Сұхбат • 26 Сәуір, 2020

Ерлан Құсайын: Нығмет Нұрмақовтың тұғыры нығая түседі

1155 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 125 жыл толды. Бұл мерейлі дата Алаштың аяулы ұлының туған топырағы – Қарағанды облысында ескерусіз қалған жоқ.

Мысалы, күні кеше «Нығмет Нұрмақов – тарихи тұлға» атты  аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн режимінде ұйымдастырылып, мерейтой аясында өтуі тиіс іс-шаралардың көшін бастап берді.

Осы орайда, аталған алқалы жиынды ұйымдастырушылардың бірі, Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құсайынға жолығып, қайраткер тұлғаның өмір тарихына қысқаша шолу жасап, оның қазақ халқына жасаған жақсы істерінің насихатталу барысы жайында әңгімелескен едік.

Ерлан Құсайын: Нығмет Нұрмақовтың тұғыры нығая түседі

– Алаштың аяулы ұлдарының бірі Нығмет Нұрмақовтың кір жуып, кіндік кескен топырағы, өскен ортасы оның мақсаты биік мемлекетшіл тұлға ретінде қалыптасуына қандай әсерін тигізді деп ойлайсыз?

– Кез келген адамның тұлға ретінде қалыптасып, ізгілік жолында еңбек етіп, тағылымды ғұмыр кешуіне оның өмір жолында кездескен адамдардың айтарлықтай ықпалы бар. Бұл туралы хакім Абайдың «Адамның жеке тұлға болып қалыптасуына оның ата­-анасы, достары һәм ұстазы әсер етеді. Егер біреуі дұрыс болмаса, тәрбиесі шала болады», деген мағынадағы тағылымды сөзі бар. Осы аталған үш талаптың да Нығмет ағамыздың өмірінде түгел болғанын оның өмір тарихынан жақсы білеміз.

Болашақ қайраткер Қазыбек бидей алыпты туғызған киелі өлкеде дүние есігін ашып, әкесі Нұрмақ ақсақалдың тәрбиесін көріп, ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының әңгімелерін тыңдап өседі. Нұрмақ ақсақал алдына «Қайтсем де, осы баламды еліне қызмет ететін азамат қылып тәрбиелеймін», деп мақсат қойған екен. Ал, енді, ұстаздары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алыптар болса, үзеңгілестері мен замандастары – Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов секілді біртуар тұлғалар. Осы тұрғыда, қай жағынан алып қарасақ та, Нығмет атамыздың осал болуға хақысы жоқ еді.

Ұлттық тәрбие қайнарына бойлап, асыл қасиеттерді санасына сіңіріп өскен ол ғұмырының соңына дейін бастапқы бағытынан тайған жоқ. Оның өте ізденімпаз, алғыр, талапты, жан­-жақты сауатты, кең жүректі, елім десе емешегі үзіліп тұратын «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болғаны аян.

– Нығмет Нұрмақовтың көшбасшылық қасиеттерінің айқындалып, саяси көзқарасының қалыптасуына және нығаюына ықпалы тиген қайраткерлердің ішінен кімдерді ерекше атар едіңіз?

– Нығмет Нұрмақов 1911 жылы Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толуына орай, Омбыда өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне Қу болысының атақты байы Ақайдың Қасенінің хатшысы әрі ұлттық дәстүрдің қыр-­сырын түсіндіретін аудармашы ретінде барады. Сол жолы Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанинмен, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшыл­-демократ Александр Седельниковпен танысып, кейін олар оның Омбы семинариясына түсуіне көмектеседі.

Семинарияда оқып жүргенде Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әбілқайыр Досов сияқты қайраткерлермен жақын араласып, бәрі бірге «Бірлік» атты мәдени­-ағарту ұйымын құрады. Ұйым мүшелері Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы үгіт­-насихат жұмысын жүргізіп, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру мақсатында түрлі шаралар өткізуді қолға алады. Оның көшбасшылық қасиеттері айқындалып, саяси көзқарасы қалыптасады әрі нығая түседі. Сол кездерден елдегі бетке ұстар тұлғалармен етене араласып, иық тіресе жүріп еңбек еткен.

1920 жылдан бастап Қарқаралыда, содан соң Семейде уездік, губерниялық атқару комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтерде істеген. Баспасөзде де батыл еңбек етіп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды.

1922 жылы Орынбордағы Қазақ өлкелік партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары, осы жылы қазан айында өткен бүкілқазақтық кеңестердің ІІІ съезінде Қазақ Атқару комитеті төралқасының құрамына сайланып, өзіне жүктелген Жоғары Революциялық трибуналды басқару міндетін абыроймен атқарған. Қазақ трибуналы 1923 жылғы 19 ақпанда РКФСР Жоғарғы сотының қазақ бөлімі болып құрылған тұста төрағалыққа тағы да Нығмет Нұрмақов бекітіледі.

Енді, Жоғары Революциялық трибунал жұмысының қаншалықты жауапты екеніне қысқаша тоқталайық. КСРО көлеміндегі революциялық күрделі кезеңде тергеу ісі, прокуратура қызметі және сот міндетін осы трибунал ұйымы жеке­-дара атқарған. Оны басқару үш органның да салалық қызмет ерекшеліктерін жетік білетін Нығмет Нұрмақовтың маңдайына жазылған еді.

Ол 1923 жылдың мамыр айында Қазақ АКСР Әділет комиссары қызметіне тағайындалады және сол жылдың күзіне дейін Сот төрағасы қызметін қоса атқарады.

