біз сізді «өліп қалды» деп қағаз толтырамыз да,  мына өлген адамның құжатын сізге беріп, түрмеден шығарып жібереміз» дейді.

Дәл осылай жасайды. Әбдікәрім Мүсілімов деген атпен түрмеден босап шыққан имам өз елінен тұрақ таппай Омбы асып кетеді. Бұл кісі артынан Қазақстанның бас қазиы (мүфтиі) болған, атейстік жайлаған заманда дін үшін күрескен, үлкен ғалым, оқымысты тұлға – Садуақас Ғылмани болатын

Садуақас Ғылманұлы – 1890 жылы Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданының Малтабар ауылында туған екен. Садуақас алғашында ауыл молдасынан сабақ алған. Арықарай Ақмола маңында  Ақтамақ  халфе медресесіне 17 жасында келіп 6 жыл бойы сонда оқып, 1912 жылы молда атын алып, ауылына келіп, медресе ашып бала оқытқан. 1929 жылға дейін осы ісін жалғастырған.

Жоғарыда айтқанымыздай 1931 жылы түрмеден шығып Омбы өңіріне барған соң, 1946 жылға дейін қара жұмыс істеп күн көрген.  Соғыстан кейін өкімет мешіт ашуға ұлықсат берді дегенді естіп Ақмолаға келеді. Содан 1952 жылға дейін Ақмолада имам болып тұрды. 1953 жылы Алматы қаласы мешітінің қазиі Хабдығафар Шәмшиддинов ауыр науқастанып қалғандықтан сол кісінің орнына қазилыққа тағайындалды.

Қази сайланғаннан кейінгі өмірі ислам дінін қорғаумен, дін ғылымын дамытумен өткен. Атеистер дәуірлеп тұрған сонау 1970 жылдары  оларға қарсы: «Құран туралы жала мен өтіріктер» атты кітап жазады. Бұл кітабы «Ислам дінінің негізі – екі нәрсе», «Дін жаратылыстан ба, жоқ па?», «Исламды кім бастады?», «Ислам барлық пайғамбардың діні болған» деген секілді 114 тақырыптан құралған.

Екінші бір үлкен еңбегі – 980 бет һәм 5 томнан тұратын арабша-қазақша сөздігі.  Осы сөздікті 1946 жылы бастап, 1966 жылға дейін жазады. Бұған 108 мың 208 сөз қамтылған. Бұл бір адамның емес, бір институтқа жүк боларлық еңбек. Тағы бір еңбегі - билердің шешендік сөздері, ел ішіндегі атақты ақындардың өлеңдері, тарихи адамдардың өмірдеректерін қамтыған жазбасы. Осында 59 тұлғаның кейбірінің суреттерін де қоса сақтаған. Сонымен қатар қыруар өлең жазған. «Кәлилә мен Димна» секілді арабшадан аударған өлеңдері де баршылық.

Атақты арабтанушы Ақжан Машани өзінің «Абай мен әл-Фараби» атты кітабында С.Ғылмани туралы жүрекжарды сөзін айтқан. Онда өзінің араб тілін үйренуіне осы кісінің ұстаздық еткенін айтады.

Сәбет заманының дінсіз, құдайсыз қоғам болғанын қазір елестетудің өзі оңай емес. Ондай қоғамда діндар адам болып өмір сүрудің қандай қиын болғаны түсінікті. Ал сондай ортада қаптаған  атеистерден хақ  дінді қорғап, ара түсуге асқан қайрат пен қаһармандық  қажет екенін пайымдау қиын емес.

Алланың құдіретімен өлімнен аман қалып, онымен қоймай бүкіл ғұмырын ислам дінін насихаттау жолына арнаған, артына мол еңбек қалдырған атамыз 1972 жылы дүниеден өтіпті.