Онда облыс орталығынан 260 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ақтерек ауылындағы студент жастардың жанайқайы айтылған еді. Атап айтқанда, алыстағы ауылда ұялы байланыс пен интернет желісінің жоқтығынан Қарағандының колледждерінде оқитын жастардың төтенше жағдай режимінің тәртібі бойынша қашықтан оқи алмай отырғаны мақалаға арқау болған-ды. Сондай-ақ, ол жазбада аталған ауылдың 41 тұрғыны қол қойып, Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаевқа жолдаған өтініш хат туралы да сөз қозғалған еді. Хатта ақтеректік ата-аналар интернеттің игілігіне қол жеткізе алмай, сол себепті оқушы және студент балаларының қашықтан оқи алмай отырғанын жазып, аудан басшысынан шиеленіскен мәселенің түйінін шешуге көмектесуін сұраған болатын.
Таяуда, «Жазылған жайдың жаңғырығы» болып, аталған мақалаға жауап хат келді. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары С.Әлиұлы қол қойған бұл құжатта аудандық білім бөлімінің бастығы, Қарағайлы кентінің әкімі және «Қазақтелеком» мекемесінің өкілдері Ақтерек ауылында тұратын колледж студенттерінің ата-аналарымен кездескені және мәселенің шешу жолдарының қалай қарастырылып жатқаны егжей-тегжей баяндалған.
Жалпы, Ақтерек ауылындағы №26 жалпы орта білім беретін мектепте барлығы 37 оқушы оқиды екен. Оның ішінде 23 оқушы төменгі сыныптарда білім алса, қалғаны 5-9-сыныптардың оқушылары.
«Мектепте SkyEdge 4 Мбит/с спутниктік интернет жүйесі бар, ол оқу процессі мен электрондық журналды толтыру процессін қамтамасыз етіп тұр.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №123, 04/01/2020 және №135, 04.08.08 ж. бұйрықтары және облыстық мемлекеттік басқарманың 04.06.2010 жылғы №80-1/НҚ бұйрықтары негізінде осы мектептің оқушылары үшін арнайы дайындалған жоспарларды тарату түрінде қашықтықтан оқыту ұйымдастырылды. Оқушыларға қағаз жүзіндегі тапсырмаларды мектеп қызметкерлері жеткізіп, байланыс орнатылған», деп жазылған жауап хатта.
Сонымен қатар, ауыл балалары «Балапан» және «Қазақстан» телеарналарының теледидарлық бағдарламалары арқылы да сабақ оқиды екен. Ал ауылдағы студенттерге мектептегі интернетті пайдалануға мүмкіндік беріліпті. Тек, қашықтан оқыту, тапсырмаларды орындау және кері байланыс орнату үшін қолданыстағы интернет жылдамдығы жеткіліксіз көрінеді. Ауылдағы студенттердің интернет толқынын қуып, тауға өрмелеп кеткені де содан болса керек.
Ескере кететін бір жайт, Ақтерек ауылындағы 14 терминалдың сегізі істен шығып, жөндеуге келмегендіктен үй иелері интернет желісін ағытып тастаған. Ал аудандық әкімдіктегілердің сөзіне қарағанда, мұндай қондырғылар өндірісте жоқ екен...
«Қазіргі таңда «Қазақтелеком» бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Әзірше, ауылда студенттері бар төрт үйге «Қазақтелеком» өз күшімен төрт терминал тауып, оларды орнату жұмыстарын қарастырып жатыр. Сонда, ауылда 10 үйде және мектепте интернет болады. Яғни, жалпы сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік жасалады. Қосылған интернет қондырғылардың техникалық мүмкіндігі студенттердің тапсырмаларын орындауға және WatsApp, басқа мессенджерлер арқылы кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», дейді жергілікті әкімдік өкілдері.
Бұдан бөлек, әкімдік тарапынан болған ұсыныс бойынша колледждердің әкімшілігі студенттерге қашықтан оқытуға арналған тапсырмаларды «Қазпошта» және №26 мектепке электронды пошта арқылы жіберуге келіскен екен. Хатта айтылғандай, ата-аналар мен оқушылар бұл мәселенің ұсынылған шешімдерімен толықтай келісіпті.
Жоғарыда аталған мақала жарық көргеннен кейін Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаевтың «Егеменді Қазақстан» газетінің облыстағы қосынына хабарласып, мән-жайға өз тарапынан толыққанды түсінік бергенін де айта кеткен ләзім. Карантиннің жағдайында ғана емес, жалпы алдағы уақытта аудандағы ауылдық жерлердің барлығын интернетпен қамтамасыз ету – біздің басым бағыттағы міндетіміз. Осы бағытта біз нақты нәтиже беретін жобаларды қарастыру үстіндеміз. Ал Ақтерекке келсек, ол ауылдың мәселесі толықтай шешілгенше біздің жіті назарымызда болады», деп сендірді Қарқаралы ауданының әкімі.