– Нығмет Нұрмақовтың Қазақ АКСР-інің заң  шығару ісінің негізін қалағаны өз алдына, сонымен қатар ол еліміздің саяси-экономикалық тұрғыда дамуы мен құқық саласының нығаюына, мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосты емес пе? 

– Иә, ол рас. Нығмет Нұрмақов 1924 жылдан өлкелік партия комитеті үгіт­-насихат бөлімінің меңгерушісі, Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сол жылдары орындалуға жіберілген мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Нығмет Нұрмақовтың қолы болды.

Осы жылдары Қазақстанның халық шаруашылығы өсіп, өндірісі қарыштап дамыды. Ол Қазақстан Үкіметінің басшысы ретінде құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-­ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді маңызды міндеттерді ұтымды орындап, түрлі салалардың ілгерілеуіне үлкен еңбек сіңірді.

1924 жылы Қазақ АКСР-­і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал 1929 жылы Алматыға көшіру, еліміздің тұңғыш Конституциясының жобасын әзірлеу, қазақ әліпбиін құрастыру, алғашқы қазақ драма театрын ашу сынды өзекті мәселелердің басы­-қасында жүріп, орнықты орындалуын тікелей қадағалап отырды.

Кейін Нығмет Нұрмақов Филипп Голощекиннің оспадар саясатына ашық қарсы шығып, араларындағы пікір қайшылығы өршуіне байланысты Үкімет басшысы қызметінен босатылып, Мәскеуге БК(Б)П ОК жанындағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі.

Сәкен Сейфуллин Үкімет басшылығынан кетерде, орнына Нығмет Нұрмақовты ұсынуы, әрине, оның қарым-қабілетіне деген селкеусіз сенімінің айғағы болса керек.

Қайраткер азамат бүкілодақтық Атқару Комитеті хатшысының орынбасары және аз ұлттар бөлімінің меңгерушісі болған тұста да, сол саланың дамуына үлкен үлес қосты.

Саяси қуғын-­сүргін жылдары «тұзаққа» алғашқылардың бірі болып ілінген боздақ 1937 жылдың 3 маусымында Мәскеудегі пәтерінде тұтқындалып, сол жылы 27 қыркүйекте 42 жасында атылды. «Айыбын мойнына алды» деп көрсетіліп, «үштік» үкімінің құрбаны болған қайран ердің тағдыры бар болғаны 15 минутта шешіліпті. Нығмет Нұрмақов 1958 жылдың 11 тамызында КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ақталды.

– Қазаққа, оның мемлекеттілігінің құрылып, нығаюына еңбегі ерекше сіңген есіл ердің 125 жылдық мерейтойын атап өту ісінде қандай шаруаларға баса маңыз беріледі?

– Біртуар тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орай, Қарағанды облысында жоспарланған бірқатар іс-шараларды бастап та кеттік. Мысалы, таяуда оның өмірі мен қызметіне арналған облыстық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Алдағы уақытта деректі фильм түсіру, салтанатты жиын мен мерекелік концерт ұйымдастыру, Қарқаралыдағы Нығмет Нұрмақов атындағы көшені абаттандыру, өнегелі өмір жолы туралы баяндайтын кітап шығару, Нығмет Нұрмақов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған маман дандырылған мектеп­-интернат ғимаратының алдына мүсінін орнату, қалалар мен аудандарда тақырыптық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конкурстар, семинарлар және басқа да түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда бар. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты айдарлар ашу, мерейтой аясындағы іс-­шаралар туралы жарияланымдар ұйымдастыру, мұражайлар мен кітапханаларда кітап көрмелерін, арнайы экспозициялар ашу және «Нығметтану» марафонын өткізу сияқты көптеген маңызды іс-шаралар жүзеге асырылмақшы. Яғни, Нығмет Нұрмақовтың артына қалдырған мол мұрасы терең зерттеліп, лайықты түрде насихатталып, оның тарих сахнасындағы биік тұғыры нығая түседі деген берік сенім бар.

Нығмет Нұрмақов заң саласы, прокуратура, сот органдарының бастауында тұрғандықтан, аталған органдардың тікелей қатысуымен алдағы уақытта конференциялар, «Нұрмақовтану» дәрістерін ұйымдастыру ойда бар. Сонымен қатар, айтулы тұлғаның қазақ даласының дамуына жан бітірген атақты Түрксіб темір жолының салынуына да айрықша үлес қосқанын есте ұстауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы да мемлекетшіл тұлғаның мерейтойына үн қосса деген тілек бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жемісін береді деген ойдамын.

Жалпы, Нығмет Нұрмақов бір ғана Қарқаралының немесе Қарағанды өңірінің перзенті емес, ол – бар қазаққа ортақ тұлға. Сондықтан, саналы ғұмырын ұлтының қажетіне сарп еткен есіл ердің есімі мерейтой аясында еліміздің әр бұрышында аталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді!

Бұл міндеттерді жалпы қоғамдастықпен бірлесе атқаруға күш салатын боламыз. Ел мүддесіне өлшеусіз еңбек сіңірген Нығмет Нұрмақовтың жарқын істері мен есімі ел жадында мәңгі қалары сөзсіз. Өйткені, ол – күрделі кезеңде өмір сүргеніне қарамастан, өзіне сеніп тапсырылған жоғары лауазымды қызметтердегі мүмкіндігін тек халық игілігіне бағыттай білген, туған халқы үшін қараңғыда жанған шырақтай болған қайраткер тұлға.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