Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында басылған жинақта қазақтан шыққан 4 қаһарман – даңқты ұшқыштар Талғат Бигелдинов пен Хиуаз Доспанова, барлаушы Бимағамбет Абдолов пен минометші Садық Жақсығұловтың тағдыры топтастырылған.
ХХ ғасырдың басты оқиғасы, жарты әлемді қанға бөктірген Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы кезінде совет әдебиетінің басты нысанасы болғаны рас. Бірақ тәуелсіздік алғалы құндылықтар өзгерді. Ұлы Отан соғысы туралы жазғанда советтік идеологияның баттасқан бояуынан арылып, өлім мен өмір арасындағы адам тағдыры, жеке кейіпкердің шынайы жан тебіренісі, әлеуметтік әділетсіздік жиі көтерілетін болды. Бірақ қалай болғанда да 1941-1945 жылдардағы қанды қасап жылы жауып қоятын тақырып емес. Қаламгер қауым жиі-жиі ат басын бұрып, адамзат үшін маңызы бар мәселелерді көтеруге таптырмайтын алаң дер едік.
Бүгінде майдангерлер аз қалды. Осы кітапқа кейіпкер болған төрт батыр да арамызда жоқ екен. Бұлармен тікелей араласып, естеліктерін өз құлағымен тыңдаған автордың өзі биыл 80 жасқа толып отыр. Өз әкесі Нұрышқали 1944 жылы қан майданда қаза тапқанда Айтқали Нәріков төрт-ақ жаста екен. Өзі айтқандай, майдангердің ұлы майдан тақырыбын жанымен де, тәнімен де меңгергені осы жинақтың бас-аяғынан анық байқалады.
- Соғыс, жеңіс тақырыбында жаза бастағаныма елу жылдай болды. Майдангерлер туралы очерк, деректі әңгімелерім «Жұлдыз», «Ақиқат» журналдары мен республикалық газет беттерінде көп жылдан бері жарияланып келеді. Әр жылдары «Мен – майдангер ұлымын», «Жайықтың жарық жұлдыздары», «Садық Жақсығұлов» т.б. кітаптарым жарық көрді, - дейді автор. Шынында да Ұлы Отан соғысы тақырыбын дәл осындай жүйелі жазып, өнімді еңбек еткен қазақ қаламгері некен-саяқ шығар.
Бір қызығы, автор «Аспандағы арпалыс» және «Қанатты қыз» повестерін бірінші жақтан жазыпты. Яғни көк жүзіндегі көп оқиға, қас пен көздің арасындағы шешім, қорқыныш пен батылдық кейіпкердің өз атынан баяндалады. Повесте суреттелетін оқиғалардың шынайылығы сонда, оқырманды үйіріп алып кетеді. Қазақ тілінде баламасы аз техникалық терминдер, әуе ұрысының эпизодтары шебер жеткізіледі. Қаламгер қиялы, жазушылық түйсік осы оқиғалардың бәрін өз басынан өткергені сезіледі.
Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов пен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова қалың қазақ жұртына жақсы таныс болғанымен, жинақтағы қос кейіпкерді батысқазақстандықтардан басқалар тани бермейді. Майдандағы теңдессіз ерлігі үшін минометші Садық Жақсығұлов – 1944 жылы, Бимағамбет Абдолов – 1945 жылы Совет Одағының батыры алған, шынайы ерлер болатын. Екеуі де ұзақ өмір сүріп, Тәуелсіз Қазақстанның жемісін жеп кеткен ардагерлер. Автор бұл кісілермен жиі араласып, арнайы жолығып, естелігін өз аузынан жазып алған. Сонымен бірге бұл повестердің өн бойында қосымша материалдар – Ұлы Отан соғысы туралы архив құжаттары, қолбасылардың естеліктері кеңінен пайдаланылған. Өте шынайы, оқыған адамның рухын көтеріп, ерлік ісіне сүйсіндіретін шығармалар. Мұны осы кітапқа қолдау білдіріп, алғысөз жазған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те байқапты.
«Автор повестерінде кейіпкерлерінің қан майдандағы ерліктерін шынайы баяндайды. Өзің сол бір қиян-кескі шайқастарға қатысқандай әсерде боласың. Жауынгерлердің болашаққа деген сенімі соншалық мықты болғанына қайран қаласың. Отансүйгіш рухтың күштілігі алдында бас иесің! Бір сөзбен айтқанда, кітап өте құнды» деп жазады өңір басшысы.
Бұл кітап Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығына арналған шаралар шоғырының жоспарына кіргені өз алдына, облыс аумағындағы барлық үлкен-кіші кітапханаға тегін таратылғалы жатыр. Өз ойымызша, ерлікті насихаттайтын, патриоттық тәрбие беретін мұндай жинақты Қазақстан аумағындағы барлық әскери гарнизондардың кітапханаларына, әскери оқу орындарына да таратса, артық болмас еді.
Бүгінгі карантин жағдайында қалың жұрт жиналған көпшілік шараларды өткізу тоқтағанымен, кітап оқуға ешкім тиым салған жоқ қой. Ендеше, майдангер ұлының майдан туралы шығармасы – қазіргі күнгі ең өтімді сыйлық болды. Бұл – күндей күркіреп өткен соғыс қаһармандарына сөз құдіретімен соғылған жаңа ескерткіш.
Батыс Қазақстан